Алғашқы қос қарлығаш

Қолымызда су жаңа екі кітап. Бірі қарымды қаламгер, асыл азамат, ұзақ жылдар «Орталықта» табанды еңбек еткен газет ардагері, марқұм Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫННЫҢ туғанына 70 жыл толуына орай «Даланы сүйген дархан жүрек» жинағы. Екіншісі – әріптесіміз, талантты сатирик Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫНЫҢ «Мырс-мырс» сатиралық туындысы. Екі еңбек қазақ баспасөзінің Арқадағы қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінің 90 жылдығы аясында қолға алынған «Ortalyq Qazaqstan» кітапханасы» сериясымен «Мағауия СЕМБАЙ атындағы журналистерді қолдау қоры» қоғамдық қорының демеушілігімен жарық көрген алғашқы кітап. Мерейтой аясында «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Ерсін МҰСАБЕКТІҢ жетекшілігімен қолға алынған игі істердің сүбелісі бұл.

90 жылдық мерейтойға дайындық барысында осы идея ортаға салынып, «Арко» баспасынан 500 данамен жарқ еткенде, тіпті қуанышта шек болған жоқ. Өйткені, кітап – тасқа басылған тарих, аса құнды қазына және іргелі ұжымның табанды еңбегінің жемісі.

Екі кітап та көрер көзге сүп-сүйкімді, безендірілуі де бөлек. Енді, екеуіне жеке тоқталайық.

«Даланы сүйген дархан жүрек». Атауының өзі қандай тартымды. Сыртқы мұқабасында Тілеуқабыл ағамыздың құшағы гүлге толып, күлімсіреп тұрған фотосы кітапты еріксіз оқуға жетелейді. «Орталықты» 22 жыл басқарған, қазақ баспасөзінің қаранары «М.Сембай атындағы қоғамдық қордың» демеушілігімен шыққаны да жанымызға жылу ұялатады. Жинақты Тілеш ағамыздың досы, әріптесіміз Ерғазы Қадашұлы мен қаламдас шәкірті, басылым басшысы Ерсін Мұсабек құрастырса, дизайнері тәжірибелі бет қаттаушы, әріптесіміз Марал Әйнекова. Үшеуі де – Тілеш ағамен қатар еңбек еткен, газеттің қызығы мен шыжығын қайыспай бірге көтерген замандас, қаламдастары. Алғы сөзін де Ерсін бауыры жазып, ағынан жарылған, аманатын орындаған. Ағалар буыны соңдарынан ерген бізге осылайша, кез келген тағылымды дүниесі арқылы үлгі болып келеді. Тілеш ағаның рухы алдындағы құрмет һәм тағзым – бұл.

Екі бөлімнен тұратын кітаптың алғашқысына Тілеш ағамыз хақында жазылған жылы естеліктер топтастырылған. Оқыған жанды тебірентері сөзсіз. Жанболат Аупбаев, Сәулебек Жәмкенов, Аман Жанғожин, Серік Сексенұлы, Сүйіндік Жанысбай, Төлеубай Ермекбаев сынды сүйегіне сөз сіңген қаламдастарымен қатар, басқа да шәкірттері ағаның кең пейілі мен қалам құдіретін дөп баса білген дер едік. Оқысаңыз, сіз де куә боласыз.

Газетке жұмысқа тұрмас бұрын, арасында келіп тұратынбыз қарашаңыраққа. Бірде, Тілеш ағамен танысып, тілдесу бақыты бұйырған. Сол жүздесудің өзінен ағаның аңқылдаған ақ көңілі мен қаламға адалдығын байқағанбыз. Бұдан бөлек, газет беттерінен жазған дү ниелерін оқып тамсанатынбыз. Ел аузынан да қарым-қабілеті мен азаматтығы жайлы еститінбіз. Енді, міне, өмірден өткен соң, жарық көрген кітабы жайлы қалам тербеп отырмыз. Бұл – үлкен мәртебе.

