Әзірлік деңгейі – ойдағыдай

    Биылғы көктемде Қарқаралы ауданындағы 13 елдімекенді су басу қаупі бар. Бұл аумақтарда 6453 адам тұрады. Сондықтан, ауданда тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұғыл жұмыстар қолға алынуда.

Бүгінде су басу қаупі басым елдімекендерде ауыл әкімі аппаратының және аудандық мекемелер қызметкерлері, ауыл тұрғындарынан 13 еріктілер тобы құрылды. Топ күшімен инертті материалды сақтау ыдыстары дайындалып, суағарлар тазартылды. Аудандағы 18 көпір мен 747 суағарды тазалауға 24 техника, 230 адам күші жұмылдырылды. Автомобиль жолдарындағы көпірлерге су деңгейін өлшеу белгілері қойылды. Эвакуациялық қабылдау пункті ретінде 13 нысан белгіленді.

Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойындағы суағарлар мен көпірлерді, аялдамалар мен автотұрақтарды қар мен мұздан тазарту жұмыстарын аудандық №72 жол пайдалану мекемесі мен Бұқар жырау ауданындағы №1 жол пайдалану мекемесіне қарасты №2 жол пайдалану бөлімі, «Тазалық Қарқаралы» мекемесі жүргізді.

Ауданда су тасқынына қарсы іс-шараларды қамтамасыз етуге және оның алдын алуға ауданның төтенше жағдайлар резервінен 10 млн. теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге төтенше жағдай қорында 20 тонна жанар-жағармай, 500 тонна инертті материал, 10,3 тонна азық-түлік, 15 мың ыдыс-қап, 8,63 млн. теңгеге дәрі-дәрмек, 5 тонна жарылғыш материалдар дайындалды. Көктемгі су тасқыны кезеңінде сақтық шаралары және эвакуациялау тәртібі туралы 2000 жадынама таратылып, 13 көшпелі жиын өткізілді.

Бүгінде су басу қаупі бар деген елдімекендер қатаң бақылауда. Ауыл әкімі аппараты және полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік жүргізуде. Көктемгі су тасу кезеңінде өзендердегі судың деңгейін бақылап отыру үшін Көктал, Жарлы өзендері ағып өтетін 9 қыстақ иелерімен (хабарлау пунктері) жедел байланыс орнатылды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.