Бас тақырыпЖаңалықтар

Азаттықтың алғашқы ақиқаты

1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында Кеңес Одағын жайлаған терең әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарыс алып мемлекеттің ыдырауын жеделдете түсті. Ел ішіндегі саяси ахуалдың шиеленісуі, одақтас республикаларда ұлтаралық қақтығыстардың өршуі, ұлттық сананың оянуы мен республикалардың дербестікке ұмтылысы тарихта «егемендіктер шеруі» деген атауға ие болған үдерістің басталуына түрткі болды. «Егемендіктер шеруі» ұғымы алғаш рет 1990 жылдың соңында халық депутаттарының съезінде қолданысқа еніп, КСРО құрамындағы республикалардың заң жүзінде егемендікке қол жеткізуге бағытталған қадамдарын сипаттау үшін пайдаланылды. Содан бері бұл тіркес саяси лексикадан берік орын алды.

Коллажды жасаған Арайлым КӨКТАЕВА

Тарихи тұрғыдан алғанда, «егемендіктер шеруі» – одақтас республикалардың өз заңдарының КСРО заңдарынан жоғары тұратынын жариялауы салдарынан орталық билік пен республикалар арасында туындаған саяси-құқықтық қайшылықтар кезеңі. Мұндай ұстаным сол кезде күшінде болған КСРО-ның 1977 жылғы Конституциясына қайшы келді. Сондықтан, бұл үдеріс «заңдар соғысы» деп те аталды. Яғни, республикалық заңнамалар мен одақтық заңдар арасында ашық қайшылық пайда болды.

Алайда «егемендіктер шеруінің» түпкі себебі заңдардың өзара қайшылығында ғана жатқан жоқ. Оның негізінде Кеңес Одағын тұтастай шарпыған жүйелі дағдарыс тұрды. Экономикалық тоқырау, саяси жүйенің әлсіреуі және ұлттық қозғалыстардың күшеюі жағдайында Мәскеудегі орталық билік одақтас республикаларды бұрынғыдай бір орталыққа бағындырып ұстап тұра алмады. Сөйтіп, КСРО-ның тұтастығын сақтауға дәрменсіз күйге түсті.

Бұл тарихи өзгерістердің алғашқы белгілері 1988-1989 жылдары айқын көріне бастады. 1988 жылдың маусымында өткен XIX партия конференциясында Эстон КСР-інің делегациясы әлеуметтік, саяси және экономикалық салалардағы өкілеттіктерді республикалық билік органдарына беруді ұсынды. Алайда, Мәскеу бұл ұсынысқа құлақ аспады. Соған қарамастан, сол жылдың қарашасында Эстон КСР Жоғарғы Кеңесі Эстонияның егемендігі туралы декларация қабылдап, республикалық заңдардың одақтық заңдардан басымдығын жариялады.

1989 жылы Балтық жағалауындағы тағы екі республика мен Әзербайжан да осы бағытта нақты қадам жасады.

Атап айтқанда, 26 мамырда Литва КСР-і, 28 шілдеде Латвия КСР-і, ал, 23 қыркүйекте Әзербайжан КСР-і егемендік туралы Декларацияларын қабылдады.

1990 жылдың мамыры мен тамызы аралығында егемендікке ұмтылыс бұрынғыдан да кең қанат жайды. Осы кезеңде тағы тоғыз одақтас республика егемендік туралы декларация қабылдады. Олардың кейбірі тәуелсіздікке қол жеткізу ниетін де ашық білдірді.

Егемендік туралы Декларацияны соңғылардың бірі болып қабылдаған Қазақ КСР-і өзге республикалардың оң тәжірибесімен қатар, жіберген қателіктерін де ескеруге тырысты. Олардың қабылдаған құжаттарындағы ең ұтымды тұжырымдар мен тиімді құқықтық қағидаларды саралады. Өйткені, Кеңес Одағының тарихында мұндай сипаттағы құжаттарды әзірлеу тәжірибесі бұрын болмаған еді. Сондықтан, Қазақстанда Декларацияны дайындау жұмысы жан-жақты ойластырылып, барынша байыппен жүргізілді. Мұндағы басты мақсаттардың бірі – ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеу, қоғамды үлкен күйзеліске түсіретін, ел ішіндегі татулыққа сызат түсіретін ауыр зардаптардың алдын алу болатын.

