Бағдарламалар бағыты анықталса…

Ана тіліміздің дамуы қашанда телеарналардағы бағдарламаға қатысты болмақ. Көпшілікке көк жәшіктен таратылатын бағдарламалардың саны бар, сапасы жоқ. Әсіресе, «жұлдыздардың» жүргізуімен жарық көріп жатқан бағдарламаларда парықсыз әңгіме айтылады, тіпті, тақырыбы сын көтермейтін халге жетіп жығылғаны – тіл жанашырларының проблемасына айналуда.

Рейтинг қуалаған телеарналар өзара жарыса не мәні жоқ, не дәмі жоқ бағдарламаларды жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақша жаудыртып жатыр. Судың да сұрауы бар емес пе?! Ата-бабамыздың айтар ойын астарлап жеткізуі келмеске кеткені өкінішті.

Ал енді сол бағдарламаларды жүргізіп жүргеннің басым көпшілігі – әнші. Заманауи әншілер орындайтын әндердің мәтініне зер салсаңыз, бұрмаланған сөздер өте көп. Талап пен таланттың, сөз этикасының шырайы кетіп, дүмбілез ән жастардың құлағына құйылуда, санасына сіңірілуде. Сөз жоқ, еліктегіш жастар осының бәрін өз бойларына дарытып, өзара мәнсіз тілде сөйлеу әдебін меңгеріп барады.

Әдеби тілде жазылған кітапқа құмартатын жастардың дәуірі өтіп кеткен. Бұрынырақта кітап дүкендеріндегі сөрелерге көркем сөздің хас шеберлері – жазушылардың туындылары қойылғанда-ақ қалың жұрт жапа тармағай сатып алуға, алған кітабын оқып шыққанша асығатын. Асыл сөзге шөлдеген жандар жан-дүниесін сусындататын. Адамдардың қарым-қатынасындағы сөйлеу мәнері түзеліп, тіпті, туындылардағы кейіпкерлерге еліктеуге бейім болатын. Қыздар жағы инабатты, ибалы болуға, жігіттер жағы ер-азамат деген атқа лайықты болуға ынтығатын. Бұл дегеніміз – жазушының туындысы дұрыс сөйлеуге, тәрбиелі болуға ынталандырады деген сөз. Бүгінде оның жұрнағы да қалмаған секілді.

Жалпы, халық ұлт құндылығын, ұлт болмысын жойып алмаса екен деген тілек – менікі.

Тіл мен ділді сақтау – ұлттық мүдде. Сол мүддеден шығу – әркімге қойылар талап. Сол себепті, телеарналардағы бағдарламалардағы сөз мәнерін тексеріп, екшейтін құзыретті кеңес құру керек деп есептеймін.

Индира ТОКМУРЗИНА,

журналист.