Жаңалықтар

Ауылды агрокешен асырайды

«Агроөнеркәсіп кешені – экономиканың стратегиялық саласы. Мемлекет ауыл шаруашылығы өндірісіне, фермерлер мен өңдеу саласына жан-жақты қолдауды жалғастырады» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі ауылдағы бүгінгі тіршіліктің мәнін дәл аңғартатындай. Себебі, ел дастарқанына түсетін әр түйір дән мен әр түйір картопта бейнеті белуардан келетін шаруа, күн-түн демей жұмыс істейтін техника, ауа райымен арпалысқан еңбек және дер кезінде көрсетілген мемлекеттік қолдау бар. Мұны «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы ұйымдастырған ашық есік күнінде анық аңғардық.Абай ауданы Юбилейное ауылында орналасқан «Достық-2009» ЖШС-не барған сәтте көзімізге алдымен егістік басындағы тынымсыз қозғалыс түсті. Бір жерде картоп қазылып жатса, екіншісінде өнім тиеліп, қоймаға жөнелтілуде. Даланың да өз ырғағы бар. Ал, бұл ырғақта уақытпен жарысқан техниканың үні анық естіледі.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Жылдық өнімде тынымсыз еңбек жатыр

Аграрлық секторға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін және шаруашылықтың жұмысымен кеңірек таныстық. «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен алынған ауыл шаруашылығы техникаларын көрдік.

Кәсібін дөңгелетіп, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, өзі де нәпәқа тауып отырған Евгений Филин мырзаның «Достық KAZ» және «Достық 2009» атты екі шаруашылығы да «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының қолдауымен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып жатыр.

Атап айтсақ, «Достық KAZ» ЖШС 2026 жылы жалпы құны 235,3 млн теңге болатын техникаларды жеңілдетілген лизинг арқылы алды. Оның ішінде, 94,5 млн теңгеге John Deere W430 астық жинайтын комбайны, 56,16 млн теңгеге John Deere 6135В Ultimate тракторы, 26,46 млн теңгеге КТ-40 телескопиялық жылжымалы конвейері, 48,58 млн теңгеге ЗТ-40А-01 телескопиялық тиегіші және 9,26 млн теңгеге ПКС-40 өздігінен жүретін картоп жинайтын комбайны бар.

Техникалар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен лизингке рәсімделген. Қаржыландыру «ВБИ» қаражаты есебінен беріліп, лизинг мерзімі 2033 жылғы 4 тамызға дейін белгіленген.

Мұндай мемлекеттік қолдау шаруашылықтарға заманауи техникаларды тиімді шарттармен алып, өндірістік базасын жаңартуға мүмкіндік береді. Жаңа техникалар егіс және жинау жұмыстарын уақытылы жүргізіп, еңбек өнімділігін арттыруға жол ашпақ.

«Достық KAZ» ЖШС-нің биылғы егіс алқабы 329 гектарды құрайды. Оның 69 гектарына арпа, 260 гектарына картоп егілген. Ал 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Достық 2009» ЖШС-нің егіс алқабы 267 гектар, мұнда түгелдей картоп отырғызылған. Осылайша, екі шаруашылықтың жалпы егіс көлемі 596 гектарға жетіп отыр.

Ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруы екі шаруашылыққа да өндіріс көлемін ұлғайтып, егіс жұмыстарын тиімді әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Шаруашылық 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі бағыты – картоп пен дәнді дақылдар өсіру. Картоп – негізгі дақыл. Былтыр суару алаңдары біршама ұлғайтылып, бұл өз кезегінде жаңа қойма салуға негіз болған. Биыл сыйымдылығы 6 мың тонна болатын жаңа қойма салыныпты. Соның нәтижесінде шаруашылықтың жалпы сақтау көлемі 13 мың тоннаға жеткен.

«Достық-2009» ЖШС директоры Евгений Филиннің айтуынша, биылғы өнім көлемі әлі толық есептеліп біткен жоқ. Себебі, егін жинау жұмыстары жалғасуда. Дегенмен, қазіргі жиналып жатқан өнім өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы.

Мұның себебін шаруа табиғатпен тікелей байланыстырады. Ауыл шаруашылығында қанша жерді суарғаныңды, қанша тыңайтқыш енгізгеніңді, қандай технология қолданғаныңды есептегенмен, соңғы сөзді бәрібір ауа райы айтады. Былтыр шаруашылық үшін оңай болмаған.

– Өткен жылы 52-53 күн бойы жаңбыр жаумады. Дәнді дақылдар мен суарылмайтын егістіктер қатты зардап шекті. Картопты арнайы құрылғы арқылы суардық. Бұл – дақылды сақтап алудың жалғыз жолы, – дейді Евгений Аркадьевич.