Егемендік туралы Декларацияларды қабылдау кезінде көптеген одақтас республикада қызу пікірталастар мен өткір саяси тартыстар өрбіді. Мұндай жағдай Қазақ КСР-іне де тән болды. Қоғамдағы ахуал едәуір шиеленісіп, Декларация мәтіні төңірегіндегі талқылаулар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде кеңінен өріс алды.

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның жобасын, яғни, жаңа конституциялық сипаттағы актіні әзірлеуге бес айға жуық уақыт жұмсалды. Жоғарғы Кеңестің қарауына құжаттың төрт түрлі нұсқасы ұсынылды. Соның бірі негізгі жұмыс нұсқасы ретінде таңдалып, оны депутаттар мен ғалымдардан құралған үлкен топ әзірледі. Жобаны дайындауға белсене атсалысқан негізгі тұлғалардың бірі – Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зиманов еді.

Негізгі жоба Жоғарғы Кеңестің комитеттерінде, Президент Кеңесінің жұмыс топтарында және үкіметте бірнеше мәрте талқыланды. Ал, қалған нұсқаларды қоғамдық ұйымдар мен депутаттық топтар ұсынды. Олардың қатарында «Демократиялық Қазақстан», «Қазақстанның азаматтық қозғалысы» және «Бірлік үшін қозғалыс» болды.

«Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның балама жобасын әзірлеп, оған көлемді түсіндірме жазба қоса ұсынды.

1990 жылғы 15 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы басталып, оның күн тәртібіне Декларация жобаларын талқылау мәселесі қойылды. Парламент төрағасы «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасы туралы» баяндамасында құжаттың негізгі нұсқасын ұсынды.

Жобаларды талқылау қызу пікірталасқа ұласып, екі күнге созылды. Депутаттар Декларацияның негізгі және балама нұсқаларын қарастырды. Екі жобаның ұстанымдары бір-біріне мүлде қарама-қайшы еді.

Негізгі жобада республиканың ұлттық мемлекеттілігін сақтай отырып, КСРО-ның орнына құрылуы көзделген Егемен мемлекеттер одағы аясында тәуелсіз даму идеясы қорғалды. Ал, балама жобада ұлттық мемлекеттіліктің қажеттілігі жоққа шығарылып, оның орнына құқықтық мемлекет құру тұжырымдамасы алға тартылды.

«Демократиялық Қазақстан» тобының өкілдері негізгі жобадағы бірқатар тұжырымды қабылдауға болмайтынын мәлімдеп, құжат мәтінінен «ұлттық мемлекеттілік» туралы ережелерді алып тастауды талап етті. Балама жобаға қоса берілген түсіндірме жазбада «ұлттық мемлекеттілік пен құқықтық мемлекет бір-бірімен үйлеспейді», «ұлттық мемлекеттілік өзінің тарихи мәнін жоғалтты», «этностық құрамы аралас қоғамда ұлттық мемлекеттілік қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыру ауыр әрі орны толмас зардаптарға әкеледі» деген пікірлер айтылды.

Кейін депутаттардың естеліктерінде айтылғандай, талқылау барысында әсіресе, екі мәселе төңірегінде пікірлер қатты қайшылыққа түсті. Оның біріншісі – республиканың мемлекеттік тілі туралы мәселе болса, екіншісі – Қазақстан егемендігінің иесі әрі мемлекеттік биліктің қайнар көзі кім болуға тиіс деген сауал еді.

Мемлекеттік тілге қатысты мәселе ақырында Декларацияның соңғы нұсқасынан алынып тасталды. Әйтсе де, құжат талқыланғанға дейін бір жылға жуық уақыт бұрын, 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» Заң қабылданған болатын. Аталған заң бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланып, орыс тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі берілген еді. Соған қарамастан, тіл мәселесіне қатысты пікірталастар депутаттар арасында да, қоғам ішінде де әлі толастамаған болатын.

Ал, екінші мәселе бойынша ұлттық бағыттағы оппозиция Қазақстан егемендігінің иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі қазақ халқы екенін Декларацияда нақты бекітуді ұсынды. Алайда, делегаттар бұл тұжырымды қабылдамады.

Нәтижесінде Декларация мәтініне «Республикадағы барлық ұлт өкілдерінен құралған азаматтар Қазақстан халқын құрайды және ол Қазақ КСР-індегі егемендіктің бірден-бір иесі әрі мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады» деген қағида енгізілді.

