Баспана кілттері берілді

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының «Құтты мекен» жобасымен Қаражал қаласы, Абай көшесіндегі 3 қабатты 34 пәтерлік тұрғын үй қайта қалпына келтірілді. Құтты қоныстан әлеуметтік тұрғыда әлжуаз топ санатына жататын 28 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды.

Қала әкімдігінің мәжіліс залына жиналған қуаныш иелеріне пәтер кілтін шаһар басшысы, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Тілектес Досаев салтанатты жағдайда тапсырды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Бақытты отбасы» бағдарламасы былтыр ғана қолға алынған еді. Сол кезде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз топ санатындағы 300-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұратын. Қазір қалғаны – 211. Бұл үрдіс алдағы уақытта да мақсатты түрде жалғасатын болады» – деді ол. Салтанатты сәтте қала басшысы көпбалалы ана Айнұр Көкеева мен Динара Жахинаның омырауына — «Алтын Алқа», Мәдина Тұрсынбекованың омырауына «Күміс Алқа» төсбелгісін тақты. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ белсенді азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаты мен қала әкімінің грамотасын тапсырды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.