Тарих

Алғашқы Абайтанушы

Кейінгі уақытта ең тұңғыш абай­танушылар жөнінде шындыққа жанаса бермейтін мәліметтер келтіріліп жүр. Шын мәнісінде, тұңғыш абайтанушы болып Әлихан Бөкейханов есептелді. Оған 1905 жылы жарық көрген Ә.Бөкейхановтың «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» деген қазанамасы дәлел бола алады. Мұнда алғаш қазақ әдебиетінің классигі, қазақ әдебиетінің жаңа бастауышы, ойшыл, жаңашыл Абайдың өмірбаяны мен шығармаларының әлеуметтік, халықтық бетін, негізгі идеялық бағдарын, сөз өнеріндегі шеберлік пен шешендік, билік өнеріне көшпелі өмір бесігінде тәрбиеленіп өскен Абайдың халық арасында жетілу жолы көпшілік жұртшылыққа оның ішінде орыс оқырмандарына тосын жаңалық болып қабылданды.

Абайдың ақындық өнері мен аса күрделі ислам дініне байланысты байламына Әлиханның білікті пікір айтуы сол кезең үшін айтарлықтай жаңалық еді.

Абайдың халық мұңын жырлаған поэзиясын, туған халқының көкейтесті арманы мен мұңын, жеке басы мен әдеби мұрасын танып білу, насихаттау, бағалау тек қайтыс болғаннан кейін ғана өзінің шегіне жете бастады. Оған себеп, Абай өмір сүрген кезеңнің саяси-әлеуметтік болмысына сай қазақ қоғамының отаршылдық саясатқа қарсылығынан туындап отырған ұлтық сезім мен сананың сарыны тұрғысында болуда және Абайдың өзі де өлеңдерінің жарық көруіне ондайлық ынталы болған жоқ.

«Абай – поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осынша жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» деп Әлиханның баға беруінің өзі Абайдың әдеби мұрасын терең, жан-жақты танып білген зерттеуші екенін көрсетеді. Абайдың ақындық дәрежесінің Еуропа сапасына жетерліктей дәрежеде алғаш рет мән беріп пікір айтқанда Әлиханов болатын.

«Абайдың жылдың төрт мез­гіліне (жазғытұрым, жаз, күз, қыс) арнап жазған әдемі өлеңдерінің өзі Абайдың Еуропаға әйгілі ететіндей» дейді Әлекең.

Абай дүниетанымына, ой-тол­ғаныстарын терең және жете таныған, оны орыс оқырмандарына танытпақ болған да, танытқан да Әлихан Бөкейханов болатын.

«Ақын Абай сөзін оқырман атаулының бірден түсіне алмаған­дығын, әр сөзінің мағынасының өте терең екендігін, оның не мағынада айтылғандығын біреу баяндап ұқтырғанда ғана білуге болады» дейді Ахмет Байтұрсынов.

1911 жылы шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ шежіресі туралы Әлихан: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкәрімнің бұл кітабы – қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған, аға-іні, іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа» деп шежіреге үлкен мән беріп, шежірешілерге жол сілтейді. Бұл жөнінде Шәкәрімнің өзі:

Бір Алла бергеніңе сансыз шүкір,

Қалған жоқ зая болып

қылған фікір,

Бітірімді түрік-қазақ шежіресін

Болса да кемшілікті, қисық бүкір» – деп кемшіліктерінің болуы мүмкін деп өзі мойындайды. Әлихан болса, бұл кітап баланы оқытатын молланың алдында жатуы керек дейді.

Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» шығармасына сын айта келіп: «Қалқаманның мақсатын Мамыр білді, Аз ойланып, үндемей сабыр қылды. Жылы жүрек өзіне жар тапқандай, Қызарды, бір ағарды байдың қызы. Бетке шықпай қоя ма жүрек ізі?» деген үзіндісін «тілге жеңіл, жүрекке жайлы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» (Абай) дей келіп Шәкәрімнің қазақ қызының бір бейнесін көркем көрсететіндігін баяндайды.

Қара қыпшақ Қобыланды жырының бір нұсқасында: «солдат», «сухар», «түйме», «медаль», «шай», «алтыатар» сияқты ұғымдар Қобыланды заманынан көп бері пайда болған. Бұларды жыршының өзі қосып, жырдың көркем түрін бұзып, заманына ұйқаспайтын жырларды, оның мәдени тарихына ешбір пайдасы жоқ өлеңдерді надан ақындар қосқан деп, бұрынғы қазақ тұрмыс-салтының рухани мәдениетінің ізі бар жұрт салтын дұрыс көрсеткен жырдың алғашқы нұсқасын шығарған Шәкәрім ақын деп халыққа көрсетеді.

Әлиханның тобықтыдағы достары Шәкәрім қажы, Тұрағұл, Медеу, Оспан, Көкбай, Ике, Қаражандар болғанына қарағанда Абайды жақсы білген. Оның үстіне Семей облысының статистика комитетінің 1903 жылғы есебінде, комитеттің толық мүшелерінің тізімінде Ибрагим (Абай) Құнанбайұлы мен Әлихан Бөкейханов есімдерінің көрсетілуіне қарағанда, олардың кездесулері де ықтимал.

Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы құрас­тырған Әлихан Бөкейханов шығармаларының толық жинағының 1 томында Абайды 1905 жылға дейін білетіндігі байқалады.

