Спорт

«Ақжайық» айыл жиғызбады

Қарағанды қаласында «Шахтер» Оралдың «Ақжайығымен»  кездесті. Ойынның алғашқы кезеңінде-ақ қонақтар тым ширақ қимылдап, бірнеше рет кеншілер қақпасының алдына ала допты алып келді. «Ақжайық» командасының қарқыны кешегі «Мақтаарал», «Тараз» командаларынан әлдеқайда жоғары. Бұған қарағандылық футбол жанкүйерлері куә.Алаң ортасына ала доп тасталысымен «Ақжайықтың» команда капитаны Бауыржан Омаров пен ең үздік ойыншыларының бірі Иван Антипов кеншілер қақпасына бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Алайда, кеншілер қақпашысы Игорь Шацкийдің қимылы көз ілестірмей, қақпаға ұмтылған допты қалт жібермеді. Бұл жолғы шабуылдар «Мақтаарал», «Астана», «Тараз» командаларының ойын өткізу тактикасына мүлдем ұқсамайды. «Ақжайықта» тосын қимылдар көп. Ойыншыларының жылдамдығы және шаршамай, бір шабуылда екі немесе үш рет қақпаға доп бағыттаулары «шахтерліктерді» біраз титықтатты. Ойынның бірінші кезеңі осылай «Ақжайықтың» толассыз  шабуылымен аяқталды.  Сонымен, екінші кезең ойыншылары да алаңда. «Шахтердің» ауысымындағы Роман Муртазаев шықты алаңға. Ойыншылардың үздік дегені әлі ауысымда отыр. Шабуылы шаң ілестірмес Джордже Чосич қайда? Допты 11 метрліктен қақпа қаптырар Айдос Таттыбаев қайда? «Шахтердің» бар жүгін көтеріп жүрген тек Тимур Досмағамбетов қана. Владимир Хозин мен Кирилл Маляровті жанкүйерлер қанша қолпаштаса да, нәтиже шығар емес. Алаңда басымдық танытып жүрген «Ақжайық» ойыншылары. Ойын уақытының біршама бөлігін қос команда кеншілер қақпасының маңында өткізді. Себебі, шабуыл да шабуыл. «Ақжайықтықтар» ала допты аяқтан берер емес. Ақыры «әрекет түбі – берекет» деп, ойынның 85 минутында «Ақжайық» командасының 19 нөмірлі үздік ойыншысы Лука Имнадзе гол салды. Бұған дейін ол бір гол салған еді, бірақ, төрешілер шешімімен соққы саналмай офсайд яғни, ойыннан тыс гол болып шықты. Әйтсе де, Бауыржан Омаровтың кезекті әдемі пасынан соң, Лука Имнадзе керемет соққы жасады. Есеп 1:0, «Ақжайықтың» есесі артты. Осыдан соң ғана барлық жанкүйердің «Таттыбаев» деген дауысынан кейін алаңға «шахтерлық» Айдос Таттыбаев шықты. Тимур Досмағамбетов пен Айдос Таттыбаев соңғы секундтарда 4 шабуыл ұйымдастырды. Алайда, нәтижесіз.  Ал, «Ақжайық» ойыншыларына салсақ, олар уақыт созып, сүрінгенін сылтау етіп бағуда. Ойын мәресіне жетті. Есеп 1:0. Бұл жолы жерлестеріміздің ойыны көптің көңілінен шықпады. «Шахтердің» көптен күткен Қазақстан чемпионатындағы III орыны осылай көзден бұлбұл ұшқандай. Сынаудан аулақпыз. Дегенмен, ойнаса кеншілердің мықты ойыншылары ойнасын. Команданы алға жетелеген Джордже Чосич, Айдос Таттыбаев, Тоқтар Жанғылышбай сынды ойыншылар ойнағанда бұлай өз жерімізде жеңілер ме едік?!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button