Uncategorized

Көпшіл көрші – ҚҰТ!

Қазақта көршіге қатысты қанатты қағида көп. Соны, әсіресе көп қабатты үйде тұратын туысқан құлағына құйып алса, кәнеки?! Бірақ, ондай бар. Олар – Сәтбаев қаласының академик атындағы даңғылында 150-үйдің бірінші және 158-үйдің үшінші кіреберісіндегі пәтерлерде қоныстанған тұрғындар. Ынтымағы жарасқан көршілер тұрмыстық түйткіл туындаса, коммуналдық қызметті күтіп қылқиып отырмайды, сырттан бөгде біреу келіп жайлы жағдай жасап бермесін біледі. Бәрі білек біріктіріп, өзі істейді. Осындай үрдіс басқаға үлгі болса игі!

Былтыр желтоқсанда баспасөзге жазылуға байланысты облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің басшысы Қамбар Ахмет (қазір «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің басшысы) пен орынбасары Ахат Құрмансейіт (қазір «Ұлытау» аудандық газетінің бас редакторы) аймаққа келгенде Қ.Сәтбаев атындағы даңғылдың 158-үйінде қонақта болдық. Барған пәтер үшінші кіреберістің бесінші қабатында екен.

Қасымдағыларды қайдам, өзім табалдырықты аттағаннан кіреберіске емес, көрмеге кіргендей әсерлендім. Келесі қабатқа көтерілген сайын тұрғындардың ортақ меншікті өгейсітпей, осыншама әдемі әрі жайлы қылуға талпынысын түйсініп, таң-тамаша күй кештім. Басшының бауыры Байғали – автобус жүргізушісі, ал, оның зайыбы Нұрсұлу мектепте мұғалім екен. «Кіреберіс қандай керемет!» деп, көңіл аулап жатырмын.

– Театрдың қайдан басталатынын бәрі біледі, мен «көпқабатты үй кіреберістен басталады» дер едім. Сырттан кіргенде кіреберісіне қарап, онда тұратын адамдарды бағалауға болады. Кешкілік жұмыстан қажып қайтқанда тап-таза кіреберістегі жарасымды көрініс көңіліңді көтеріп, шаршағаныңды басады,– деп жаны жайсаң Нұрсұлу ағынан ақтарылды.

Сол жолы қайта соғып, кең отырып қауқылдасуға келіскем. Соның сәті таяуда түсті. Нұрсұлу берекелі дастарханына бірнеше көршісін де шақырыпты. Бір-бірін қалай бауыр басқаны бірден көзге ұрып тұр: ашық-жарқын, жайдары, көршісін қолпаштауға пейіл. Бұл бастамаға ұйытқы болған байырғы тұрғындар Төлеугүл мен Шәйгүл екен. Көрші біткен қолдап, 2007 жылы сыртқы есікке домофон орнатып, игі істі бастап кеткен.

Оларда «сен, мен» деген жоқ. Сатушы Жұлдыз бен тігінші Фарида бар шаруаның белортасында жүреді. Төлеугүлдің құрылыста балташы болған жұбайы Құрманғазының қолынан келмейтіні жоқ. Жанат пен Жұлдыздың келіні Құралай – бәрінің бірауыздан бағалауынша, нағыз өнегелі жастың үлгісі. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған «тетя Люба» – қоғамдық негіздегі комендант.

– Бұл – құтты үй. Осында қоныс аударғаннан кейін балама компьютер сатып алғанда 16 купон берді. Кейін соған «Жигули» жеңіл автокөлігін ұтып алғаным бар,– дейді. №65 шахтада жарық таратушы болып істейтін Шәйгүл Тайланова. «Онысы рас! Мен осы үйде ұлымды аяқтандырып, екі қызымды құтты орнына қондырдым. Келешекте көршілеріме тек қуанышты күн көп болғанын тілеймін» деп Төлеугүл құрбысын қуаттап қойды.

Тамаша тілекке бәрі қосылды.

* * *

150-үйдің бірінші кіреберісі туралы кездейсоқ білдім. Мұнда да мінсіз тазалық пен тәртіптің куәсі болдым. Келген қонақты астыңғы қабатында-ақ табиғи гүл шоғы қарсы алады. Көтерілген сайын түр-түріне кездесесің: биік қыш құмыраға егілгені – еденге, шағыны терезенің тақтайшасына қойылған. Кейбіреуі қабырғадағы суретпен жарасым тапқан. Қоладан жасалған әртүрлі бұйым да көзге шалынады.

– Бұлай сәулеттендіру идеясы кімнен туған? Ортақ қажеттілікке жұмсайтын қаражатты жинаумен кім айналысады? Гүл шоғы мен сурет кімнің қолынан шыққан?– деген сан сауал өзінен өзі туындаған.

– Бәрінің басы-қасында көрші Жанат жүреді. Сметаны жасайтын да, керек бригаданы табатын да – өзі. Жөндеуге қажетті материалға тапсырыс беріп, орындалысын қадағалайды. Сәулеттен дірудің жөн-жосығын жасайтын да қажымайтын-талмайтын Жанат,– дейді көршілер. Ал, идеяның қалай туғанын айтып берген Жамал апай:

– Менің бұл үйде тұрғаныма ширек ғасырға жуықтап қалды. Пәтер іздегенде хабарландыру арқылы осында тап болдым. Мұнда қандай адамдар тұратынын кіреберісін көргенде-ақ байқағанмын. Соңғы жөндеуді бұдан төрт жыл бұрын жасадық. Балам Баянауылдың бойжеткеніне үйленіп, тойға дайындалдық. Құдалар келгенде кіреберістің құлпырып тұрғанын қаладым. Ойымды Жанатқа жеткіздім. Ол бірден іске кірісті. Көршілер ұйымшыл. Құдалар келгенше кіреберістің қабырғасы мен төбесін ақтап-сырлап, терезесін пластик түріне айырбастап үлгердік, – дейді.

Жөндеуден кейін көршінің бірі кіреберісті безендіруді ұсынды. Қалғаны қызу қолдады. Әркім қолынан келген үлесін қосты. Біреу гүл, біреу сурет әкелді. Сөйтіп, кіреберіс көзтартар бұрышқа айналды. Тұрғындар арасында арнайы кезекшілік жоқ. Қолы босы еденді жуып, гүлді суара салады. Әркім баласын да соған баулиды.

Тату көршілер баяғыда-ақ бір үлкен отбасына айналған. Біреуінің қуанышы бәріне ортақ тойға айналады. Мереке біткенді кең дастархан жайып, бірігіп тойлайды. Құрбан айт пен әз-Наурыздың жөні, тіпті, бөлек.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button