Қараша қыспен аяқталады
Қараша айының соңғы күндерінде Қарағанды облысында қыс мезгілінің ызғары сезіле түседі. Тұрғындарға жолға шығарда ауа райының құбылмалы сипатын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн.

Қазгидромет болжамына сәйкес, 27 қарашада облыс аумағында қар жауып, көктайғақ пен боран болуы ықтимал. Синоптиктердің мәліметінше, Қарағанды қаласында ауа температурасы түнде -2…-4, күндіз 0…+2 градус шамасында болады.
Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге жетіп, күндіз екпіні 15-20, кей уақытта 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Ал 28 қарашада қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ сақталады. Ауа температурасы түнде -3…-5, күндіз -3…-5 градусқа дейін төмендейді. 29 қарашада түнгі аяз күшейіп, сынап бағанасы -8…-10 градусқа дейін түседі.
Осыған байланысты жүргізушілерге жолда абай болу, ал тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, сақтық шараларын сақтау ұсынылады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



