Жезқазғанға қамқорлық күшейеді

Жезқазғандықтардың көп жылдық су мәселесі аяқталу сатысында. Қалада қосымша су құбырының құрылысы аяқталады. Оның іске қосылуы халықты сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарының барысын Жеңіс Қасымбек Жезқазған өңіріне жұмыс сапары кезінде тексеріп қайтты.

Аймақтағы қосымша су құбырын салу бойынша міндеттемелерді Қазақмыс корпорациясы өз мойнына алды. Өткен жылдың соңында облыс әкімдігімен бірлесіп осындай шешімге келген болатын. Құрылысшылардың айтуынша, оларға тағы бір ай қажет, сонан соң нысанды пайдалануға беруге болады.

— Өткен жылы суға қатысты проблемалар болды, тұрғындар бір аптадан аса сусыз отырды. Сол кезде біз Қазақмыспен Кеңгір су қоймасынан резервтік су құбырын салу қажет деген ортақ пікірге келдік. Бүгінде құрылысшылар соңғы учаскені аяқтауда, оларға 3-4 апта уақыт қажет. Қалада үздіксіз су таратуға қатысты қиындықтар болмайды, — деп хабарлады Қарағанды облысының әкімі.

Бұдан басқа, қазір Жезқазғанда Есқұла су құбырының жобасы қатар жүргзілуде. Ол Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, оның қайта жаңартылуын бірнеше жыл бұрын аяқтау жоспарланған болатын. Алайда, қаражаттың жетіспеушілігінен жұмыс ұзақ уақытқа созылды. Биылғы жылы Үкіметтің қолдауымен және «Қазақмыстың» белсенді қатысуымен қаржы мәселесі шешілді.

Сондай-ақ Қазақмыс компаниясы Үйтас-Айдос су құбырын 2024 жылға дейін қайта жаңарту бойынша жобалауды бастады.

Жезқазған қаласында облыс әкімі бірқатар нысандарды, соның ішінде «TrikSat» тігін-тоқу цехын аралады, жол өтпесінің құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Бұл нысан «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Облыс әкімі болашақ дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына да барып қайтты. Жаңа спорттық мекеме келушілерге өз есігін келесі жылы ашады. Мұнда бассейн, күрес залы, хореография залы, спорт залы болады.

Жеңіс Қасымбек жұмыс сапасына нұқсан келтірместен, кестеден ауытқымауды тапсырды.