Қайсар жігіттің биігі

Өткен аптада қаламызға сүйінші жаңалық жетті. Алматы қаласында кәсіпқой аралас жекпе-жектен өткен республикалық турнирде жерлесіміз Нұрәли ТҰРСЫН жеңімпаз атанды.

ММА спорты соңғы жылдары әлем бойынша қарқын алып, тынысы жаңадан ашылғандай. Әртүрлі жекпе-жек өнерінің қосындысы саналатын бұл спортты екінің бірі таңдай бермейді. Ол үшін мықты білектен бұрын, түкті жүрек керек екені рас. Бүгінгі таңда ТМД елдерін айтпағанда, америкалық әйгілі UFC промоушенінде қазақ жігіттері бой көрсетіп жатқаны қуантады. Қазақтың ежелден жауынгер халық екенін бүгін сол жігіттер дәлелдеп жүр. Аралас жекпе-жектің ауылынан балқаштық жас батырлардың да төбе көрсеткені біз үшін мақтаныш. Ал, одан жеңіспен оралып жатса, тіпті, керемет.

Нұрәли – Балқаштағы «ARYSTAN TOP TEAM» клубының спортшысы. ММА-ға келгеніне 7 айдың мұғдары болыпты. Осы уақыт аралығында төккен өлшеусіз тері, тынымсыз жаттығуы өз жемісін де берді. 70,3 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрәли 5 минуттан тұратын үш раундтық кездесу өткізіпті. Бұл – оның алғашқы жекпе-жегі және алғашқы жеңісі.

Енді екі айдан кейін Нұрәли Қырғызстанда өтетін жарысқа қатысады. Алатаудың ар жағында жеңіске жетсе, келер жылдың көктемінде Сингапурға аттанбақ. Қайсар жігітке сәттілік серік болсын дейміз.

Мақсат КҮЗЕМХАН.

БАЛҚАШ қаласы.