ПоэзияРуханият

Домбыра

«Санамның сөзі,
Бабамның көзі,
Анамның сазы,
Баламның назы,
Тағдырдың тезі,
Қазақтың өзі –
қайран да қара домбыра!».
(Ескі жырдан…)

Ұлтым – Домбыра! Ғұрпым – Домбыра,
мұра боп қалған боз шалдан,
көркіңді көріп, көмекейіңе көз салғам!
Бұрауың – бөлек, жырауың да ерек төгер-ді,
өнерлі, зерек, ерен, дүр..
оғыландардан озса арман!
Сылқым – Домбыра! Бүлкіл –Домбыра,
сиқырлы, сұлу саңлағым!
Арда Күн сынды аласармайтын ардағым!
Тәңірдің сыйын, сағындым күйін Даламның…
Идіріп сауған інгенін, иіріп салған нарларын!
Дауыл – Домбыра! Бауыр – Домбыра,
бүйрегім бұрып тұратын!
Сағағыңа – сыр, шанағыңа жыр тұнатын!
Түсімде күнде ішімдегі үнге үйлестің…
өткізіп күйші дәуренін, жеткізіп ақын мұратын!
Құйын – Домбыра! Күйім – Домбыра,
қорыған қорым, қорығым!
Көңіл аулатқан, қоңырулатқан қоңырым!
Далам, Аспаным, дара дастаным өзіңсің…
қорғаған қара қорымын, толғаған баба жорығын!
Толға, Домбыра! Жорға – Домбыра,
жаһанда жалқы жампозым!
Алаштың зарлы, абыздай арлы қарты өзің!
Сүйектен ойған, тиекке қойған тұғыр ғып…
Бойыңда – қадір, сойыңда – сабыр, бар төзім!
Жалын – Домбыра! Жадым – Домбыра,
Өреңнен өскен Өр Елден,
Пернелеріңнен періште туып, пері өлген,
өзегі күйген, өз Елін сүйген өренге…
берешегімді берермен келешегімді көрем мен!
Барым – Домбыра! Арым – Домбыра,
Өткен – Өмір өткерген!
Семсердей тілім теңселмейтұғын Текті Елден,
шыныққан кезде ғұрыптарды өзге көзге ілмей…
Қауқарым ба едің от берген, жауһарым менің жеткерген?!..
Ғажап – Домбыра! Қазақ – Домбыра,
Өткенім – өртең, өлермен!
Байтаққа көнбіс, бекзада болмыс берер дем!
Пешенем болып, көсегем болып мәңгілік…
ділім мен тілім көгерген, күнім мен түнім теңелген!
Елім – Домбыра! Бегім – Домбыра,
Шерімді шексіз шертер ме ең?!
Күйінген Елді күйіңмен зерлі көмкергем!
Серпермен күмбір төңкерген күллі дүниені…
Жігерім барар ертеңге, жүрегім қалар өртенген!
Ғалам – Домбыра! Қаған – Домбыра,
Есеңгіреген Елді арда,
жайландырарсың, айналдырарсың дегдарға!
Жер құшқан жалау, желге ұшқан алау жаңғырып…
сөнбейді, сірә, енді арман, өлмейді мұрам… Сен барда

Ержан АЛАШТУҒАН.

Басқа материалдар

Back to top button