Карантин шаралары жеңілдетіледі
Елімізде 17 тамыздан бастап, карантин шаралары жеңілдетіледі. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қазіргі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын қарау барысында мәлім болды.
Мемлекеттік комиссия аймақ әкімдері ұсынған деректер мен Денсаулық сақтау министрлігі ұсыныстарын ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті. Атап айтсақ, 17 тамыздан барлық өңірлерде адам санын шектей отырып, жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілері қызмет түрлерінің тізімі бекітілді.
Олардың қатарында сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар, бассейні жоқ фитнес орталықтары, моншалар мен сауналар, балаларға арналған түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары, ашық ауадағы аттракциондар бар. Жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80 пайызына қашықтықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылғанын да айта кету керек.
Одан бөлек, 17 тамыздан ашық ауада жеке және топтық жаттығуларға және ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығулар жасауға рұқсат етіледі.
Шектеулер алынатынына қарамастан, ойын-сауық, спорттық, отбасылық салтанатты жиындар мен басқа да бұқаралық іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ, барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкордтардың, кинотеатрлардың, балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына, мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге, бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің, діни нысандардың жұмысына, қала маңындағы жолаушылар пойыздарының қозғалысына, қалааралық автобустарға (микроавтобустарды қоспағанда) салынған тыйым сақталады.
Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары күшінде қалады.
– Бетперде кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтау – барлық адамдар үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талап, бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережеге айналуы қажет. Бизнес субъектілерінің қызметін олар талапқа толық дайын болған жағдайда ғана қайта бастау қажет, – деді Үкімет басшысы.
Жәлел ШАЛҚАР.