Жауапкершілік – жақсылыққа бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына жолдаған телевизиялық үндеуін мұқият тыңдадым. Елдің қамын ойлап, алаңдаған көңілі мен індеттің кесірінен қайтыс болған адамдардың туыстарының қайғысына ортақтасқаны халқын сүйгендігінің белгісі.
13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялағаны жұртшылықтың көкейіндегі сансыз сұрақтарға берілген жауап болды. Нағыз елін ойлайтын азамат өз патриоттығын осындай нақты іспен дәлелдейді.
Президенттің «Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты» дегені де өте орынды. Адамзат баласына қайғы-қасірет әкелген қатерлі індетті темірдей тәртіп пен асқан жауапкершілік арқасында ғана жеңе аламыз.
Мемлекет басшының үндеуінен бұл індетпен күрес жолындағы байыпты жоспары мен жеңіске деген сенімін байқадым. Енді, әрқайсымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы жұмысын тікелей қадағалап отырған Пандемиямен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның әр шешімі мен бастамасына қолдау білдіріп, жүзеге асуына атсалысуымыз керек.
Өйткені, әркім өз отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, бұл да індеттің алдын алуға қосқан үлесі болары анық. Сондықтан да, жауапкершілікті ту етіп, бетперде, қолғап киіп, тазалыққа мән берейік. Адам көп жиналатын жерлерден аулақ болайық. Өзімізді және жақындарымызды сақтайық.
Мартбек КҮЗЕМБАЕВ,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 орта мектептің директоры.