Оңалту орталығы ашылды
Қарағандыда Балаларды қорғау күніне орай, сал ауруымен ауыратын науқастарды оңалту орталығы ашылды. Мұнда жылына бір жарым мыңға жуық жас пациент тегін көмек ала алады. Жаңа медициналық мекемеге облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК барды.
«Шипагер» оңалту орталығы Майқұдық балалар ауруханасының аумағында екі қабатты жеке ғимаратта орналасқан. Аумағы – 806 шаршы метр. Мұнда сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту үшін қажетті барлық құрылғылар бар. Жарықпен және физиоемдеу аппараттары, электр монотерапия, мүмкіндігі шектеулі емделушілерге арналған көтергіштер, бассейн, сенсорлық бөлмелер және жайлы палаталар орналасқан. Орталық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде ашылды. Бұл науқастарға оңалтудан тегін өтуге мүмкіндік береді.
– Біз бір айлық нәрестеден 18 жасқа дейінгі 100 баланы қабылдай аламыз. Түрлі санаттағы сал ауруымен ауыратын балалар оңалтудан өтеді, – дейді «Шипагер» компаниясының құрылтайшысы Денис Подгайнов.
Жаңа орталыққа жолдама сал ауруы бар баланың тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханадан беріледі. Емдеу ұзақтығы аурудың күрделілігіне байланысты, орташа есеппен бір курс 10-нан 20 күнге дейін созылады. Курсты жылына 2-3 рет қайталау қажет.
Орталықта жоғары білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Жетекші реабилитолог Қазан қаласындағы травматология институтында оқыған.
Орталық мамандары аймақ басшысына медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын таныстырып, ерекше балалар күтімі туралы баяндады. Жеңіс Қасымбек облыстағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамытуды тапсырды.
Мұндай орталық Жезқазған қаласында да бар. Биыл тағы біреуі Теміртауда іске қосылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.