Бас тақырыпБасты тақырыпКоронавирусОблыс әкіміРесми

Салғырттық сан соқтырады

Қатерлі дертпен күресте жинақтаған тәжірибенің бірі әрі ең оңтайлысы – ортақ тәртіп арқылы жұқтыру деңгейін барынша азайту. Осылайша қалыпты өмірге енгендей едік. Алайда, шектеу шаралары жеңілдетілгелі сақтық талаптары ескерілмей, ел тым еркінсіп кетті. Соның салдарында жұқтыру көрсеткіші күрт ұлғайып, облыс бойынша 13 маусымнан бастап шектеу шаралары қайта күшейетін болды. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК облыс тұрғындарына мәлімдеме жасап, оларды сабырлы болуға, күрделі жағдай шарттылықтарын сақтауға шақырды. Үйреншікті өмір салтына оралу өзімізге байланысты екенін айтып, шектеу талаптарын саналы түрде сақтайтындарға алғыс білдірді.

Қатаң шараны қайта қабылдауға COVID-19 жұқтырғандар көлемі 7%-дан асып кетуі – бірден-бір себеп. Жазылып шыққандар қатары баршылық десек те, қазір 1 290 адам осы диагнозбен ауруханада ем алуда. Ал, 7 адам бақилық болып кетті. Ауырғандар санының артуына отбасылық іс-шаралардың көптеп өткізілуі ықпал еткен.

– Адамдар өзін-өзі оқшаулау, әлеуметтік қашықтықты сақтауды және басқа да санитарлық талаптарды бұзуды жалғастыруда. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талаптарына сәйкес, егер өңірде аурушаңдықтың өсімі 7%-дан асса, карантин шаралары қайта жандандырылады. Біздің облыста бұл көрсеткіш – 7,3%. Сондықтан, 13 маусымнан бастап белгілі бір шектеулер қайта енгізіледі, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Соңғы аптаның өзінде ауру белгілері байқалмаған 300-ден аса адам тіркелген. Облыс орталығын қоса алғанда бірқатар аудандар мен қалалардағы деректер көңіл көншітпейді. Жезқазған қаласы, Қарқаралы ауданы мен Шет ауданындағы Жарық кентінің қоршалуы мен блок-бекеттер орнатылуы – осыдан.

Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйым қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді. Қоғамдық көлік қызметі уақытша шектеліп, таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ге дейін, кешке 17.00-ден 21.00-ге дейін ғана жүреді. Жеке көлікпен түнде жүруге болмайды. Бұл шектеудің құқық қорғау саласына, арнайы қызметтер мен мемлекеттік медицина органдарына қатысы жоқ.

Сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлардың да жұмыс уақыты шектеледі. Сауда орталықтарының жұмыс мерзімі – сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін, ал демалыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін ғана. Базарлар жұмыс күндері сағат 17.00-ге дейін ашық болса, демалыста санитарлық тазалық шараларын жүргізу үшін жабылады.

Жұмысы шектелгендер қатарында Халыққа қызмет көрсету орталықтары да бар. Олар тұрғындарды сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды.

Стационарлы емес қоғамдық тамақтану орындарының, яғни, саябақтарда орналасқан дүңгіршектер, донерханалардың қызметі тоқтатылады.

Такси қызметіне де қойылар талап – қатаң. Олар енді бір мезгілде бір адамға ғана қызмет көрсетеді. Бірақ, ересек адам өзімен бірге кәмелетке толмаған екі баланы қоса алып жүруіне болады. Осы орайда, жасы 65-тен асқандардың аса қажеттілік болмаса, еркін-жүріп тұруына шектеу қойылатынын айта кету керек. 14 жасқа дейінгі балалар ересектерсіз жүріп-тұра алмайды.

Үш адамнан артық жиналу – облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы талабын сақтамау ретінде қарастырылады. Адамдардың шоғырлануына жол бермеу мақсатында облыс орталығындағы саябақтар, аулалардағы балалар алаңдары жабылады. Гүлзарлар мен алаңдарда серуендеуге тыйым салынады.

«Бірлесе күш-жігер жұмсау арқылы ғана эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыра аламыз» – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Қанат Асқаров. Соған орай, қаулы талаптары сақталмаса, тәртіп бұзғандар заңмен жазаланады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button