Жас өнерпаздар бас қосты
«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» – деген еді Мемлекет басшысы жастармен кездесуінде. Өнерлі жастарды қолдау мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы, ақын Асхат Қажытайдың ұйымдастыруымен «PIANO» ғимаратының шығармашылық залында «Менің елім» атты Қарағанды облысының жас қаламгерлері мен өнерпаздары қатысқан өнер жәрмеңкесі өтті.
Бұған дейін ауыл шаруашылық жәрмеңкелері мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ғана көріп жүрген қала тұрғындары осы жолы саф өнердің жәрмеңкесіне куә болды. Бұл аймақтағы өнер, мәдениет саласында рухани өсу бар деген сөз. Ел азық-түлік пен жұмыс іздеп қана қоймай, рухани ләззат іздеп осы кешке арнайы келді.
Өнер жәрмеңкесіне жас ақындар, жас дәстүрлі һәм эстрадалық ән орындаушылары, жас суретшілер, жас күйшілер, жас қобызшылар қатысты. Барлығы 35 жасқа дейінгі 30 өнерпаз бас қосып, кештің көрігін қыздырды.
Ауқымды іс-шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, жастар мен өнер жанашыры Ерлан Нелдібаев, Қазақстан Суретшілер одағы Қарағанды облыстық филиалының өкілі, белгілі қылқалам шебері, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Ерсін Темірғалиев сөз сөйлеп ашты.
Алдымен, шығармашылық залдың бірінші бөлігінде осы жәрмеңкеге қатысқан аймақтың жеті суретшісі Ерсін Темірғалиев (Қарағанды), Жаңабек Жұмабеков (Қарқаралы), Елена Карягина (Теміртау), Ақерке Рахад (Бұқар жырау), Назира Байырғалиева (Шахтинск), Яна Егорова (Теміртау), Камила Касимованың (Теміртау) қылқаламынан туған картиналар ел назарына ұсынылды. Жанды дауыста музыкалық аспаптарда түрлікомпозиция орындалды. Жиылған жұрт картиналардың авторымен және жұмыстардың туу тарихымен танысты. Жалпы суретшілік өнер хақында пікір алмасып, ұлы суретшілерді де тілге тиек етті. «Сурет – сөздің бояуға айналған түрі» деген сөздің ақиқат екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Жанға жағымды атмосфера жәрмеңкенің екінші бөлігіне деген елдің ынтасын оятып, қызығушылығын арттырды.
– Мұндай өнер жәрмеңкесін бұрын көрмеппін. Әсіресе, жас суретшілердің суреттері қатты әсер етті. Қаладағы бейнелеу өнері мұражайындағы көрмелерде көбіне атақты суретшілердің еңбектері қойылады. Солардың жолын жалғап жүрген керемет суретші жерлестерімнің бар екеніне қуанып тұрмын. Ақындар Жанат Жаңқашұлы мен Асхат Қажытай бұған дейін де бірнеше тың дүние ұйымдастырып, елдің алғысына бөленген. Орталық саябақта өткізген поэзия кешіне де қатысқанмын. Бұл жолы да елді жалықтырмайтын саф өнердегі жастардың басын қосып, достастырып жатыр. Бірқатар дос таптым. Өлең жазғандықтан сурет өнері жаныма жақын. Жалпы, өнердің бәрі тамырлас қой. Осындағы картиналарды көріп, шабытым оянып тұр, – деп әсерімен бөлісті жәрмеңкеге қатысушы талантты жас ақын Еркебұлан Елеусізұлы.
Арқа – қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған киелі өлке. Оған бағзыдан тартып дәлел келтіруге болады. Сөз өнерінде күллі Алаш жұртының мақтанышына айналған Қаздауысты Қазыбек би, Бұқар жырау, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Серік Ақсұңқарұлысынды дүлдүлдер бар. Ән өнері десек, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Бәйсейітова, Манарбек Ержан, Мейірхан Адамбековтердің салған әні құлақта тұр. Күй десең, Тәттімбеттен тартып, Қыздарбек, Дайрабай, Аққыз, Әбікен, Мағауия Хамзиндердің күйінің күмбірі естіледі. Ал, сурет өнері жайлы айтса, одан да терең сақ дәуіріне тартып, таңбалы тастар мен алтын қорымдарды сөйлетуге болады.
Шығармашылық залдың екінші бөлігі ашылғанда арғы жағынан жас талантты күйші Мадияр Сүлейменов күмбірлете күй төгіп отырды. Дуылдаған жәрмеңке қайта қыза түсті. Бұл жолы әдеттегіден өзгерек болды. Жүргізушісіз еркін форматта жалғасты шара. Яғни, қатысушылар өздері бірін-бірі хабарлап отырды. Уақыт та үнемделді, елдің ойы да бөлінбеді, шаршаған да жоқ. Экраннан орындалған өнер туындысының мағынасын ашатын бейнежазбалар, суреттер көрсетіліп тұрды.
Атап айтсақ, жас ақындар Ерік Нарын, Әділет Шопен, Салтанат Қайырбек, Бек Ноғайбайұлы, Жанерке Кәдірбек, Еркебұлан Елеусіз, Бектас Жұман, Шұғыла Ойрат, Тілеужан Қамыспай, Нұрдәулет Марат жырдан шашу шашып, елді сөздің сиқырына ұйытса, күйшілер Мадияр Сүлейменов, Әділхан Саят, Темірлан Азаматұлы пен қобызшы Әмір Аманкелді елді тарихтың тереңіне жетелей жөнелді.
Ал, жас та болса аймақты елімізге танытып жүрген күміскөмей әншілер Саян Бөдес, Арайлым Жүкенова, Балауса Әбдуалиева, әнші Шыңғыс Сәрсенбай, әнші, сазгер Баян Абай, Азамат Сәкен, Қуандық Төкен және «Арай» квартеті әуелете ән шырқап, жүректі жадыратты.
Кеш соңында өнер жәрмеңкесінің өтуіне ұйытқы болған Жанат Жаңқашұлына сөз сөйлеп, қолдау көрсеткен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, шығармашылық алаңын ұсынған «PIANO» ғимаратының басшылығына және алтын уақытын қиып келген өнер жанашырларына, қатысушыларға шексіз алғысын жеткізді.
Жәлел ШАЛҚАР