Спорт

Жайлауов жеңіске жетелей ме?

Қазақстан хоккей құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Талғат ЖАЙЛАУОВ, қарағандылық «Сарыарқа» командасының қатарын толықтырды. Бұған дейін спортшы өз мансабында Өскеменнің «Торпедосы» мен Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубтарында өнер көрсеткен.

Өткен маусымда Талғат Бақытбекұлының елордалық «Барыспен» келісім-шарт мерзімі аяқталған еді. 34 жастағы ойыншы аталмыш команда сапында 11 маусым бойы өнер көрсеткен. Тәжірибелі ойыншы 2001/2002 маусымында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. 2004/2005 жылғы кезеңде Қазақстан чемпионатының алтын медалімен бірге 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншілеген. Ал, 2006/2007 маусымында Қазақстан құрамасына әлем чемпионатының қола медалін алуға еңбегі сіңген. Сондай-ақ «Казцинк-Торпедо» құрамында Қазақстанның екі дүркін чемпионы болып, республиканың үздік хоккейшісі атанады.

Сарыарқа клубы жоғарғы хоккей лигасының (ресей лигасы) осы маусымның 1/8 финалында ресейлік «СКА-Нева» командасына есе жіберіп, ойыннан шығып қалған. Алдағы уақытта, клуб басшылары жаңа ойыншыдан үлкен үміт күтетінін айтады. Шайбаны қақпаға тоғытудан алдына жан салмайтын шабуылшыға тек сәттілік тілейміз!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button