Балқаш қаласында белгілі бір кәсіппен айналысып, нәсібін сол істен тауып отырған жандардың қатары аз емес. Халықтың әл-ауқатының артуына септігін тигізіп жүрген азаматтардың саны арта түскен. Көпшілігі өз отбасы мүшелерімен бірге, өзгелердің де еңбекпен қамтылуына мүмкіндік туғызып отыр. Екінің бірінің тісі батпайтын істің қиюын келтіріп, шаруасын дөңгеленткендер арасында жас кәсіпкер Мақсат ТАҚАБАЕВ та бар.
Қандай істі қолға алсаң да, оның жүзеге асуы алдымен өзіңе байланысты. Ебін тапсаң, кез келген жұмысты жандандыруға болады. Ол үшін тынымсыз еңбек ету керек. Футболкаға дизайн жасайтын 28 жастағы кейіпкеріміздің өмірлік қағидасы осындай. Тапсырыстарды орындау барысында сапалы өнім шығаруға күш салады. Өнімдерінің ерекшелігі – «Made in Balkhash» бұйым белгісі ретінде бренд қалыптастыруға бағытталған.
– Біз өнімге «Made in Balkhash» жапсырмаларын арнайы тігеміз. Бұл заттың қайда жасалғанын көрсетеді. Заманауи технологиялар көптеген мүмкіндіктер мен артықшылықтарды беріп отыр. Қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдаланып, тапсырыс берушінің өтінішіне сәйкес, сөздер мен суреттер саламыз. Әзірге, кесте тігуді тұрмыстық машинамен атқарып жүрміз. Келешекте өнеркәсіптік кесте тігу жоспарымыз бар. Мүмкіндікті арттырсақ, біз қалпақшаға, күртеге, аяқ киімге жазулар тіге аламыз, – дейді жас кәсіпкер.
Жұмыс ретіне қарай, кестеден кейін мата тігіске беріледі. Мұны Мақсаттың анасы Гүлнәр Сыздықова атқарады. Өнеркәсіптік тік бұрышты құрылғыда тыным жоқ. Тігінші үш сағатта матаның бір бөлігін дизайнерлік футболкаға айналдырады. Күніне төрт футболка тігуге қауқарлы. Киімнің сапалы болуын ескергендіктен, тек Түркияда өндірілген маталарды қолданады екен.
Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі. Сонымен қатар, сән тұрақсыз болғандықтан, тігіншілерге үнемі өзгерістерге дайын болу қажет. Мұны Мақсат жете бағамдайды. Кәсіпті бастағанына жарты жыл болса да, балқаштықтар дизайнермен етене таныс. Бүгінде тапсырыстардың басым бөлігі еліміздің өзге өңірлерінен келуде.
Жас кәсіпкер жақында Балқаш қаласы әкімінің бизнесті дамытуға арналған 2 миллион теңге грантын ұтып алды. Мақсаттың алға қойған мақсаты – мығым, бағыты – айқын, жоспары – ауқымды. Ол өндіріс көлемін бірнеше есеге көбейтуді көздеп отыр.
Нұрдос КӘРІМ.