Жаңалықтар

Жүрек кілті

Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек ТӘШЕНЕВ есімін дәріптеу арқылы жас ақындардың шығармашылығын насихаттау мақсатында облыс көлемінде жыл сайын Ж.Тәшенев атындағы жыр додасы өтетіні белгілі. Оған қатысып, қатарынан қара үзген қалам иесі «Жылдың үздік ақыны» атанып, жыр кітабы жарық көріп келеді. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған жыр мүшәйрасына қатысушы әр ақынның бұдан былай екі өлеңінен жариялап, сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Мархабат!

Редакциядан.

 

   Жоламан Əйткен 1996 жылы, 18 наурызда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті. “Жыр жазамын жүрегімнен” атты жыр жинағының авторы. Өлеңдері “Жыр-Тұмар” жинағында, республикалық, облыстық газет-журналдарда жарық көрген.

 

Түс

Қай фəни үстем?!

Кей нəпсі досқа айналды жай                           тани түскен.

Ғафлет ұйқыға амалсыз

тереңнен батып,

Шошып ояндым қым-қуыт

шайтани түстен.

 

…Басқа бүйірмен,

Кездерім көп пе жалғанда

босқа күйінген.

Дұғамды оқып қайтадан

көз ілемін де,

Рахмани түсті көремін

досқа сүйінген.

 

Ұйқы да – парыз!

Қорқыттың көрі – түстегі

бейкүнə аңыз.

Вольтер мен Август, Вагнер

мен Бетховен, Моцарт,

Керек десеңіз Декарт та

ұйқыға қарыз.

 

Түстер де – өңге,

Ақындар көрген айналар

түстер өлеңге.

Отырмас едік кен санап

кестеге қарап,

Қарт Менделеев сол түні

түс көрмегенде.

 

Қорқыт бабам да,

Өз көрін көрген əр жерден

жортып ғаламда.

Тым ұсақталып кетпес еді

ұрпағы ханның,

Бұқар Жырауға сол түсін

жорытпағанда.

 

Жақсы, жаманға жорытсаң,

сол бұрын келген,

Түстер – ақиқат.

Өлшенбес ол ғылымменен.

Дұғамды оқып тағы да

ұйқыға кеттім,

Оң қырымменен.

Аққан жұлдыз

Жанарыма о, ғажап,

жарық түскен,

Алқаларын пәк аспан

тағыпты іштен.

Мені ойлап әлдекім

жылайды үнсіз,

Шоқ жұлдызға көз тастап

ағып түскен.

 

Жұлдыз ақты,  жүрегім

дірілдеді,

Ит тірлігі біреудің сүрілмеді.

Бірақ бүгін ешкімнің өлгені жоқ,

Бірақ бүгін ешкім де тірілмеді.

 

Балалық-ай, жұлдызды

санаушы едім,

Бір тілектің болғанын

қалаушы едім.

Аққан жұлдыз, білдім бе,

оқ екенін –

Бұзып шыққан жын үшін

алау шебін.

 

Балгер сорлы, ғайыппен

араласқан,

Хабаршы жын ат-тонын

ала қашқан.

От пен нұрдың айқасқан

алаңында,

Жанына ем іздейді

жаралы аспан.

 

Жаралы аспан, осылай,

тұнжырады,

Жаңбыр жауса, дейсің бе

кім жылады?!

Жер бетінде қаза көп,

мола да көп,

Таусылмады аспанда

жұлдыз әлі.

 

Жанарыма о, ғажап жарық

түскен,

Алқаларын пәк аспан

тағыпты іштен.

Мені ойлап әлдекім

жылайды үнсіз,

Шоқ жұлдызға көз тастап

ағып түскен.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button