«Халық алғысы» медалімен марапатталды

Адамзат баласын әбігерге салған қауіпті коронавирус инфекциясымен тұтас ел болып күресудеміз. «BIZ BIRGEMIZ» ұранын ту етіп, әр қазақстандық бұл күреске өз үлесін қосып келеді. Бүгін Қазақстан Республикасының орталық коммуникациялар қызметінде, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қатысуымен «BIZ BIRGEMIZ» атты онлайн-форум өтті. Форумға Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен АБАЕВ бастаған індетпен күреске жауапты жоғарғы орган өкілдері, оған атсалысқан медицина және полиция саласы мен әскери қызметкерлер, БАҚ өкілдері, еріктілер мен меценаттар қатысты.

Деректерге сүйенсек, індетпен күреске 42 633 медицина қызметкері, 52 000-нан аса полиция өкілі, 10 500 әскери қызметкер, 36 678 волонтер жұмылдырылған. «BIZ BIRGEMIZ» акциясы аясында 2 мыңнан астам меценат 100 млрд. теңгеден астам қаржы жинап, көмекке мұқтаж отбасыларға таратты. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ұйымдаса атқарылған істің нәтижесінде індеттің жаппай таралуына жол берілмеді. Дәрігерлер, полицейлер және басқа да жауапты мамандар өз өмірлерін қатерге тігіп, індетпен күресті. Олардың жанкешті ерліктері кез келген құрметке лайық деп білеміз.

Форумда Ақордадан тікелей байланысқа шыққан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен күресте талмай еңбек еткен сала мамандарына шексіз алғыс білдірді.

– Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай мен «Халық алғысы» атты арнайы медальді тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған. Жаңа мемлекеттік марапат осындай нағыз отаншыл азаматтарға тапсырылады деп сенемін. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ, жалпы пандемиядан қайтыс болған ел азаматтарының жақындарына көңіл айтты. Ем қабылдап жатқан науқастардың тез сауғып шығуына тілектестік білдірді. Алдағы уақытта сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Сонымен қатар, «Осы індеттен құтылған соң, Елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Барша Қазақстан азаматына амандық, игілік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз. Себебі, біз біргеміз!, – деді ол.

Онлайн-форумда індетпен күресте ерлік көрсеткен әр сала өкілдері сөз алып, ел тұрғындарын денсаулықтарына мұқият болуға шақырды. Халықты дүрліктірмей, дер кезінде қажетті шараларды жүзеге асырып, бір үйдің баласындай бірлікте болуға үндеген Елбасы мен Мемлекет басшысына зор алғыстарын білдірді.

Осы жерде өзімнің еңбек жолымды еске алдым. Кардиохирургиядағы 15 жылда қуанышты және қайғылы сәттер болды. Бірақ, дәл бүгінгідей қатерлі пандемия салдарын көрмедік. Бұл коронавирустың ерекшелігі – балаларымыз бен ата-аналарымызға зақым келтіріп жатыр. Бүгін таңертең өз әріптесіме жансақтау жүйесін орнаттым. Бұл өте қорқынышты. Біздің үнемі жұмыста болып, отбасымыздан жырақта жүргеніміз үшін емес, вирустың шекараға бағынбайтыны қорқынышты. Бақытымызға орай, науқастардың көрер жарығы бар немесе үмітсіз деп бөліп жатқан жоқпыз. Барлығын бірдей емдеуге тырысудамыз», – деді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бөлімшесінің басшысы Тимур Лесбеков.

Онлайн-форумның соңы марапаттау салтанатына ұласты. Коронавирус пандемиясымен күресте ерекше көзге түскен азаматтар «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс істегені үшін республика бойынша түрлі саланың 343 маманы марапатталды. Олардың арасында 60 дәрігер, 39 полицей, 30 әскери қызметші, 41 волонтер, 34 меценат, 38 мәдениет және білім өкілдері, 25 БАҚ қызметкері бар. Марапатты тікелей эфирде Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Алексей Цой, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігің төрағасы Анар Жайылғанова табыстады.

Марапаттау рәсімі онлайн-режимде бір уақытта республиканың барлық аймағында жүріп жатты. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей қадағалап отырды.

Жинақы әрі тартымды өрбіген ауқымды шара Ибрагим Ескендірдің «Біргеміз» әнін шырқаумен аяқталды.

Жәлел ШАЛҚАР.