Ресми

Серік ӨТЕШОВ: «Түпкі меже – халықтың әл-ауқатының артуы»

Қарағанды облыстық мәслихатының бейсенбі күні online режимінде өткен кезекті ХХХIX сессиясына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты. Халық қалаулыларының басты жиынындағы өзінің кіріспе сөзінде облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ барлық деңгейдегі атқарушы билік пен өкілетті органдар қызметінің түпкі межесі тұрғындардың әл-ауқат деңгейінің артуы болғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін айрықша атап өтті.

Сессияда «Қарағанды облысының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының 2019 жылы жүзеге асырылуы туралы» облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов хабарлама жасады. Ұсынылған құжат есепті жылы аталған бағдарламаның экономика, әлеуметтік сала және инфрақұрылымды қамтитын үш бағыт бойынша іске асырылғанын айғақтайды.

– Қарағанды облысының даму бағдарламасында қарастырылған іс-шаралар мен мемлекеттік бағдарламалардың ілкімді әрі жүйелі жүргізілуі аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ілгері басуына оң ықпалын тигізді. Облыста жалпы өнім өндіру көлемі салыстырмалы түрде алғанда 7,6 пайызға ұлғая түсті. Экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және сауда-саттық секілді негізгі салаларында жағымды серпінге қол жеткізілді, – деді басқарма басшысы өз хабарламасының түйінінде.

Сессияда облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Балғатайұлы айрықша атап өткендей, депутаттар корпусының аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің түйінін тарқатумен шұғылдануы бірінші жыл емес, олар «бұрын мынадай еді, енді мынадай болды» деген мазмұндағы талдамалық жұмыстарды жүргізуді алдағы уақытта да жалғастыра беретін болады.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда қалалар мен аудандар әкімдерінің рөлі түбегейлі мәнге ие болуы керектігін тілге тиек етті Серік Өтешов. Облыстық мәслихат хатшысының пікіріне сүйенсек, алуан бағыттарды қамтитын барлық жобалардың жүйелі жүргізілуі мен жүзеге асырылу деңгейіне бақылауды мейлінше күшейте түсу қажет.

Депутаттар назарына облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина ұсынған облыстық бюджеттің 2019 жылы орындалуы туралы басты қаржылық құжатқа тексеру комиссиясының сараптамалық ұйғарымы алынған.

Мәслихат сессиясында бұдан да өзге бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Мәселен, «Қарағанды облысының өңірлерін 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасының» іске асырылу барысы туралы» облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың хабарламасына халық қалаулылары зор ынтамен ден қойды.

«Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде (2015-2019 жж.) 621 жоба тиянақталды. Автокөлік жолдарының қанағаттанарлық жағдайда болуының үлес салмағы бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілді. 2019 жылы облыс аумағындағы моно және шағын қалаларда жалпы ұзындығы 101,8 шақырымды құрайтын автокөлік жолдары жөнделді. Биылғы жылы «Ауыл Ел – бесігі» бағдарламасы бойынша 1 056 жұмыс орнын құра отырып, жеті ауданның он үш селосында 47 жобаны жүзеге асыру жоспарланған», – деді облыстық экономика басқармасының басшысы.

Бұлардан тысқары, облыстық мәслихаттың XXXIX сессиясында күн тәртібіне қойылған төмендегі мәселелер депутаттар талқылауынан кейін қолдау тауып, тиісті шешімдер шығарылды:

– «Қарағанды облысының орман ресурстарының өз қажеттіліктері үшін мемлекеттік орман қоры аумағында жеке тұлғалардың жинау нормаларын бекіту туралы»;

– «Қарағанды облысының жергілікті маңыздағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын пайдаланғаны үшін төлемақы көлемін бекіту туралы»;

– «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды пайдаланғаны үшін төлемақы көлемін бекіту туралы»;

– «Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына Қарағанды облысының жекелеген білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау жөнінде ұсыныстар енгізу туралы»;

– «Қарағанды облысының ауылдық елді мекендерінде кәсіби қызметін іске асыратын педагогтерге бюджет қаржысы есебінен коммуналдық қызметтер төлемақысын өтеу және отын алуға әлеуметтік қолдау көрсету, олардың көлемін белгілеу Ережесін бекіту туралы».

Сессия соңындағы өзінің қорытынды сөзінде облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов жұмыс барысында жіберілген олқылықтарды дер кезінде қалпына келтіру бағытындағы шараларды ширату қажеттілігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, экологиялық қауіпсіздік, су қоймаларын ұстаудың сапалық деңгейі мен олардағы гидротехникалық құрылғылардың жағдайы, қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты ахуал секілді өзекті мәселелердің шешімін табуға айрықша назар аудару жайын атап өтті.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button