Бас тақырып

Ұлттық қауіпсіздік азық-түліктен басталады

Бұл қоғам – «қазаннан қақпақ, иттен ұят кеткен» қоғам. «Есектің артын жуып, мал тап» емес, қазір адамның жанын саудалап та пайда табуға машықтанған қоғам. Сөздің шыны керек, бұқара алдындағы асының адалдығын һәм харамдығын айыра алмайтын халде. Шекара асып келгенді былай қойып, ел ішінде антисанитарлық жағдайда жасалған отандық өнімдердің өзі дертке ұрындырмасына кепіл жоқ.

Бұған дейін жағымыз талмай зар қақсаған бұл мәселеге Елбасы Жолдауында басымдық тағы берілді. Бизнес бұған дейін даму үшін кең арқан, ұзын тұсауда жүрді. Яғни, мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты. «Сондықтан, ұсынылатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі үшін бизнес қоғамдастығы да жауап береді. Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ мемлекетпен бірлесіп азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы керек» деді Елбасы. Ас-ауқаттың сапасыздығы, талапқа сай еместігі бұқараға бұл күні еш құпия емес. Енді мұндай бей-берекеттік тыйылар деген үміт зор. Себебі, Елбасы Жолдауында Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетін құруды тапсырды. Аталған комитет асымыздың адал, азық-түлік қауіпсіздігіміздің мықтылығын қалт жібермесе етті.

Өйткені, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді Президент еліміз үшін ХХІ ғасырдың он ғаламдық сынының бірі ретінде белгілеп берді. Азықтүлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және мықты мемлекетті қалыптастырудың, оның ұзақ мерзімді табысты дамуы мен экономикалық өсімінің басты шарттарының бірі. Олай болса, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің ең маңызды стратегиялық міндеттерінің бірегейі. Ал, өзімізді-өзіміз асырай алатын алғышарттардың асыпжығылатынын бұдан бұрын да айтқанбыз. Азық-түліктегі әлеуетіміз өзге түгілі өзімізге аян.

Қолдағы деректерге сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде орташа өнімділік артқан. Бірақ, дамыған елдер деңгейінен төмен күйінде қалып отыр. Мысалы, елдегі орташа сүт сауылымы 2015 жылы бір сауын сиырға 2200 кг құрады, ал Канадада бұл көрсеткіш 4 есеге жоғары, 2016 жылы 2324 кг, 2017 жылы 2337 кг шамасында.

«Азық-түлік тауарларының өндіріс көлемінің орташа жылдық өсу қарқыны тұтастай алғанда тұрғындардың тұтынуы мен кірісі өсімінің қарқынына жете алмауда, нәтижесінде нарықтағы бос кеңістік импорт есебінен толтырылып, оның ішкі тұтынудағы үлесі қомақты күйінде қалып отыр» дейді ресми деректер.

Импорт ен жайлаған тауарлар қатарында сары май мен өсімдік майы, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері мен қант, жеміс-көкөніс және ет консервілері сияқты азық-түлік тауарларының түрлері бар көрінеді. Себеп не? Қолда бар зерттеулерге жүгінсек, елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу үлесінің төмендігі және өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуаттылықтарының жете жүктелмегендігі дейді.

Түсінікті, қазіргі тілмен айтқанда, отандық өнімдердің импорттық өнімдермен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі. Бәсекеге қабілетсіздіктің негізін өндірістік һәм өнімді өткізу нарығымен байланыстырады. Нақтыласақ, өндірістік сипаттағы жайттарға өндірілетін шикізат сапасы, өңдеуге жарамсыздығы, экономикалық тиімді қарқынды өндірісті жүргізу және жаңа технологияларды енгізу мүмкін емес өндірістің жеке қосалқы шаруашылықтарда көп шоғырлануына байланыстылығы секілді мәселелер бар. Бұған тамақ және өңдеу өнеркәсіптерінің негізгі өнеркәсіптік-өндірістік қорларының басым бөлігінің тозуын қосып қойыңыз. Сонымен қатар, нарықта арзан сапасыз өнімдердің кең құлаш жаюы да отандық тауарлардың жолын кесіп отыр. Осы арада Елбасы арнайы құруды тапсырған Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің атқарар міндеті орасан болмақ. Мұндай заңдық негіздер дамыған елдерде ертеректе қабылданып қойған-ды. Ғалымдардың бұған дейін ұдайы айтып жүрген «Азық-түлік қауіпсіздігі комитеті» – осы.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button