Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Ғадауат жолындағы ғұмырлар

Атам Мұрсал ШОҚШИН Кеңес әскерінің қатарына 1942 жылдың 15 мамырында шақырылған. Майданға 884- ші полк, 186-шы атқыштар дивизиясының қатарында бұрынғы Ленинград қаласынан аттаныпты.

1905 жылы туған майдангердің еңбек кітапшасынан 1918 жылы 13 жасынан бастап еңбекке араласқанын көресіз. 1930 жылы Баянауылда орманшы болған. 1933 жылдан Үміткер ауылдық кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, тоғыз жыл осында басшылық етіпті. Соғыста 4 рет жарақат алып, 1945 жылы ауылға аман-есен оралыпты.

Ұрыс даласында жүріп «Қызыл жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін» медальдарымен марапатталған.

Елге оралған соң 1945 жылдың 15 қазанынан бастап Үлгі ауылдық кеңесінің төрағасы болған. Кейін еңбек жолын әр салада жалғастырып, 1965 жылы зейнеткерлікке шықты.

1947-1955 жылдар аралығында ауылдық, аудандық, облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Сол жақ денесінде оқ жарықшағы қалған ардагер атамыз 1970 жылдың 20 ақпанында дүние салды.

Атам майданда жүргенде әжем Аққыз Сәмекеқызы тылда еңбек етіп, 1946 жылдың 7 қыркүйегінде Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Соңындағы ұрпағы ретінде атам мен әжемді үнемі мақтан етемін. Олар Отан үшін от кешті. Барлық ғұмырларын болашақ жолында сарп етті. Сондықтан да, аттары ешқашан ұмытылмауы тиіс.

Санжар ШОҚШИН.

Басқа материалдар

Back to top button