Облыс әкіміРесми

Бір сәтте 10 000 адам Әнұран шырқады

Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің философиясы – Ұлы Дала тарихында» атты онлайн дөңгелек үстел өтті.

Оған Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, белсенді жастар және тағы басқалары қатысты. Мемлекеттік рәміздер 28 жыл ішінде ел имиджінің ажырамас бөлігіне айналды. Жиын барысында спикерлер рәміздердің тарихы жайлы тағылымы мол, маңызы зор ойларымен бөлісті.

Әнұранмен ашылған жиын қатысушыларын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, мемлекет идеологиясының негізі – еліміздің басты символдарына ерекше құрмет пен насихат жұмысының маңыздылығын айрықша атап айтты.

– 4 маусымда сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Әнұраны Қарағанды облысының барлық аймақтарында шырқалды. Акцияға 1000-ға жуық ұйым және 10 000- нан астам адам қатысты. Аймақтың түпкір-түпкірінде мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар өтуде. Еліміздің негізгі атрибуттарына деген құрмет әр күннің нормасына айналуы тиіс, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Жандарбек Мәлібеков рәміздердің қабылдануына байланысты тарихи деректерді ортаға салып, олардың философиясы туралы ой қозғады.

– Әлі есімде, Елтаңба 1992 жылғы 4 маусымда, сағат 17.27-де, 360 депутаттың қатысуымен қабылданды. Елтаңбаның негізгі идеясы – шаңырақ. Ежелде Ұлытау ауданы сияқты Қазақстанның тарихи жерлерінде тайпа көсемдері өз белгілерін қалдырған. Бұл символдардың мағынасы – мәңгілік ел, яғни, тәуелсіздік пен еркіндік, – деді сәулетші.

Ал, Зиябек Қабұлдинов мемлекеттік рәміздердің тарихи мәні жөнінде әңгіме өрбітті. Облысымыздың әр өңірінен, түрлі саладан қатысушы спикерлер Мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау мен патриоттық тәрбиені қалыптастырудағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, ізгі тілек-ниеттерін білдіргенін айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, шарада жоғары жауапкершілігі һәм азаматтық ұстанымдарымен ерекшеленген аймақтың бірқатар азаматтары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Дөңгелек үстелге қатысқан құқық, мәдениет және спорт, білім салаларының өкілдері, ЖОО ректорлары, «Астана», «Орталық» әскери қолбасшылығының қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер басшылары, жастар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері елдігіміздің нышаны – Мемлекеттік рәміздер хақында біршама тың ойларды зерделеріне түйгені анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button