Жағымды ұстаным — жасампаздық жолы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел тұрғындарының тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын одан әрі көтеру бағытын түпкі меже тұтатын мемлекеттік аппаратты қалыптастыру аясында барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру талабын алдыңғы кезекке шығарды.

Аталған мақсаттарды жүзеге асыруда мемлекеттік органның этикалық бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу механизмдерін ұдайы түрде жетілдіру маңызды орын алады. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыруға оңтайлы ықпалын тигізері анық.

 Мемлекеттік қызметші мінезқұлығының негізгі стандарттарын белгілеу және оған жүйелі түрде бақылау жасау халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен қызмет этикасы нормаларын бұзудың алдын алуға әсер етеді.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдар азаматтар үшін барынша ашық түрде жұмыс істеуде. Жыл сайын әкімшілік кедергілер азайып, әкімшілік рәсімдер оңайлатылуда және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы арта түсуде. Соған сәйкес, этикалық мәселелер, әсіресе, шенеунік пен азаматтар тікелей қарымқатынас жасайтын жерлерде, көпшілікпен атқарылатын рәсімдер кезінде, бизнес пен халық мүдделерін білдіруде ескерілмей қалмауы тиіс.

Осыған орай, бұдан екі жыл бұрын Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тәртіптік кеңесі этика кеңесі болып қайыра құрылды. Аталған қадам жұмыстың назарын басқа бағытқа икемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда кеңес отырыстарында тек қана тәртіптік істер ғана қаралып қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмауға қатысты маңызды мәселелер де қаралады. Этика кеңесінің қызметі азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға, мемлекеттің тұрғындармен кері байланысын орнатуға бағытталған.

Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін «100 нақты қадам» Ұлттық стратегиялық жоспары бойынша этика мәселелері жөніндегі уәкілетті лауазымы енгізілді. Стратегиялық құжаттың осы тармағын жүзеге асыру, әр мемлекеттік қызметшінің елжанды қалпын қалыптастыруды мақсат тұтады және одан мемлекеттің осы арнадағы жалпы бейнесі көрініс береді.

Олар 2015 жылдың желтоқсанында жұмысқа кірісті. Этика жөніндегі уәкілетті органның негізгі қызметтері – мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет және Этикалық кодекс саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қызметтік этика нормаларын орындауға мониторинг жүргізу және бақылау, сондайақ, қызметтік этика нормаларын бұзған мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарау, азаматтық қоғам институтының мемлекеттік органдармен өзара әрекетін нығайту болып табылады. Уәкілетті орган мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика нормаларын бұзу деректері бойынша жеке және заңды тұлғалардың жүгінулерін қарауға міндетті.

Қарағанды облысы Әділет департаментінің этика жөніндегі уәкілетті органы азаматтар мен заңды тұлғалардың департамент қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты сенім телефондары, шағымдарға арналған жәшіктер арқылы түскен жүгінулерін қарау бойынша ұдайы түрде жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері арасында құқықтық мәдениетті тәрбиелеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға басты көңіл бөлінеді. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының оқытушыларын, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы зерделеу бойынша сабақтар жүргізіледі.

Мен өзім де ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің этика кеңесінің басқа мүшелері сияқты, бекітілген кестеге сәйкес, мемлекеттік қызметшілер тарапынан этика нормаларын бұзу мәселелері бойынша азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерді жеке қабылдау шарасын жүргіземін. Мәселен, Жезқазған қаласында осы жылдың мамыр айында жеке қабылдау жүргізілді. Қуантарлығы сол – жергілікті тұрғындар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің әркеттеріне қатысты шағымдар түскен жоқ. Осындай қабылдаулар азаматтардың лауазымды тұлғалардың әрекеттері бойынша жүгінуі үшін айтарлықтай жеңілдік тудырады, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді тәртіпті мүлтіксіз сақтауға шақырады.

Сонымен қатар, маусым айында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының тыңдаушылары үшін мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызметшінің жұмысында қызметтік этика нормаларын қолдану туралы қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру мәселелеріне қатысты дәрістік сабақтар жүргізілді. Мемлекеттік органдардың болашақ қызметкерлері алдағы қызметіне, жұмысына қойылатын талаптарға және мемлекеттік қызметтің келешегіне қызығушылықпен қарады.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдениеттік даму мәселесінде көптеген жасампаз жетістіктерге қол жеткізді. Осы уақытта Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында белгіленген міндеттерді мерзімінен бұрын орындау мүмкіндігі туды және әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің құрамына ену жөніндегі өршіл мақсат қойылды.

Бәсекеге қабілетті ел – бірінші кезекте бәсекеге қабілетті адам. Сондықтан да, алдыңғы қатарлы мемлекеттерге ұмтылыс беретіндер мемлекеттік қызметшілер болып табылады.

Ұлт Көшбасшысы мемлекеттік қызметшілер білуге тиісті негізгі қасиеттерді атап көрсетті. Олар – жоғары моральдік жауапкершілік, кәсіптік білім, оны тәжірибеде қолдана білу, шыншылдық, адалдық, белсенді өмірлік ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өзінің жұмысының маңызын білуі және өз елінің патриоты болуы қажет.

Мемлекеттік қызметшілердің әрдайым өзіне лайықты бейнеде жұмыс істеуі және этикалық бақылау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу механизмдерін жетілдіру – мемлекеттік қызметтің оң бейнесін нығайтудың кепілі. Ол сонымен қатар, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге жағымды ықпалын тигізеді, нәтижесінде республиканың әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуін қамтамасыз етеді.

 Асхат ЖҮСІПОВ,

«Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы,

Қарағанды облысы Әділет департаментінің басшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.