АймақСаран

Ауылдан жеткен базарлық

Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Дәл осы уақыт жыртығыңды жамап, қамданатын шақ. Осы орайда, Саран қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қалалық стадион алдында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Елде орын алған жағдайға байланысты жыл басынан бері алғаш рет өткізілуі. Мұнда ауыл өнімдері қала дүкендеріне қарағанда 10-15% жеңілдікпен сатылды.

– Жәрмеңкеге келушілердің саны артса да, санитарлық талаптар қатаң сақталды. Әкімдік тарапынан тегін бетперде үлестірілді. Егер де елдегі жағдай тұрақталса, жиі ұйымдасыру жоспарда бар, – деді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Ақанов.

Жәрмеңкеде Саран, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай қаласынан, Қарқаралы, Бұқар жырау, Жаңаарқа ауданына қарасты шаруа қожалықтары мен отандық тауар өндірушілер өнімдері саудаланды. Бұл күні қала тұғындары мен қонақтарына 85 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар сатылды. Оның ішінде 25 тонна ет, 5 тоннадан астам сүт және сүт өнімдері. Көкөністер мен жемістер – 49 тонна болса, бакалея өнімдері – 6 тонна. Сондай-ақ, шұжық, ірімшік пен басқа да тауарлар бар. Ет өнімдерінің басым бөлігін Жаңаарқа мен Қарқаралы ауданы жеткізіпті. Айта кетерлігі, өз өнімдерін саудалағандардың жартысынан көбін жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері құрайды.

– Саран қаласына екі жылқы малының етін әкелдік. Келушілер бірден сан мен қол етін өлшетіп, сол күйі алып кетті. Қолымда қазір шамалы ғана қалды, – деді Қарқаралыдан келген Жанар Омарбаева. Сүт өнімдерін саудалап тұрған жаңаарқалық Анара Құрманқызы:

– Жәрмеңкеге бізді аудан әкімшілігі жіберіп отыр. Былтыр да өнімдерімізді осы жаққа саудалағанбыз. Қазір сүт өнімдерінің 12 түрін сатып тұрмын. Мәселен, қыстық қымыз. Біз қыстық және жаздық биелерді бөліп тастағандықтан, аузымыз ақтан үзілмейді. Әкелгенімнің бәрін қосқанда 650 келі өнім шықты. Міне, екі сағат бола қойған жоқ, бәрі сатылып кетті. Келешекте әкімшілік тарапынан ұсыныс түссе, келуге әзірмін. Бірақ, бүгінгіден көп мөлшерде әкелмекшімін, – дейді.

Көрсетілген жерге таңмен таласа лап қойған көпшілік, әп-сәтте-ақ ет өнімдерін талап әкетті. Солардың бірі қала тұрғыны Гүлмира Кәрібаева жәрмеңкеге арнайы келіп, қымыз және сүт өнімдерін алған.

– Дәл мұндай бағадағы табиғи ауыл өнімдерін қала дүкендерінен таппайсың. Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Қымыздан 5 литр алдым. Балаларыма деп құрттан молырақ алайын деп ем, 3 келі ғана қолыма тиді. Мен келгенше бәрі сатылып кетіпті. Ірі қара малдың етін алмақшы едім. Одан да аз қалыпты. Енді қанша келі ет шығады, соны алып кетемін, – деді ол. Ал, Жадыра Темірбекова есімді тұрғын:

– 5 келіге жуық ірі қара етін алдым. Мұндағы бағалар дүкенге қарағанда әлдеқайда арзан екен. Жәрмеңке өтеді дегенді естіп, ерте келдім. Енді тағы басқа алатын дүниелер бар. Таусылып қалмай тұрғанда үлгеруім керек, – дейді.

Карантин режимінен кейінгі алғашқы жәрмеңке болғаннан шығар, келушілердің қарасы қалың. Дәстүрге айналған жәрмеңкенің базары тарқамасын дедік. 

Ербол ЕРБОЛАТ.

САРАН қаласы.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button