Облыс әкіміРесми

Білім ошақтары жөнделеді

Қарағандыдағы білім беру объектілерінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл алғаш рет қалада барлық мектептер мен балабақшалар жөндеуден өтеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында орасан жұмыс атқарылмақ. Қолға алынған нысандарға арнайы барған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК мердігер компаниялардың жауапкершілігіне назар аударды.

№2 музыка мектебі 1948 жылы салынған. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары ешқашан жүргізілмеген. Соңғы рет ағымдағы жөндеу 29 жыл бұрын болған. 650 балаға арналған ғимарат көптен бері жаңартуды қажет етіп тұр. Биыл жол картасы аясында білім беру нысанын ретке келтіруге мүмкіндік туды. Бұған 78 млн. теңге бөлінді.

– Көптен бері мұнда жөндеу жұмыстары болған жоқ. Жыл сайынғы қаржыландыру, тек, шағын жұмыстарға ғана жетті. Қазір күрделі жұмыстар жүріп жатыр. Барлығын ауыстырамыз. Енді бізде жаңа жылу және электр жүйесі, сантехника болады. Біз үшін, әрине, бұл – үлкен қуаныш. Жазғы демалыстан келген балаларды жаңарған мектепте қарсы аламыз деп ойлаймын, – дейді №2 музыка мектебінің директоры Марат Мәжитов.

Күрделі жөндеу жұмыстары Майқұдықтағы №13 орта мектепте де алғаш рет жүргізіледі. Ғимарат 86 жыл бұрын салынған. Жыл сайынғы ағымдағы жұмыстармен бұл оқу ордасын қалыпқа келтіру мүмкін болмас еді. Енді, мектеп «Жұмыспен қамтуды жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтеді. Мұнда шатыр ауыстырылып, қасбет жаңартылып, жаңа терезелер, жылу жүйесі орнатылады. Электр монтаждау жұмыстары жүргізіліп, аумағы көркейтіліп, жаңа қоршаулар тұрғызылады.

– Бұл – белгілі нысан. Үлкен ақша бөлінді. Балалар үшін жасап жатырсыздар. Сондықтан, жұмыс сапасын мұқият қадағалаңыздар. Сізге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Жұмысты аяқтаған соң өзім келіп тексеремін, – деп ескертті құрылыс компаниясының басшысына Жеңіс Қасымбек.

Қарағандыда барлығы 133 білім беру нысаны бар. Барлығында жөндеу жүргізіледі. Күрделі жөндеу 29 мектепте, ағымдағы жөндеу 41 мектепте, аулаларды абаттандыру 95 мектепте жүргізіледі. Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, аулаларды абаттандыруға ешқашан қаржы бөлінбеген және мектеп аумақтарын директорлардың өз күштерімен қалыпқа келтіруге тура келген. Ал, күрделі жөндеуден жыл сайын тек екі мектепті өткізуге ғана мүмкіндік болған.

– Біз биылғы жылы осындай үлкен сома бөлінгеніне өте қуаныштымыз. Енді барлық нысандарды толық ретке келтіре аламыз, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы.

Мектептер мен балабақшалардан бөлек, Жеңіс Қасымбек Майқұдық Мәдениет үйінде, «Нұрби» аула клубында және «Литейщик» стадионында жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді. Спорт нысаны қазір жергілікті тұрғындардың жіті назарында. Халық оны қалпына келтіруді бірнеше рет өтінген. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша биылғы жылы қаржыландыру көзі табылып, қазір стадионда жөндеу жұмыстары басталды.

– Мұнда жасанды көгал алаңы, тартан төселген жүгіру жолдары, қоршау, жарықтандыру тіректері, киім ауыстыратын орындар, дәретхана, әкімшілік және күзет блогы болады. Қазір жұмыстар мерзімінен бұрын жүріп жатыр, тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді «Дорстройтрест» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Максим Воробьев.

– Стадион тұрғындар үшін өте маңызды. Оның ашылуын асыға күтетінін білемін. Мерзімін созбаңыздар. Майқұдықта 200 мыңға жуық адам тұрады. Қазір мұнда аулалар абаттандырылуда. Бірақ, аймақта спортпен шұғылдануға деген қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, Октябрь ауданында тағы да он жаңа футбол алаңын салуды тапсырамын, – деді Жеңіс Қасымбек аудан әкімі Мейрам Қожуховқа.

Кездесу соңында аймақ басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асырудағы жауапкершілік туралы ескертті. Ал, жергілікті әкімдер жұмыс сапасын бақылауы тиіс.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button