Қарағандыда жылумен жабдықтау сапасын жақсарту жұмысы жалғасып жатыр. Былтыр Қазыбек би ауданының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жылу қуаттарының тапшылығын жоятын үшінші жылу құбырының құрылысы аяқталған. Биыл Майқұдықтағы инвестициялық бағдарлама аясында Архитектурная көшесіндегі жылу желісін қайта құруды аяқтау жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев монополистерге «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы бойынша тұтынушылар алдында есеп беруді тапсырды. Тарифті қалыптастыруға қандай жайттардың әсер ететіні туралы «Теплотранзит Қарағанды» компаниясы мәлімдеді.
Дерекке сүйенсек, Қарағандыда орталық жылу жүйесіне 4690 үй қосылған. Олардың жартысына жуығы көп қабатты үйлер. Жылу желілерінің ұзындығы – 448 шақырым. Коммуникациялардың 71,2%-ы тозған. Бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Атқарылып жатқан шаралардың жылу шығындарын азайтуға және жылумен жабдықтау жүйесінің тозуын тежеуге бағытталғанын атап айту керек.
Бірінші ақпаннан бастап, жылумен жабдықтау қызметтеріне жаңа тарифтер күшіне енді. Бұл өзгерістер Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің бұйрықтарымен бекітіліп отыр.
«Бағаның көтерілуі – «Инвестиция орнына тариф» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инвестициялық бағдарламаны іске асыруға, стратегиялық тауар құнының өзгеруіне (нормативтік шығындар үшін электр энергиясы мен жылу энергиясы), және көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюына байланысты», – деп түсіндірді компания мамандары.
«Теплотранзит Қарағанды» ЖШС қаржы директоры Алданыш Күніспеков осы жылғы жобалар туралы кеңірек айтып берді.
– Архитектурная көшесіндегі жылу желісін қайта жаңарту 2023 жылдан бастап жүргізілуде. Қазір 1,6 шақырымның 500 метрі қалды. Биыл ол толығымен аяқталуы тиіс. Күтілетін нәтиже – жылумен жабдықтауды жақсарту, жылу желісінің төзімділігін арттыру, шығындарды азайту, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында 28-шағын ауданда орамішілік желі мен сорғы станциясын қайта жаңарту жұмысы басталмақ. Желінің ұзындығы – 1,37 шақырым. Екі жылға жоспарланған жобаны 2026 жылы аяқтау көзделіп отыр. Оны іске асыру осы аудандағы жаңа құрылыстарды жылуға қосуға мүмкіндік береді.
«Теплотранзит Қарағанды» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов наурыз айының соңында Оңтүстік-Шығыс тұтынушыларын үшінші жылу құбырына қосу жоспарланып отырғанын айтады.
– Қазір ол тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Біз сорғылардың, автоматиканың жұмысын тексереміз. Жалпы, аймақ басшылығымен бірлесіп, кеншілер қаласын жылумен жабдықтауды жаңғыртуды жалғастырудамыз, – деді Андрей Ляпунов.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»