ЖаңалықтарМәселе

Жылы аялдама жолаушыны жылыта ма?

2022 жылы Қарағанды қаласындағы «Шығыс» базары, 45-ші орам және Жаңа Майқұдыққа орнатылған жылы аялдамалардың әйнектері күл-талқан болыпты.

Суретті түсірген Еркебұлан Хадылбек

Арқаның қақаған аязы мен ақтүтек боранынан қорғану мақсатында облыс орталығында былтыр 14 жылы аялдама. пайдалануға берілген-ді. Бір аялдамаға 25 адам сияды. Алайда, қолайсыз ауа райында жолаушыларды жылытады деген аялдамаға үйсіз-күйсіз жандар қоныстанып алған. Жылы бөлмеге жайғасқандар оның ішін ластап қана қоймай, есіктерінің әйнегін шағып кетіп жатыр. «Әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның» жоқтығынан айналдырған екі аптаның ішінде үш аялдама шағылыпты. Жылы деген аты болғанымен, заты жоқ аялдамада қоғамдық көлік күткендер аязға төтеп беруге мәжбүр. «Бүтінді бүлдірген бұзақылар ұсталды ма?», – деп облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияровқа хабарласқанымызда «Аталған факт тіркелді, кінәлі адамды анықтау жұмысы жүріп жатыр» деген қысқа да нұсқа жауап алдық.

Қоғам мұндай әрекетке әу бастан вандализм деп атау берген. Ол 450-жылдары пайда болған деседі. Түпкі мағынасы – «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Сол заманнан бері қанша уақыт өтіп, адам санасы едәуір жетілсе де, вандализм өршімесе, өшпеді. Психолог мамандар оны төрт топқа бөледі екен. Оның ішінде арақ ішіп мас болатындар, есірткі қолданатындар, ойын немесе еліктеу мақсатында ойын жүзеге асыратындар. Өзін-өзі көрсеткісі келгендер мен іші ыза мен кекке толылар. Айналаға байыппен қарасақ, қоғамдық орындардағы сынған мүлікте де, қабырғалардағы былапыт сөздерде де осы вандалдардың «қолтаңбасы» жатыр. Бұл қоғамның вандализмнен арылмағанын көрсетеді.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі аялдамалардағы сынған павильондарды мердігер ұйым кепілдік міндеттеме аясында жөндегінін жеткізді.

Сағыныш ӘБІЛ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button