1000-ға жуық қарағандылық қоныс тойын тойламақ
Биыл облыс бойынша үй кезегінде тұрған мыңға жуық қарағандылық қоныс тойын тойламақ. Тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндердің 199-ы көпбалалы отбасылар.
Осы және 8 ай ішінде басқарманың атқарған жұмыстары туралы өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин айтты.
– Биыл “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында барлық қаржыландыру көздері есебінен 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Республикалық бюджеттен кезекте тұрған 346 адам үшін жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға қаражат бөлінді. «Отбасы банкі» салымшылары үшін кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша 8 жоба іске асырылады, – деді Мұрат Сәкенұлы.
Сонымен қатар, биылғы жылы 4 жалдамалы тұрғын үй салынып, Шахтинск қаласында 60 пәтер, Абай ауданында 80 пәтер, Шет ауданы Ағадыр кентінде 12 пәтер пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz