Агроөнеркәсіп — экономика тірегі

Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыру – Елбасы Жолдауында жүктелген негізгі тапсырмалардың бірі. Сәйкесінше, бүгінгі таңда облыстың агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды міндеттер қойылып отыр. «2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасы шеңберінде экспортты 2,5 есеге көтеру қажет. Яғни, 2022 жылға қарай жалпы өнім көлемі 627,9 млрд. теңгені еңсеруі тиіс. Салыстыру үшін айта кетсек, былтыр бұл көрсеткіш 251 млрд. теңгені межеледі. Айтуға оңай екені сөзсіз. Десек те, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан АПАҚАШОВ аймақ еңбеккерлері аталған көрсеткіштерге қол жеткізеріне сенімді.

– Сағынжан Апақашұлы, Елбасы Жолдауы ел экономикасының дамуына соны серпін бергені белгілі. Тиісінше, ауыл шаруашылығы саласын өркендету бойынша да жаңа межелер белгіленді. Мұның ішінде қарағандылық агроөнеркәсіп кешеніне де зор міндеттер жүктелді…

 – Иә, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, «2017-2020 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасы қайта қаралып, толықтырылып бекітілді. Мұндағы негізгі мақсат – еңбек өнімділігінің және экспорт көлемінің 2,5 есе өсуін қамтамасыз ету.

Осы міндеттерді шешу үшін, өңірдің әлеуетті мүмкіндіктеріне сүйене отырып және оның ерекшелігін ескере отырып, біз 7 басым бағытты анықтадық. Етті, сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, суармалы егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы, экспорттық әлеуетті дамытуды қолға алып отырмыз. Яғни, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін арттыру есебінен жалпы өнім көлемінің өсуі қамтамасыз етілетін болады.

– Биыл қырда егін бітік шықты. Бұл, әрине, көктемгі егіс жұмыстарының тыңғылықты жүргізіліп, күтім шараларының тиісті деңгейде атқарылуының жемісі…

 – Биыл біз мемлекеттік қолдау, жаңа технологиялар мен агротехникалық мерзімдерді сақтау арқылы облыстың өсімдік шаруашылықтары жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. 814,7 мың гектар жерден астық жиналды. Орташа түсім гектарына – 12,6 центнерден айналды. 1 млн. 26 мың тонна бидай орылды. Қажетті тұқым көлемі – 91,7 мың тонна толығымен қамбаға құйылды.

Егін шаруашылығында негізгі екпін ауыл шаруашылығы дақылдарының алқаптарын ұлғайтуға және озық әлемдік технологияларды, оның ішінде, нақты егіншілік элементтерін енгізуге бағытталған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің арасында жасалған 2017-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы дақылдары егістігі алқабының құрылымын әртараптандыру жөніндегі меморандумға сәйкес, ағымдағы жылы барлық егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 54,4 мың гектарға ұлғайтылып, жаздық егіс 910,3 мың гектарды құрады. Оның ішінде, дәнді және дәнді-бұршақты алқаптар 38,1 мың гектарға ұлғайтылып, 830,6 мың гектарды, арпа – 35 мың гектарға ұлғайтылып, 176,1 мың гектарды, сұлы – 2,5 мың гектарға ұлғайтылып, 17,9 мың гектарды, бұршақ дақылдары – 3,4 мың гектарға ұлғайтылып, 10,1 мың гектарды құрады. Бидай алқабы 626,5 мың гектарға, картоп алқабы – 14,5 мың гектарға, көкөніс – 2,9 мың гектарға жетті.

Аудандар бойынша алсақ, дәнді-дақылдар алқабы Осакаров ауданында – 20,5 мың гектарды, Нұра ауданында – 7,7 мың гектарға, Абай ауданында – 2,6 мың гектарға, Шет ауданында – 2,5 мың гектарға, Қарқаралы ауданында – 1,8 мың гектарға және Бұқар жырау ауданында 1,2 мың гектарға өсті. Картоп алқабы Шет ауданында – 146 гектарға, Нұра ауданында – 111 гектарға, Бұқар жырау ауданында – 72 гектарға артты.

Қыс ұзаққа созылғанымен көктемгі егіс жұмыстары уақытында аяқталды. Бөлінген тұқым мен жанар-жағармай толық көлемде пайдаланылды.

– Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларына да тоқталып өткен артық болмас…

– Диқандарға мемлекет қолдауы ауқымды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 1,3 млрд. теңге сомасына 44 шаруашылық несиелендірілді. Оның ішінде, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1,2 млрд. теңге сомасына 36 шаруашылық және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Егінжай» бағдарламасы бойынша 40,1 млн. теңгеге 8 шаруашылық несие алды. Нәтижесінде, 87,4 мың тонна дәнді-дақылдар тұқымы себілді. Бұл егістік алқабын жоғары сапалы тұқымдармен 649,1 мың гектарға дейін қамтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, биыл 110 ауыл шаруашылығы нысандары 362,2 млн. теңге сомасына субсидия алып, 7,1 мың тонна элиталық тұқым мен бірінші репродукциялы тұқым сатып алды. Сондай-ақ, облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 90,2 мың гектар алқапқа 5,0 мың тонна минералдық тыңайтқыштар енгізді. Бағдарлама бойынша 375,1 млн. теңге субсидия бөлінді және игерілді.

Дала жұмыстарын жүргізуге 35 мың тонна құны жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Литрі – 163 теңге. Яғни, көктемгі егіс жұмыстарына – 18 мың тонна, орақ науқанына – 15 мың тонна және кептіруге – 2 мың тонна қарастырылды.

 – Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу барысы қалай жүзеге асуда?

 – Биылдан бастап облыстың агроөнеркәсіп кешенінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік шығындарын айтарлықтай қысқартуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға қабілетті сандық технологияларды енгізу басталды. Бұл – «нақты егіншілік» және «смарт-ферма» элементтері.

«Нақты егіншілік» элементтерін енгізу нысаны ретінде «Шахтерское» ЖШС және «Найдоровское» ЖШС екі пилоттық шаруашылық анықталды. Келесі жылдан бастап жобаға «Шанс», «А.Христенко атындағы КарСХОС» және «Воля» шаруа қожалықтары қосылады.

Осы шаруашылықтардың мысалында нақты егіншілік жүйесінің технологиясын қолдану мүмкіндіктері мен артықшылықтарын көрсету болжанып отыр. Бұл шаруашылықтарда АNТ компаниясының «Ауыл шаруашылығы өндірісін сандық форматта басқару» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Техника мен дрондардан алынған барлық ақпарат, яғни, жанар-жағармай шығыны, техниканың жұмыс уақыты, дақылдардың пісуі, астық өнімділігі, ылғалдылығы және тағы басқалары агрономның планшетіне және шаруашылықтың негізгі компьютеріне түседі.

Мысалы, «Найдоровское» ЖШС-де 3 шақырым радиусы бар 3 портативті метеостанция орнатылды. Жалпы әрекет аумағы 10,8 мың гектар. Олар бастапқы метеодеректерді жинау, өңдеу және талдау, сондай-ақ, талданатын аумақтар үшін нақты болжамды метеодеректерді ұсынуға арналған. Сандық технологияларды пайдаланудың арқасында шаруашылық 500 гектар алаңнан 38 пайыз дән маңызы бар қатты бидайды гектарына 45 центнерден алды.

«Нақты егіншілік» технологиясы тұқымның гектарлы егілуін 10-20 пайызға, тыңайтқыштардың шығынын 30-50 пайызға, өсімдіктерді қорғау құралдары мен жанар-жағармай шығынын 26-35 пайызға азайтуға және өнімді 15-20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жоғары сұранысқа байланысты «Найдоровское» ЖШС облыста ұзақ жылдар ішінде алғаш рет қатты сортты бидайдың сынамалық себу жұмыстарын жүргізді. Олар Бараев институтында «Дамсин янтарная» және аустриялық «Дурум» (Durum) сорттарының элиталық тұқымдарын сатып алып, екті. Бұл тұқымдардың жоғары өнімділігі мен сапасына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері риза болды. 500 гектардан бастаған шаруашылық келесі жылы қатты бидай егістігін 3000 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Ылғал сақтау технологиясы 668,9 мың гектар алқапта қолданылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға немесе 68,9 мың гектарға артық. Тамшылатып суару алаңы өткен жылдың деңгейінде қалды. Ол 1069,5 гектар алқапты құрады.

– Бүгінде мал шаруашылығына ел экономикасын көтерудегі әлеуетті салалардың бірі ретінде баса көңіл бөлініп отыр. Арқа төсінде мал баққан ағайынның бұл бағыттағы аяқ алысы қалай?