Декларация жобасын пысықтау үшін академик, заң ғылымдарының докторы Салық Зимановтың жетекшілігімен Парламенттің 25 депутаты кірген өкілді комиссия құрылды. Жоба әзірленіп жатқан кезеңде Жоғарғы Кеңес пен комиссияның атына көптеген хат, ұжымдық үндеу және жеделхат келіп түсті. Комиссия мүшелері олардың әрқайсысын мұқият зерделеп, құжатты жетілдіру барысында назарға алды.

Осылайша, сан алуан көзқарас тоғысқан күрделі жұмыс пен толассыз пікірталастардың нәтижесінде Декларация жобасының толықтырылған әрі пысықталған нұсқасы дайындалды. Ол 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысына ұсынылды.

Депутаттар құжат жобасын алты сағат бойы егжей-тегжейлі талқылады. Ақырында көпшілік дауыспен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация Қазақстанның дербес әрі егемен мемлекет ретіндегі мәртебесін айқындаған, ел тарихындағы конституциялық маңызы бар алғашқы акт болды. Оның қабылдануы тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру жолындағы алғашқы кезеңнің басталғанын білдірді. Сонымен бірге, республиканың Кеңес Одағы құрамындағы саяси-құқықтық мәртебесіне түбегейлі өзгерістер енгізді.

Тұңғыш рет конституциялық деңгейде Қазақ КСР Конституциясының жоғары заңдық күші бекітілді. Осылайша, Декларация Қазақстан Республикасының дербес конституциялық заңнамасының негізін қалаған алғашқы конституциялық актіге айналды.

Декларацияның орны мен рөлін, тарихи маңызын бағалау мәселесінде құқықтанушы ғалымдар арасында 1990 жылдары да, бүгінгі күнге дейін де екі түрлі көзқарас қалыптасқан.

Бірқатар қазақстандық заңгерлер Декларацияны Кеңес Одағындағы билікті орталықсыздандыруға бағытталған әрекет, яғни, болашаққа арналған ниеттерді білдіретін құжат ретінде қарастырды. Бұл пікірді жақтаушылар Декларация Қазақстанның мемлекеттік құрылысына елеулі өзгеріс әкелген жоқ деп есептеді. Сондықтан оны тәуелсіздік пен социалистік емес мемлекет құру идеяларын қамтыған акт деп тануға болмайды деген ұстанымда болды.

Ал, екінші көзқарасты ұстанған ғалымдар Декларация Қазақстанның тәуелсіздікке және социалистік емес даму жолына бет бұруына негіз қалады деп санады.

Академик С.Зиманов бұл құжаттың тарихи мәнін ерекше бағалады. Ғалымның пайымдауынша, «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» – конституциялық маңызы бар тарихи акт. Оның Қазақстан тарихындағы орны айрықша.

Біріншіден, Декларация республиканың саяси дамуының шешуші кезеңінде, Қазақстан өзінің сыртқы байланыстардағы орнын және ел ішіндегі тағдырын өзі айқындайтын «тәуелсіз республика» ретінде таныла бастаған тұста, жоғары өкілді әрі бірден-бір заң шығарушы орган – Парламент (Жоғарғы Кеңес) тарапынан қабылданды.

Екіншіден, құжатта ел мен халықтың өмір сүруі және дамуы үшін тұтас жүйенің іргетасын құрайтын аса маңызды мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік жария етілді.

Үшіншіден, Декларация қазақ халқының талай ұрпағы ғасырлар бойы аңсаған арманын алғаш рет заң жүзінде бекітті.

Қазақстанның көрнекті құқықтанушы ғалымы, заң ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Сапарғалиев те Декларацияның құқықтық табиғатына ерекше мән берді. Ол бұл құжатты жай ғана ниеттерді жариялаған мәлімдеме деп қарастыруға болмайтынын, оның нормативтік және құқықтық сипаты болғанын атап көрсетті.

Қазақстанның конституциялық заңнамасын зерделеу мен талдау 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» ел тарихындағы орны мен маңызын айқындауға мүмкіндік береді. Бұл құжат Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін қалыптастыру жолындағы мемлекеттік-құқықтық жүйе дамуының алғашқы кезеңіне негіз қалаған іргелі заңнамалық акт болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні болып жарияланды.

Зәуреш САҚТАҒАНОВА
тарих ғылымдарының докторы
профессор Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының директоры

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button