Қазір шаруашылық шамамен 830-850 гектар суармалы жерді игеріп отыр. Оған қоса суарылмайтын, 400 гектарға жуық аумаққа картоп пен дәнді дақылдар егілген.

Бизнес-жоспарда гектарына 300 центнерден астам өнім алу жоспарланған. Бірақ, егін жинау толық аяқталмайынша нақты қорытынды жасауға асықпайды. Ең басты міндет – қыркүйек айының соңына дейін жиын-терімді аяқтау. Өңірде бұл уақытта жаңбыр мен аяз қатар келуі мүмкін.

Күзгі даладағы уақытпен жарыс

Қазір шаруашылықта бес комбайн, онға жуық КамАЗ, трактор және картоп өндірісіне арналған арнайы техника жұмыс істейді. Жерді жыртудан бастап, картопты егуге, қопсытуға, қарық тартуға, піскен кезде сабағын оруға, қазып жинауға, топырағынан ажыратуға, сұрыптауға, қоймаға жеткізуге дейінгі жұмыстардың басым бөлігін техника атқарады. Өнімді кейін қайта тиеп, жөнелтуге арналған құрылғылар да бар.

– Егістік басында жаңбырлатқыш машиналар да жұмыс істеп тұр. Су өзеннен алынады. Қазір үш жаңбырлатқыш машина 260 гектарға жуық картоп алқабын қамтып отыр. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, төртінші жаңбырлатқыш машинаны қосу жоспарда. Техникалар өз осінің айналасында қозғалып, белгіленген аумақты суарады. Тиісті құбырларды тартып, суару жүйесін толық іске қостық, – дейді шаруашылық иесі.

Картопты қолмен егу мүмкін емес. Оны суару, қопсыту, арамшөптен тазарту, қазу, сұрыптау, қоймаға жеткізу де адам қолымен атқарылса, бүгінгі көлемдегі өнімді жинау өте қиын болар еді.

Шаруашылық басшылығы үшін техниканың сенімділігі сондықтан маңызды. Өйткені, егін науқанында «кейін істейміз» деген мүмкіндік жоқ. Агротехникалық мерзім деген түсінік бар. Мысалы, көктемгі жұмыстардың белгілі бір бөлігін мамыр айында орындап шығу керек. Сол кезде трактор сынып қалса немесе басқа кедергі туындаса, диқан уақыттан ұтылады. Ал, ауыл шаруашылығында жоғалған уақыттың орнын толтыру оңай емес.

Бұрын шаруашылық МТЗ тракторларын сатып алып, кейін оларды жөндеуге көбірек уақыт жұмсаған. Қазір John Deere техникасына басымдық беріліпті. Бағасы қымбатырақ болғанымен, сапасы мен сенімділігіне сенім артады. Шаруа үшін кейде қымбатырақ техниканың өзі тиімді болуы мүмкін. Өйткені, далада бір техника тоқтаса, ондаған жұмысшының еңбегі тоқтап қалуы ықтимал.

Түнгі ауысымға көшкен кез

Күзгі жиын-терімнің нағыз қызған шағында ауа райы да өз дегенін істейді. Өткен жылдары қыркүйектің соңына қарай суық пен жаңбыр қатар келіп, алқапқа техника кіре алмай қалған кездер болған. Жаңбыр күн сайын шамамен жарты сағаттан жауып тұрған. Күндіз топырақ жұмсарып, ауыр техниканың жүруі қиындаған.

Бірақ, түнде топырақ сәл қатып, техниканың қозғалуына қолайлы жағдай туыпты. Шаруашылық жұмысшыларды түнгі ауысымға көшірген. Нәтижесінде бес-алты күн бойы картоп жинау түнде жүргізіліпті.

Әрине, мұнда да қауіп жоқ емес. Комбайнға немесе көлікке қатысты ақау шығуы мүмкін. Ондай сәтте алқаптағы мамандар бірден көмекке келеді. Бункердегі өнімді реттеп, жұмыстың тоқтап қалмауын қамтамасыз етеді.

Картоп алқабында арнайы қыртыс – «гребень» қалыптастырылады. Картоп өсіп шыға бастаған кезде, технологияға сәйкес үш жапырақ немесе шамамен 3 сантиметр биіктікке жеткенде «гребнеобразователь» іске қосылады. Ол арамшөптерді кесіп, қатар арасын қопсытып, топырақты қалыпқа келтіреді. Одан кейін шашырату арқылы топырақта қорғаныш қабыршағы түзіледі.