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңартылған бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мал шаруашылығы саласы да тұрақты дамып келеді. 9 айдың қорытындысы бойынша облыс бойынша тірі салмақта 92,2 тонна ет, 368,5 тонна сүт және 541 млн. дана жұмыртқа өндірілді.

Ірі қара мал саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артып, 538,9 мыңды (2017 жылы 508,8 мың бас), жылқы 7,8 пайызға өсіп, 304,5 мыңды, қой – 993 мыңды және құс 3,9 миллионды құрады.

Мал шаруашылығы саласында биыл етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламасы қабылданды. Оның негізгі басымдығы – ет экспортын арттыру. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында алғаш рет «ҚазАгро» АҚ және қаржы институттары арқылы импорттық асыл тұқымды және тауарлық мал басын сатып алуға жеңілдетілген несие беру басталды.

Биыл жоғарыда аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде, малдың тұқымын жақсарту мақсатында облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 10 мың импорттық ірі қара мал, ал, 2024 жылға дейін – 192 мың тонна сатып алу жоспарлануда. Осы мақсаттар үшін облысқа «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ даму институттары арқылы 6 млрд. теңге қарастырылған.

 Бүгінгі күні 136 шаруашылық 5,5 млрд. теңге сомасына 8,9 мың бас сатып алды. Оның ішінде 91 шаруашылық 3,5 млрд. теңге сомасында несие алды. Мысалы, Шет ауданының «Мейрам» және «Нұрғиса», Ақтоғай ауданының «Жігер» шаруа қожалықтары биылғы жылы Ресей Федерациясынан 262 асыл тұқымды төл әкелді.

 9 ай ішінде сиыр өсірумен айналысатын 1764 шаруашылық асыл тұқымдық және өнімділік сапасын жақсарту бағдарламасы аясында 1,8 млрд. теңге субсидия алды. Бұл бағытта Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы және Шет аудандарында жақсы жұмыстар атқарылуда. Аталған аудандарда облыстағы барлық ірі қараның 56,3 пайызы бар.

Әсіресе, Жаңаарқа ауданындағы «Ескене» және «Жанболат», Шет ауданындағы «Жандос» және «Ақшоқы» асыл тұқымды шаруашылықтарын, Бұқар жырау ауданындағы «Марат» шаруа қожалығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданындағы «Қайрат-2», «Мақсат», «Данияр», Бұқар жырау ауданындағы «Шатан» және «Амин», Қарқаралы ауданындағы «Берік» және «Ынта», Ақтоғай ауданындағы «К-Мадияр» сияқты шаруашылықтарда да ірі қара мал өсіру ісі жақсы жүргізілуде.

– Ет экспортын ұлғайтуда бордақылау алаңдарын құру жобасы тиімділігін танытты. Бүгінде облыста бордақылау алаңдарын құру жұмыстары қандай деңгейде?

– Бүгінгі күні облыс бойынша 13 мың басқа арналған 2 «зәкірлік» бордақылау алаңы құрылды. Бұлар – 10 мың басқа арналған «Жәке» шаруа қожалығы және 3 мың басқа арналған «Сарыарқа» АПХ» ЖШС. Келешекте Бұқар жырау ауданындағы «Қызылтау Биф» ЖШС, Осакаров ауданындағы «Жуантөбе Биф» ЖШС, «АгроПремиум» ЖШС, Қарқаралы ауданындағы «Жайма» ЖШС – 3000 малға шақталған және Нұра ауданындағы «Алтын таға» ЖШС-де 1000 басқа арналған 4 алаңды пайдалануға береміз. Сол арқылы бордақылау алаңдарындағы сыйымдылық 26 мыңға жеткізіледі.

Соның нәтижесінде, 2022 жылға қарай бордақылау кешендерімен сиыр етін өндіру 5,3 есе, яғни, 5,1 мыңнан 27,1 мың тоннаға дейін өсіп, экспорт көлемі 24 есе, 1 мыңнан 24 мың тоннаға дейін артады. Етті мал шаруашылығын дамытуға 7 бордақылау алаңы қатысатын болады.

