АбайАймақ

Туған жердің қамын ойлап

Абай ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ілкімді істер тиімді жүзеге асуда. Аудан азаматтарының бірігуімен тұрғындардың талап-тілегіне бағытталған жұмыстар да өз ретін табуда. Жақында Қарабас кентіне жаңа ойын алаңдары салынды. Ауыл азаматтарының қолдауымен жүзеге асқан шара ақсақалдар тарапынан қолдау тапты.

Аудан азаматы Ерлан Әкімбаев Қарабас кентіндегі «Kig Kaz Invest Gruop» ЖШС демеушілігімен Жамбыл көшесінің тұрғындарына арнап балалар ойын алаңына қажетті заттар сыйлады. Оның ішінде әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары секілді көптеген дүниелер бар. Ойын алаңын қажетті құрылғыларды сатып алуға мәрттік танытқан азаматқа кенттің ақсақалдары мен көпбалалы аналар алғыс білдірді.

– Ойын алаңдарындағы әткеншектерді жаңартқаны жақсы болды. Балалар алаңсыз ойнап жүр. Қазіргі таңда істеймін деген адамға мүмкіндік мол. Әрбір қазақстандық осы мүмкіндікті пайдалануы керек. Оның үстіне мемлекет білім алуға, еңбек етуге де мүмкіндік беріп отыр. Көптеген азаматтар өзінің кәсібін ауылымен байланыстыруда. Мысалы, ауылдың жерін пайдаланып, оны көркейтуге болады. Сол сияқты ауланы абаттандырып, жас буынның алаңсыз демалуына, ержетуіне мүмкіндік жасап жүрген азаматтар баршылық. Олардың көбісі ауыл орталығындағы демалыс алаңының айналасын гүлмен көмкеріп, жарық шамдар орнатқан. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасап жүрген кәсіпкерлерге алғыс айтуымыз керек.

– Осы орайда Елбасының «Туған жер» бағдарламасының септігі көп тигенін атап өтер едік. Отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын айтқан болатын. Жастарды патриотизмге тәрбиелейтін осындай бағдарламалар жаңғыра берсе екен, – дейді ауыл ақсақалдары.

Шараға қатысқан кент әкімі Әлібек Жақсылықұлы Елбасының әр жылы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында ауылдардың өсіп-өркендеуіне ерекше тоқталуы осындай жарқын істердің себепкері екенін тілге тиек етті.

– Елбасының бастамасымен ауылдарды көркейту, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Атап айтқанда, 2002-2005 жылдарға аналған «Ауыл жылы», 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы, жас мамандарды ауылға тарту мақсатында қолға алған «Дипломмен – ауылға» жобасы жүзеге асты. Бағдарламалар нәтижесін беріп, ауылды жерлердің жолдары жөнделіп, мектеп, аурухана бой көтеруде. «Жол картасы» шеңберінде мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа нысандар бой көтерді. Жалпы, елім, жерім деген отансүйгіш азаматтар «Туған жер» бағдарламасына қолдау білдіріп келеді. Әсіресе, бүгінгі таңда Елбасының бастамасын іс жүзінде дәлелдеп жүрген ұлтшыл азаматтар көп. Аудан азаматтарының бірі туған ауылының әл-ауқатын көтеруге ат салысса, басқалары көпбалалы отбасыларға қайырымдылық қолын созып, жұмыспен қамтамысыз етуде. Мектептерге көмек көрсетіп жүргендері қаншама?! «Туған жер» бағдарламасы аясындағы осындай үлгі боларлық шаралардың жүзеге асқаны қуантады. Алдағы уақытта өзге де аумақтарды қалыпқа келтіріп, кенттің көркін ашуды көздеп отырмыз. Халыққа жарамды жұмыстар жалғасын табуда, – дейді кент әкімі Әлібек Жақсылықұлы.

Жалпы, ауданның қазіргі тыныс-тіршілігіне үңілген адам абайлықтардың мемлекеттік бағдарламалар аясындағы 42 инфрақұрылымдық жоба бойынша (сомасы – 1 млрд. 362 млн. теңге) ауқымды жұмыс орындарын құра отырып іске асыруды жоспарлағанын бағамдайды.

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы ел игілігіне сүбелі үлес қоспақ. Ортақ мүдделі іске жұртшылық ықыласпен атсалысуда. 

Аяулым СОВЕТ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button