Арамшөпке қарсы қолданылатын препараттың бірі – «Зенкор». Оның топырақта шамамен 40 күн бойы арамшөптің өсуіне тосқауыл қоятын әсері бар. Алайда, бір өңдеумен мәселе толық шешіле қоймайды. Көкөніс пен дәнді дақылдарда арамшөптің екінші толқыны қайта пайда болуы мүмкін. Бұл кезеңде күрес қиындайды. Өйткені, препаратты шамадан тыс қолдану оған зиян келтіруі мүмкін.

Колорад қоңызы да картоп өсірушілердің негізгі мәселесінің бірі. Картопты отырғызу кезінде түйнектер арнайы препаратпен өңделеді. Бұл шамамен 40 күнге дейін қорғаныс береді. Одан кейін өсімдіктің вегетациялық кезеңіне қарай ауруларға қарсы және өсуді ынталандыратын препараттар қолданылады. Өңдеу үшін 24 метрлік шашыратқыш техника пайдаланылады. Жел мен жаңбырлы күндері мұндай жұмыс жүргізілмейді.

Дәнді дақылдар мен картоп алқабын химиялық өңдеудің де өз тәртібі бар. Мысалы, ауа температурасы 23-24 градустан жоғары болғанда немесе жел күшейген кезде гербицид қолдануға болмайды. Желді күні шашылған препараттың тиімділігі төмендеп, қоршаған ортаға тарау қаупі де туындайды. Сол себепті, агрономдар қолайлы уақытты күтеді.

Өнімді өсіру бір бөлек, өткізу – бір бөлек

Картоптың негізгісі – халық пен мейрамханалар арасында сұранысқа ие «Гала» сорты. Биыл шаруашылық алғаш рет зауыттарға өткізу үшін чипсы картобын да сынақ ретінде өсіріп көрген. Ерте пісетін «Мия» сорты да бар. Әдетте оны тамыз айында қазады. Биыл ауа райына байланысты қыркүйекте жинауға тура келген.

Жиналған өнімнің негізгі бөлігі Алматы, Шымкент қалалары мен оңтүстік өңірлерге жөнелтіледі. Қарағанды облысында картоп тұтыну көрсеткіші басқа өңірлермен салыстырғанда төмендеу. Себебі, халық саны аз және облыстың өзінде картоп өсіретін шаруашылықтар бар.

Ал, өнімді өткізу – шаруашылық үшін бөлек сынақ. Қоймаға жиналған картоптың бәрін көктемге дейін ұстап отыруға болмайды. Қараша айынан бастап, өнім базарға шығарыла бастайды. Күніне шамамен 80 тонна өткізу арқылы қорды Наурыз мерекесіне дейін сатып бітіру көзделеді. Өнімді өткізіп үлгермесе, күн жылыған кезде сақтау қиындайды. Оның үстіне көктемде жаңа егіс науқаны басталады.

Қарағанды, Павлодар, Алматы және Шымкент өңірлеріндегі баға мен сұраныс әртүрлі. Қашықтық пен логистика да түпкі бағаға әсер етеді. Сондықтан, сапалы өнім өндірумен қатар тұрақты серіктестік пен өткізу нарығын қалыптастырудың маңызы зор.

Жер де күтімді қажет етеді

Ауыл шаруашылығы техникаға ғана сүйеніп қалмайды. Жердің өзін күтіп-баптау – өнімділіктің басты шартының бірі.

Әсіресе, арамшөптермен күрес маңызды. Кейбір арамшөптердің тұқымы топырақта ондаған жылдар бойы сақталып, өнімділігін жоғалтпайды. Сондықтан, шаруалар күзде топырақты аударып, аэрация жасау арқылы арамшөп тұқымдары мен зиянкестерді азайтуға тырысады.

Шаруашылық мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың бірнеше түрін пайдаланады. Тыңайтқыш пен техника алуға субсидия алады. Инвестициялық субсидия да қарастырылған. Яғни, техника сатып алуға жұмсалған қаражаттың бір бөлігі мемлекет тарапынан қайтарылады. Сонымен қатар, жеңілдетілген лизинг бағдарламалары техниканы тиімді шарттармен алуға мүмкіндік береді.

Техникалар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен лизингке рәсімделген. Қаржыландыру «ВБИ» қаражаты есебінен беріліп, лизинг мерзімі 2033 жылғы 4 тамызға дейін белгіленген. Мұндай мемлекеттік қолдау шаруашылықтарға заманауи техникаларды тиімді шарттармен алып, өндірістік базасын жаңартуға мүмкіндік береді. Жаңа техникалар егіс және жинау жұмыстарын уақытылы жүргізіп, еңбек өнімділігін арттыруға жол ашпақ.