– Қазақ «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дейді. Қой шаруашылығы – табыстың көзі екенін біздің фермерлер жақсы біледі…

– Дұрыс айтасыз. Облыста қой шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылға қарай ұсақ мал басын 1,5 миллионға жеткізу бағытында шаралар қабылданды. Бұл етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 375 мың ұсақ мал сатып алу есебінен жүзеге асырылады. Оның ішінде, биыл 15 мың сатып алу жоспарлануда. 2018-2022 жылдар аралығында 650 отбасылық ферма ұйымдастырылады. Оның ішінде бұл жылы 25 ферма құрылады.

 2020 жылдан бастап «Ақтоғай және Шет аудандарында экспортқа терең қайта өңдеумен отарлы қой шаруашылығының мегафермасын құру» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарлануда. Моңғолиядан 100 мың қой импортталады. Сондай-ақ, келесі жылы Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» шаруашылығында 20 мың қойға арналған бордақылау алаңының құрылысы жоспарлануда.

– Етті мал шаруашылығын дамытумен қатар сүтті мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз…

 – Сүтті мал шаруашылығында сүт өндірісінің өсуіне және ұйымдасқан шаруашылықтарда сиырлардың өнімділігіне назар аударылатын болады. Ол үшін біз 2022 жылға дейін 6550 басқа арналған 33 сүт-тауар фермасын, оның ішінде, 3 өнеркәсіптік және 30 отбасылық ферма құруды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыс істеп тұрған 45 сүт-тауарлық фермасын ескерсек, олардың саны 78-ге жетеді.

Мысалы, Осакаров ауданының «Еңбек-95» ЖШС-де 650 басқа арналған заманауи сүт-тауарлық фермасы салынып, пайдалануға берілді. Бұл шаруашылық сандық технологиялар – «смарт-ферма» элементін енгізу бойынша пилоттық жобаға қатысады. Абай ауданының «Шанс» шаруа қожалығы мен «Астро Агро» ЖШС-де 400 басқа арналған сүт-тауарлық фермалары салынуда.

 – Инвестиция – экономикаға серпін беретін қозғаушы күш. Қарағанды инвесторлар үшін тартымды аймақ екені айқын…

– Саланы дамытуда инвестициялар көлемі маңызды роль атқарады. Инвестиция тартуға жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық жобалар ықпал етеді. Агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 31,7 млрд. теңге 41 инвестициялық жоба іске асырылуда. Мұнда 804 жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде, 8,1 млрд. теңге сомасына 27 жоба биыл қолданысқа беріледі. 407 адам жұмыспен қамтылады.

Ағымдағы жылы Абай ауданында «Волынка» ЖШС-де ет өңдеу бойынша жоба жүзеге асырылды. «Қарағанды-Нан Корпорациясы» ЖШС-де макарон өнімдерін өндіру желісі іске қосылды. «Евразиан Фудс» АҚда өндірісті жаңғырту жүргізіліп, спред және қоюлатылған сүт өндіру бойынша қазіргі заманғы жабдықтар құрылды.

Әрине, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекеттік қолдау да ықпал етті. Биыл облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері субсидия түрінде 14 млрд. теңге алады. Ал «ҚазАгро» холдингінің даму институттары арқылы 9 млрд. теңге жеңілдетілген несиелер алады. Оның ішінде, 3,7 млрд. теңге – ауылдағы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қарастырылған қаражат.

 – Қарағанды облысы – Астананың азық-түлік белдеуі ретінде аса жоғары маңызға ие аймақ. Сол себепті Үкімет тарапынан да облыстың ауыл шаруашылығы саласына ерекше міндеттер қойылып отыр десек, пікіріміз жаңсақ болмас…

– Облыстың аграрийлері республикамыздың астанасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге да белсенді қатысуда. Ағымдағы жылы Астанаға азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы аясында құны 11 млрд. теңге болатын 16 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді.

 Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін облыстың ауыл шаруашылығын дамытуда негізгі басымдық қарқынды техникалық қайта жарақтандырумен және технологиялар трансфертімен бірге еңбек өнімділігінің өсуі болуы тиіс. Ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтыру және оның экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға, оның ішінде, пайдаланылмайтын суармалы жерлерді қалпына келтіруге қол жеткізу, ауыл шаруашылығында цифрландыру қарқынын жеделдету және ең алдымен «нақты егіншілік» және «смарт-ферма» элементтерін енгізу қажет. Облыс диқандарының оларды шешу үшін қажетті әлеуеті бар және олар шешілетін болады деп есептеймін.

Әңгімеңізге рахмет!

Cұхбаттасқан Нұрқанат ҚАНАФИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.