Әлихан ұлы Абай есімін алғаш рет Омбыда кәсіптік училищенің студенті болып жүрген кезіндегі мақаласында «қазақ халқының өз алдына өлеңдері бар, кім білмейді: қазақтың ақындары Шортанбайды, Шөжені, Орынбайды, Найман баланы, Шерниязды… деп көптеген ақындарды, оның ішінде Абайды білетіндігі көрініп тұр. Қазақтарға осы ақындардың қайсысының күшті, өткір екенін білдіруге жөні бар ма?» деп ақындардың поэзиясын мақтан етсе, екінші жағынан сынға да алады.

1903 жылы шыққан «Полное географическое описание нашего общества» атты көп томдық анықтамасының қазақ өлкесіне арналған «Исторические судьбы Киргизкого края и культуры его успехи» атты 18-ші томында Әлихан Бөкейханов Абайды қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ретінде сипаттайды. Бұдан Әлиханның Абайды ертеден білетіндігі байқалады. Оған тағы біл дәлел, Ахмет Байтұрсынның айтуы бойынша, Әлихан «Абай Еуропаның Спенсер, Луис, Дренер сияқты терең ойшыл адамдардың еңбектері және орыстың алдыңғы қатарлы ойшылдары Пушкин, Лермонтовтардың терең пікірлерімен таныс болғандықтан, Абайдың терең ойлы пікір, сөздерін қарапайым жұрттың көбі түсіне алмайды» деп жазғандығын айтады.

Ұлы Абай еңбегін алғаш рет жарыққа шығарып, халық арасына тарату жөнінде Міржақып Дулатов 1905 жылы «Семипалатинский листок» деген газетте, одан кейін 1907 жылы «Семей географиялық қоғамы» шығарған еңбекте «Ғалихан Бөкейханов Абайдың қазанамасын (некролог) жазды, Һәм кешікпей кітабы да басылып шығатынын білдіріп еді. Бірақ, тез шықпады. 1909-шы жылы Абайдың балалары һәм інілерінің ризашылығы Һәм Ғалиханның ыждахатымен Абай кітабы Петербургта Бурганский баспасында басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші басылып 1914 жылы шыққан» дейді.

Абай еңбегінің уақытында басылып шықпауының басты себебі – Әлиханның 1906 жылы ұсталып, Павлодар, одан кейін Омбы түрмесінде отыруына байланысты. Абай уақытында еңбегінің жарыққа шыққанын аса ұнатпаса керек. Әлихан Абайдың туыстарынан ұлықсат алуы да содан. Түрмеде жатқанда қолжазба жоғалып кетпесін деп оны 5000 теңгеге бағалайды.

Әлихан Нұрмұхаметұлына за­мандастары өте жоғары баға береді. Әлімхан Ермеков «Терең дария-мұхит, өте білімді ғалым болатын. Шетелдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің онымыздың ақыл ойымыз Тоқырауын өзеніндей, бірде Балқашқа құйып, бірде жетпей орта жолда қалса, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой» десе, Қ.Кемеңгерұлы «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» деп ерекше бағалайды.

Әлихан 1905-1908 жылдары абақтыда отырған уақытында Көкбай Жанатайұлы:

«Қарағым, жалғызымсың

қазақтағы,

Ұл тумақ сендей болып

аз-ақ тағы.

Өгіз өліп, болмаса, арба сынып,

Өмірің өткен жансың азаптағы

Бал тамған, ханзадам-ай,

қаламыңнан,

Тәңірім, айырмасын талабыңнан» дейді.

1928 жылы КСРО ҒА-ның академигі С.Швецов: «Әлихан Бөкейханов – Қазіргі Қазақстанның халық тұрмысын зерттеген санаулы ғана ғалымның қатарына жатады» – дейді. Әлкей Марғұлан «аса құрметті қандасымыз, беделді ғалым, экономист, Ленинград университетінің профессоры Бөкейханов секілді қазақтың артық туған ұлдарын республика басшылары қудалап, өз халқы арасында өгей болып жүрген уақыты болатын» деп 14 жыл бойы үйде қамауда отырғанын еске алады.

Әлихан соңғы демі біткенше өзінің халқы, ұлты үшін адал болып өтті. Оксфорд және Сорбонна уни­верситеттерінің ғалымдары «Алаштың Әлиханы» ақырына дейін ұлтшыл, ұлтжанды дейді. Қазан төңкерісінен кейін басқа ұлттың басшылары, басқа елдерге кетіп жатқанда, Әлиханның елде қалуы – халқын сүйгендіктің дәлелі.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарының, қоғам мен мемлекет қайраткерлерінің ішінде аса ер­екше, бір ғасырда бір-ақ келетін тұлға – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. «Ұлт-азаттық қозға­лыстың басшысы, Әлихан Бөкей­ханов оқымысты-ғалым, Ресей Конс­титуциялық демократиялық пар­тиясы орталық Комитетінің мүшесі, І және ІІ Мемлекеттік Думасының депутаты… Әлихан Бөкейханов Ленинмен бірге Санкт-Петербург университетінің заң факультетін өз бетімен бітірген, бірнеше шет тілін білген, сөйтіп, жиырма төрт жасында жоғары білімі жөніндегі екі дипломға (орман институты) ие болған, керемет білімді жас, Санкт-Петербургтағы марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан» дейді Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты еңбегінде. Әлекең – қазақ халқының ұлттық мақтанышы.

Ортай ӘБДІРАХМАНҰЛЫ.

ҚарМУ-дың доценті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button