Облыс әкіміРесми

Егінші мен еріктіге – БЕС!

Кейінгі апталар кадрлық өзгерістермен есте қала бастады. Кеше аймақта, облыс әкімдігінде тағы бір жаңа басшы тағайындалды. Атап айтсақ, облыс әкімі аппаратының басшылығына бұған дейін аппарат жетекшісінің орынбасары болған Даулат ЕШКЕЕВ бекіді. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК онлайн режимде өткен аппарат мәжілісінде мәлімдеді. Одан соң көктемгі егіс пен еріктілердің ел ішінде тындырған істері сөз болды. Егісте де елең еткізерлік жаңалық бар екен. Айталық, биыл 1 млн. гектардан астам алқапқа дәнді дақыл сіңіріліпті. Ол былтырғы жылдан 51 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі осылай дейді. Еріктілер де ерлеп тұр. Олар төтенше жағдай кезінде жұдырықтай жұмылып, зор күш екенін көрсетті.

ДИҚАНДАР ДӘН СІҢІРІП БОЛДЫ

Басқарма басшысы Сағынжан Апақашов белгіленген уақытта барлық көктемгі жұмыстар мәреге жетті деп отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, осы жылы артық 51 мың гектардың 19 600 гектары – Нұра, 15 300 – Бұқар жырау, 12 700 – Осакаров, 2 900 гектары – Абай аудандарына тиесілі.

Дәнді және бұршақты дақылдардың көлемі 32,7 мың гектарға артып, 895,7 мың гектарға жеткен. Бидай – 651,6 мың гектар, арпа – 217,8 мың гектар және сұлы – 21,9 мың гектар. Майлы дақылдар 1100 гектарға ұлғайды. Азықтық дақылдар – 8300 гектарға, картоп – 307, көкөніс 167 гектарға артты. Сонымен қатар, Сағынжан Апақашов шаруашылықтар жоғары өнімді тұқыммен қамтамасыз етілді дейді. Мұндай сапалы тұқым себілген алқаптың көлемі – 86 пайыз. 12 100 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алуға келісім де бар. Ал, зиянкестермен жұмыстарға республикадан 1 млрд. теңге бөлінген.

Алқаптарды шегірткеге қарсы өңдеу басталды. Оған республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Егісті алқапты аудан әкімдерінен де жұмыстың барысы сұралды. Әкімдердің айтуынша, егіс даласына қатысты мәселе әзірге туындамаған. Жеңіс Махмұдұлы биылғы көктемгі егістің уақытында басталып, жоспарланған мерзімде мәреге жеткенін атап, аграрлық секторға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

ЕРІКТІЛЕР ЕЛГЕ ЖІГЕР БЕРЕДІ

Еріктілер жылындағы жұмыстар барысында облыста волонтерлер 775 акция өткізіпті. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев еріктілердің жұмысы «Біргеміз» акциясы негізінде жүргізілгенін айтады. Бұл орайда еріктілер 7 бағытты қамтыған. Әр бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар жасақталған. Облыста 7 мың адамды 97 волонтерлік топ бар.

Карантин кезеңінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарт адамдарға, мүгедектерге және басқа да аса мұқтаж жандарға көмек көрсеткен. Еріктілер арқылы 15 наурыздан 6 мамырға дейін 14 251 отбасы, 65 мыңнан астам адам көмек алды. Қайырымдылық іс-шараларға 3 мыңнан астам волонтер жұмылдырылды.

Олар мұқтаждарға макарон, жарма, ұн, ет, өсімдік майы, көкөніс, жеміс-жидек салынған тегін азық-түлік себеттерін жеткізді. Аймақта барлығы 106,8 тоннадан астам азық-түлік пен санитарлық-гигиеналық құралдар мен 44 521 медициналық бетперде таратылды.

Осы жылдың наурыз айында “Сарыарқа жастары” волонтерлік штабы құрылды. Штаб ашылғаннан еріктілер 3 653 адамға қол ұшын созған екен.

– Еріктілердің қауіпсіздігі – маңызды мәселе. Сондықтан, біз оларды жеке қорғаныс құралдарымен, антисептиктермен қамтамасыз еттік. Волонтерлер көмек алушылармен тікелей байланыс жасамауына назар аудардық, – деді Нұржан Жетпісбаев.

Алдағы уақытта еріктілердің қатарын толықтыра түсіп, еріктілердің көшпелі слетін өткізу де жоспарланған. Волонтерлерді қолдаудың аймақтық орталығы да ашылады. Мақсат – орталық арқылы әдістемелік көмек беру. Облыстағы волонтерлердің 10 үздік тобына 3 млн. теңгенің гранты табысталады деп күтілуде. Дегенмен, кей аудандарда еріктілерге қолдау көрсетуді күшейту қажеттілігі де айтылды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек волонтерлік қызметке жастарды ғана емес, сонымен қатар, аға буын өкілдерін де тарту қажеттігіне тоқталды. Мұндай бастама Теміртауда жүзеге асырылуда.

– Бұл мысал барлық тұрғындарды жігерлендіруі тиіс. Мен аға буын волонтерлерімен кездестім. Олардың көздері жанып, халыққа нақты материалдық көмек көрсетуге талпынып тұрғандары көрініп тұр. Еріктілерге көмек көрсетуді ойластыру керек. Меніңше, жастар саясаты басқармасы жақсы жұмыс атқарды, – деді аймақ басшысы.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button