Қауіпсіздік – қатаң қадағалауда

Бетперде кию қаншалықты қажет? Карантин кезінде жұмысқа қалай тұруға және кәсіп ашуға болады? Той саласы өнерпаздарына карантин мерзімінде аймақтың мәдени ошақтарына жұмысқа тұру тиімді ме? Мейрамханалар қызметіне неліктен рұқсат берілмей отыр? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға облыс әкімінің орынбасары Әлішер ӘБДІҚАДЫРОВТЫҢ төрағалығымен облыстағы эпидемиологиялық жағдайға қатысты «ZOOM» платформасында өткен баспасөз мәслихатында тиісті басқармалар басшылары жауап берді.

Онда аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы ресми деректер жария етілді. Ел аузында жүрген «адамдар «КВИ жұқтырдым» дегені үшін дәрігерлерден 300 мың теңге алады екен» деген қауесетке де нүкте қойылды.

– Дәрігерлердің жалақысы тұрақты. Жұмыс зияндылығы үшін қосымша төлем бар. Әр жағдайға егжей-тегжейлі эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Байланыс жасаған адамдар тобы анықталады. Бұл – әр науқаспен тұрақты әрі үлкен жұмыс деген сөз. Көрсеткіш қуалаудың, ол үшін қаржы шығындаудың не қажеті бар? Бұл – жалған ақпарат, – деді облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Юрий Залыгин.

Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, аталған дақпырт – кезекті аңыздардың бірі. Төлемдер өз міндеттерін орындау кезінде індетті жұқтырған медицина қызметкерлеріне ғана беріледі. Кей адамдар күні бүгінге дейін коронавирустың бар екеніне сенбейді. Себебі, олар айналасындағы науқастарды байқамайды. Бұл – инфекцияның алдын-алу жұмыстарының жақсы жүргізілгенінің айғағы. Әлі де жұқтыру жағдайлары жалғасуда. Дегенмен, аймақта кейінгі кезде сырқаттардың ажал құшу көрсеткіші азайды, – деді ол.

Сондай-ақ, Юрий Залыгин кафе, мейрамханаларда және жазғы қоғамдық тамақтану орындарында бетперде кию керектігін баса айтты. Бұл індеттің таралуын тежейді.

Қазір көп адам жұмыссыз қалды. Салалық басқармалар басшылар осы мәселеге де тоқталды.

– Облыста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жалғасуда. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді, ал сәуір айынан бастап ТЖ енгізу нәтижесінде зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелендірудің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Оны іске асыру үшін республика бойынша 600 млрд. теңге бөлінді. Бұл ақшаны айналымға салу және қызметкерлерге жалақы төлеу иақсатында да алуға болады. Бүгінде бұл несие 58 жобада пайдаланылды, – деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың мәлімдеуінше, «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» бағдарламасымен өз ісін бастағысы келетіндер үшін оқыту курсы қарастырылған. Оқу 10 маусымда онлайн-режимде басталады. Сондай-ақ, 550 мың теңгеге дейін жаңа бизнес идеяларды іске асыруға бір реттік гранттар беріледі.

– Осы бағдарлама аясында біз 18 миллион теңгеге дейін несие ұсынамыз. Мерзімі – 5 жылға дейін. Мал өсіру мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жобаларына сыйақы мөлшерлемесі – 6%-ға дейін. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне – 4%. Бағдарлама аясында бастапқы жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерге Жастар тәжірибесі ұйымдастырылып, жалақы төленеді. Кейін қоғамдық жұмыстарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы орналаса алады. Түйіндемені enbek.kz және naimi.kz сайты арқылы жіберуге болады, – деді Әсем Жүніспекова.

Ал, той және мерекелік кештер ұйымдастырумен айналысатын өнерпаздар карантин кезінде облыс аумағындағы мәдениет ұйымдарына жұмысқа тұра алады. Бұл туралы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов айтты.

– Облыс театрлары, филармониялары, мәдениет үйлері жұмыс ұсынып отыр. Жұмысқа орналасқандар 66 мың теңге көлемінде жалақы алатын болады. Бұл үшін 8 (7212) 41-14-68; 42- 30-09; 42-51-12; 42-30-06 телефон нөмірлеріне хабарласу керек, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, мейрамхана иелері мен тұрғындар мейрамханалардың ашылмай жатқанына алаңдаулы. Балабақша қызметінің толық қалпына келтірілмеуі де сұрақтар туындатуда.

– Жалпы, аймақтағы жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Бүгінгі таңда коронавирустың мыңнан астам жағдайы тіркеліп, оның ішінде, бесеуі өліммен аяқталды. Сол себепті, әзірге бірқатар нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Басты міндет – халық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Санитарлық қызмет мәліметтері бойынша облыста КВИ дертін жұқтыру деңгейі 100 мың адамға шаққанда 77 оқиғаны құрайды. Күнделікті өсім – 3,1%, бұл – республикалық көрсеткіштен екі есе жоғары.

– 405 адам сауығып кетті. Бірақ, әлі де жағдайы ауыр науқастар бар. Ауырлығы орташа деңгейдегі науқастар қатары көбеюде. Өздігінен келушілердің саны да артып келеді, – деді Юрий Залыгин. «Кез келген қоғамдық шараларды өткізуге тыйым салынады. Тіпті, отбасылық жиындар өткізбеуге шақырамыз. Тестілеудің арқасында қазір симптомсыз жағдайлар көп анықталуда, бұл ретте, адам ауырғанын сезбейді. Алғашқы 10 күнде вирус қоршаған ортаға өте жылдам тарайды. Осындай тасымалдаушымен қарым-қатынас жасаған адам індет жұқтырады, – деп түсіндірді ол.

«Мейрамханалардың ашылуы індет жұқтыру деңгейі 2%-ға дейін төмендегенде қарастырылады. Балабақшаларды ашу әзірге өте қауіпті» дейді мамандар. Ал, балабақшалардағы кезекші топтар сақтық шараларын сақтай отырып жұмыс істейді.

Жәлел ШАЛҚАР.