Елорда күніРуханият

Мерекеге мерейлі тарту

6 шілдеде еңселі Елорда 22 жасқа толады. Атаулы күнге орай Қарағанды өңірінде ондаған әлеуметтік маңызы бар нысандар жұмысын бастап, спорт және тұрғын үй кешендері, монументтер мен ескерткіштер ашылмақ. Қысқаша шолып өтсек…

ГАЗДАНДЫРУДА ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

Қазіргі таңда Қарағандыда Тұңғыш Президенттің бастамасымен елді-мекендерді газдандыру жобасы қарқынды жүзеге асуда. Мәселен, Жезқазған қаласында газбен жабдықтау, тарату желілерінің ұзындығы – 37, Теміртауда – 17 және Қарағандыда 64 шақырымды құрап отыр. Бұл тиісінше 2 863 үйді орталықтандырылған газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Осы орайда негізгі капиталға салынған инвестициялардың айтарлықтай өсімі байқалады.

Биылғы Астана күніне орай облыста жалпы сомасы 239 млрд. теңгеге 16 жоба іске қосылады деп күтілуде. Ол өз ретінде 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Олардың екеуі – «Алтыналмас» алтын өндіру фабрикасы мен техникалық газ өндіру зауыты. Сондай-ақ, Жәйремде ірі жобалар «Glencore» байыту фабрикасы, «YDDD Corporation» ферросилиция өндіру зауыты мен «SteelManufacturing» жез өндіру зауыты іске қосылады.

300 жұмыс орнын қамтитын зауыттың ашылуы құю өндірісін жаңғыртпақ. «QazCarbon» көрме-офистік көпфункционалды кешені бар байыту фабрикасын салу да желтоқсанда аяқталады деп жоспарлануда. Кәсіпорынның қуаттылығы 36 мың тонна құю өнімін, 560 мың тонна көмір концентратын және 60 мың тонна тас көмір коксын өндіруге қауқарлы.

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ – ҚАРҚЫНДЫ

Қарағанды үшін тұрғын үй құрылысын дамыту негізгі басымдықтардың бірі екені белгілі. Осы орайда биыл Жезқазғанда бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын екенін атап өткен жөн. Жобаны іске асыру халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 60 отбасын жалға берілетін пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Үлкен құрылыс жұмыстары Сәтбаев қаласында жүріп жатыр. Жезқазған, Весовая, Крестовкий, Перевалка кенттерінен қоныс аударушыларға арналған бес қабатты үймен 240 отбасы қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда Қарқаралы қаласында төрт 18 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Атасу кентінде 7 тұрғын үй салынып, Приозерск қаласында бірнеше бес қабатты үй пайдалануға берілмек.

АВТОЖОЛДАР ЖАҢАРАДЫ

Соңғы жылдары өңірде облыстық және республикалық маңызы бар автожолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Екі жыл бұрын «Анар-Теміртау» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталған болатын. Биыл «Теміртау Қарағанды» және Қарағандының солтүстік және шығыс айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары қарқын алады. Қазіргі таңда «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» автомобиль жолдарында жұмыстар жүргізілуде. «Астана-Қарағанды –Балқаш-Қарағанды» Орталық-Оңтүстік дәлізінің Қарағандыдағы айналма жолын қайта жаңғыртумен «Қазавтожол» ұлттық компаниясы айналысуда. «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін қайта жаңарту жобасымен 666 шақырым автожол қамтылған.

№15 ЕМХАНА ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

Биыл 20 000 тіркелушіні қабылдауға қауқарлы №15 емхана жұмысын бастайды. Медициналық мекеме Степной 2 шағын ауданы тұрғындары мен Мұқанов көшесі, Республика даңғылына жақын маңдағы үйлерге қызмет көрсететін болады. Орталық заманауи медициналық жабдықтармен қамтылғандықтан, емделушілерді 11 жалпы практика дәрігері мен мамандар қабылдайды.

Жаз айларының соңында Нұра ауданының Шахтерское ауылында және Қарқаралы ауданының Қарағайлы ауылында дәрігерлік амбулаториялар ашылмақ.

БІЛІМГЕ – БИІК НЫСАНДАР

Қарағандыда Елбасының тапсырмасы бойынша салынып жатқан Балалар мен жасөспірімдер сарайының ашылуы көптен күткен білім беру нысаны болмақ.

Қазіргі таңда қаладағы 30 шағын ауданда құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан Абай атындағы 104 мектеп-гимназиясы да қаланың осы бөлігіндегі орта білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені, білім ошағынан журналистика, тарих және абайтану бойынша бейіндік сыныптар ашылмақ.

Сондай-ақ, Жезқазғанда 900 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа оқу орны білім беру қызметінің сапасын арттыруға көмектеседі. Сәтбаевта жыл соңында кішкентай тұрғындар үшін 320 орындық балабақша мен Оқушылар сарайы ашылады деп күтілуде.

Биыл Теміртауда 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады. Кешен әмбебап ойын залдары, тренажерлермен жабдықталғандықтан, республикалық маңызы бар чемпионаттарды өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, биыл Ұлытау ауданына қарасты Қарсақпай ауылында, Қарқаралы ауданында сауықтыру кешендері ашылмақ. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени қорығы мен этно-ауылдың құрылысы аяқталады. Бұл – аймақтағы туризмді дамытуға кедергі келтіретін бірқатар мәселелерді шешіп, ауыл тұрғындарына оң әсер етпек.

Бүгінгі таңда Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде жүзумен айналысуға мүмкіндік беретін бассейн құрылысы аяқталуға жақын. Жоба су спорты түрлерін танымал етіп, сондай-ақ ауыл халқы арасында спор инфрақұрылымын дамытуға мейлінше әсер етеді деп күтілуде.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button