Қаратаудан Кенигсбергке дейін

1924 жылдың ақпаны – Арқаның аязы ақырып тұрған қысында Жүнісбек атамыздың шаңырағында әкеміз Ермұқан дүниеге келді. Ол заманда біздің әулет Қу өңірінің Сарытау мен Қаратау қырлары арасындағы Әділбек қыстағын жайлаған. Үлкендер сәбидің есімін «Елін қорғар ер болсын» деген оймен қойыпты…

1942 жылдың күзінде әкемізге аудандық комиссариаттан шақырту келеді. Сол күні он сегізге толған әкем Отан алдындағы міндетін атқаруға аттанады.

Алғашқы кезде 3-ші атқыштар полкінде болады. Ал, 1943 жылдың маусымында 23-ші гвардия минометшілері батальонына ауысады. Оның сапында 1945 жылдың күзіне дейін болады.

Алғашқы кезде артиллериялық полкте «Катюша», «Андрюша» қаруларын қолданудың амал-тәсілдерін меңгереді. Содан кейін Курск доғасы бағытында жауға қарсы қанды шайқастарға араласады. Одан әрі Кенигсберг операциясына қатысады. Бұл соғыс тарихында шешуші роль атқарған шайқастардың бірі болды.

1945 жылдың қаңтарында басталған Шығыс Пруссияға шабуыл операциясына ІІІ Белорусь және ІІ Белорусь майдандарының әскерлері қатысты. Кеңес қолбасшылығы мұны негізгі жау күштерінен «Орталық» әскер тобын аластату үшін жасады. Сондықтан, операция Кеңес әскері үшін стратегиялық маңызға ие болатын.

Германия Кенигсберг қамалында қорғанысқа мықтап-ақ дайындалған еді. Қалаға шабуыл артиллериялық дайындықпен 6 сәуірде басталды. Жан алысып, жан беріскен бұл сұрапыл шайқас үш күнге созылды. Ақыры 9 сәуірде Кеңес әскерінің тегеурініне шыдамаған неміс гарнизоны тізе бүкті. Қамал ғимараттарында 10 сәуірде Жеңіс туы желбіреді.

Мәскеуде ержүрек жауынгерлердің құрметіне 324 зеңбіректен жиырма төрт дүркін отшашу жасалды. Осы шайқасқа қатысып, ерлік көрсеткен әкеміз «Кенигсбергті алғаны үшін» медалімен марапатталады. Және бірнеше орден-медаль алды.

Соғыс аяқталды. Алайда, әкеміз 1945-1947 жылдары соғыстан кейінгі қалыптастыру жұмыстарына қалдырылыпты. Елге тек, 1947 жылдың наурыз айында қайтқан екен. Орала салысымен ауыл тірлігіне белсене араласады. 1948 жылы анамыз Нағимамен шаңырақ құрып, он баланы тәрбиелеп өсіреді. Анамыз білім саласында көп жылдар еңбек етіп, үлгілі шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз атанған жан.

Әкеміз алдымен ауыл шаруашылығы саласында «Заготскот» мал өсіру бірлестегінде басқарушы болды. Одан кейін, Алматы кооператив институтын сырттай тәмамдап, Егіндібұлақ аудандық тұтыну одағы мекемесінде көп жылдар ревизорлық жұмыс атқарды. Ал, 1980 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққанға дейінгі уақытта аудандық мемлекеттік сақтандыру мекемесінде қызмет етті. Әкеміз 1995 жылы маусым айында өмірден озды. Балалары мен немере-шөберелері ардақты әкеміздің бейнесін ешқашан ұмытқан емес. Әрқашан еске алып, рухына тағзым етеді.

Сабыржан ЖҮНІСБЕКОВ,

№27 орта мектеп мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.