Ресми

Оқулықта олқылық болмайды

Биыл педагогтерді аттестаттау жүйесі жетілдіріліп, біліктілік санаттарына өту балдарына қойылатын талаптар күшейтілді. Мұндай өзгерістер жалақының айтарлықтай өсуіне әсер етеді. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ Facebook-те тікелей эфирде өткен халық алдындағы есептік кездесуінде мәлімдеді.

– Биылдан бастап оқулықтардың сапасына қойылатын талаптарды күшейту туралы БҒМ-нің бұйрығы шықты. Оқулықтарды сараптау жұмыстарымен тек тәуелсіз мамандар айналысады. Оқулық авторлары мен баспалардың оқулықтарды әзірлеудегі жауапкершілігі артты. Енді сатып алынған оқулықтарда қателер анықталған жағдайда, баспалар барлық шығынды өздері өтейді. Авторлар мен сарапшыларды оқыту жұмысы қолға алынады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға оқулықтармен қамтамасыз ету жөнінде қойылатын талаптарды күшейтеміз, – деді Білім және ғылым министрі.

Ол сондай-ақ бүгінгі таңда мектеп оқушыларының 96%-ы жаңартылған білім мазмұнына көшкенін, ал 11-сыныптар биыл ауысатынын айтты. Осылайша, ведомство басшысы орта білім беру жүйесінің жаңартылған білім мазмұнына көшуін аяқтайтынын мәлімдеді.

Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытатын Абай атындағы мектептер мен мектеп-интернаттар желісін құру басталды. 10 өңірде осындай мектептер ашылып, жыл соңына дейін тағы жеті мектеп ашу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

Биылдан бастап алғаш рет білім беру ұйымдарының басшылары үшін аттестаттау енгізілгенін атап өткен жөн. Аттестаттау нәтижесі бойынша айлықақыларына 30-дан 100%-ға дейін қосымша ақы төленетін біліктілік санаттары беріледі. Білім ошақтары басшыларының жалақысы жұмыс нәтижелеріне байланысты сараланбақ.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button