Ал, екінші бөліміне бұрынғы жинақтарына енбеген жауһар дүниелері, машинкаға терілген радиоочерктері енген. Парақтап отырып, қалам қуатына тәнті болдық. Радиоочеркті айтпағанда, оның бергі жағына қаламымыз енді қалыптасып келе жатқан біз үшін бұл жаңалық болды. Асқар таудай ағаларға ұқсауды іштей өзіме міндет етіп қойдым. Қаламыңыздың киесі жебеп жүрсін бізді, Тілеш аға!

– «Мағауия Сембай атындағы журналистерді қолдау қоры» қоғамдық қорының қолдауымен осы сериямен жыл сайын екі кітап оқырманмен қауышып отырмақ. Газетіміздің бір ардагері мен бір әріптесіміздің туындысы қатар шығып тұрады. Менің рухани әкем Мағаш ағам өмірден өтсе де, оның атындағы журналистерді қолдау қоры қаламдастары мен шәкірттеріне шапағатын тигізсін деген ниетпен қолға алып отырмын бұл жобаны. Тілеш ағамның да тәлімін тыңдап, жазудың қыр-сырын үйрендім. Қамқорлығына бөлендім. Рухы бір аунап түсіп жатқан шығар ағатайымның. Ағалар аманатына қашанда адалмыз, – дейді Ерсін Мұсабек.

Осы дүниелерді жоғалтпай сақтаған Тілеш ағаның жары Бақыт анамыз бен ұлы Тілектес ағамыздың да еңбегі үлкен екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, мұнда ағамыздың әріптестері, отбасы, достары һәм сөз өнерінің игі жақсыларымен түскен естелік суреттері деп топтастырылған.

«Мырс-мырс» кітабына келсек, Арқа төсінде Базарбай Әлеуханұлы мен Мартбек Тоқмырза сынды қабырғалы сатириктердің өткір шығармаларынан кейін көріп отырған дүниеміз – бұл. Өзім осы кітапты оқып отырып, риза болғаным рас. Есіл-дерті өлеңде жүрген мен үшін бөлек әлем болды. Сатиралық шығармаларды оқып жүрсек те, кітапты толық оқып шығу деген бөлек екен. Бір ерекшелігі – кітапқа енген туындылардың табиғатын ашатындай суреттер де сәтті беріліпті. Жеңіл әзілге күлген бір бөлек те, астары зілдей сатираға күлген деген мүлдем басқаша. Оқып отырып, өзіңізден өзіңіз селкілдеп отырасыз. Қазіргі замандағы көз алдыңызда болып жатқан жайттар көркем түрде кітапқа көшкен. Кітаптың алғы сөзін қазақтың біртуар сатиригі Көпен Әмірбек жазған. Оның өзі бір әлем. Онда классик жазушы күлкінің 100-ге жуық түрін атайды. Ал, Әдебиеттің күлкісі оларға мүлдем ұқсамайтын «Мырс-мырс» күлкі екендігін айтады.

Әдебиет ағамызбен иық тіресе қызмет еткен соң, мінезіне қанықпыз. Жүріс-тұрысының өзі – сатира. 50-ді алқымдаса да, шау тартпаған, әлі тың. Мінезі балаша, жүрегінде титтей кір жоқ. Осындай қым-қуыт тіршілікте жан-жүрегіңді тап-таза қалпында сақтап қалу – үлкен ерлік. Көрегендігі мен шеберлігін әсіресе «Икасай» туындысында шебер көрсеткен. Оқысаң, мырсылдайсың да отырасың. Күлкінің астарында ащы зіл жатыр, жүректі жарып шыққан, елдің көкейінде жүрген салмағы батпандай мұң да бар. Кейде, байқамасаңыз мырсылдап отырып, жылап қалуыңыз да мүмкін…

Осылайша, жанымызды тебірентіп, бойымызды жылытқан, «Ortalyq Qazaqstan» кітапханасы» сериясының тұңғыш қос кітабын назарларыңызға ұсынып отырмыз, ардақты оқырман. Ендеше, аймақтың алтын шежіресіне айналып, ұлылардың ізі қалған құтты ордадан түлеп ұшқан алғашқы қос қарлығаштың қанаты талмасын!

 Жәлел ШАЛҚАР.