Көрме

Шалғынбайдың қобызы

Балқаш тарихи-өлкетану музейінде белгілі күйші Шалғынбай ТОМАЙҰЛЫНЫҢ қобызы сақтаулы тұр. Ертеден жеткен әңгімеге сүйенсек, бұл қобызды күйші өз қолымен ойып жасаған екен.

Қобызшының тірлігінде айнымас серігі болған аталған аспапты өлкетанушы Аманқұл Мұсатайұлы жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап келіп, 2002 жылы музейге тапсырыпты.

– Аманқұл ағамыз 2002 жылға дейін қобызды ешбір жанға көрсетпепті. Музейге тапсырғанда таң қалдық. Қобыздың қос ішегі дін аман, ысқышы бар. Тұтас ағаштан ойылған. Басына айна бекітілген. Сондай-ақ, металл пластинкалар шегеленген. Бүгінде бұл ерекше қобыз бір ғана әулеттің емес, тұтас қазақтың құнды жәдігеріне айналып отыр, – дейді музей қызметкері Асыл Серікқызы.

Күйші 1834 жылы туып, 1929 жылы дүние салған. Туып-өскен жері – Ақтоғай ауданындағы Кенелі тауының Қызыладыр аталатын бұйраты. Қаракесектің ішіндегі Әлтеке руынан тарайды.

Шалғынбай мінерге аты, ішерге асы бар шағын дәулетті ортадан шыққан. Бүгінгі күні ел арасында күйшінің «Бостандық», «Текес», «Ортеке» атты күйлері кеңінен орындалып жүр.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button