Қолдау бар жерде мүмкіндік те бар

«ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Қабен Ринат мәліметінше, 2000 жылдан 2026 жылға дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облысына 112 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттаған.

– 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша өңірге 19 миллиард теңгеден артық инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 21 миллиард теңгеден асыру жоспарлануда. Осы уақыт аралығында лизинг алушыларға 970 бірліктен астам техника беріліп, 480-нен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.

Аграрлар арасында сұранысқа ие «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасында сыйақы мөлшерлемесі жылына 5 пайыздан басталады. Лизинг мерзімі 7 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна 10 пайыз. Сонымен қатар, аванстық төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған, – дейді Ринат Қабен.

Цифрландырудың арқасында өтінімдерді қарау процесі де жеделдеген. Өтінімдердің 90 пайыздан астамы автоматты режимде қаралады. Шешім 10 минут ішінде қабылдануы мүмкін. Бағдарлама үшін қажетті құжаттар пакеті де барынша ықшамдалған. Шаруа қожалығының құрамы туралы анықтама, мемлекеттік тіркеу куәлігі және жеткізушінің коммерциялық ұсынысы талап етіледі.

Аймақтағы қаржыландыру көлемі де жыл сайын өсіп келеді. 2024 жылы 7 миллиард теңгелік жоспардың орнына 11 миллиард теңге игерілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11,7 миллиард теңгені құраған. Ал, 2026 жылға қойылған 18 миллиард теңгелік меже қазіргі таңда 106 пайызға орындалып отыр.

Облыста қаржыландыру көлемі мен техника алу бойынша Абай ауданы алдыңғы қатарда. Сондай-ақ, Саран қаласы мен Нұра ауданы, өсімдік шаруашылығы бойынша Бұқар жырау ауданы ерекшеленеді.

Даладағы еңбек – ауылдағы табыс

Шаруашылықта тұрақты түрде шамамен 25-30 адам еңбек етеді. Жиын-терім кезінде қосымша 35-40 адам жұмысқа тартылады. Мұнда қарапайым жұмысшыдан бастап, агроном, қойма меңгерушісі, комбайншы, тракторшы, бригадир секілді түрлі қызмет иелері бар.

Ең төменгі еңбекақы шамамен 350 мың теңге болса, жоғарысы 750 мың теңгеге дейін барады. Жиын-терім науқаны кезінде жұмыс көлемі артып, жауапкершілік күшейгендіктен, еңбекақы да өседі. Науқан шамамен 25-30 күнге созылады.

Жұмысшылардың айтуынша, ауылдан ұзап кетпей-ақ еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік бар. Әсіресе, жиын-терім кезінде жұмыс қызады. Таңның атысы, күннің батысы егістік басында өтеді. Кейде ауа райына байланысты түнгі ауысымға шығуға тура келеді. Бірақ, еңбектің нәтижесі көз алдыңда тұрғандықтан, оның бейнеті де ақталады.

Ауыл еңбеккерлері мемлекет тарапынан техника алуға жасалып отырған мүмкіндікке, жұмыс берушінің еңбекті бағалап, лайықты жалақы төлеуіне ризашылық білдірді. Өйткені, ауылдағы тұрақты жұмыс – әр отбасының, тұтас елдімекеннің әлеуметтік жағдайына әсер ететін маңызды фактор.

Шаруашылықтағы суару жүйесі де бір күнде пайда болған жоқ. Жаңа қойма да бір күнде салынбады. Техника да өздігінен келмеді. Оның барлығы – шаруаның өндірісті дамытуға деген талпынысы мен мемлекеттік қолдаудың түйіскен тұсы.

Биылғы өнімнің жақсы шығуына өткен жылы салынған суару жүйесінің де ықпалы бар. Шаруашылықтағы кейбір алқаптар 20 жыл бойы тыныққан. Суару жүйесі іске қосылғаннан кейін жердің әлеуетін қайта пайдалануға мүмкіндік туған.

Демек, мол өнімде жердің жағдайы, ауа райы, су, техника, агрономның білімі мен тәжірибесі һәм жұмысшының еңбегі де бар. Халық «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған. Юбилейное ауылындағы бүгінгі тіршілік осы сөздің мәнін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Мемлекеттік қолдау шаруаның мүмкіндігін кеңейтеді, заманауи техника уақытты үнемдейді, ал, адам еңбегі сол мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдырады.

Қара жердің қойнынан шыққан әр түйір картопта осындай үлкен еңбек бар. Сондықтан, егістік басындағы дүбір – ауылдағы еңбектің, шаруа үмітінің, өндірістің және ел дастарқанының берекесіне бастар жолдың үні.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button