Жаңалықтар

Жылқы мінезді тектілігіміз жайында сөз қозғасақ…

Ұлағатты ұлтымыз, жұрағатты жұртымыз «біз қазақ жылқы мінездіміз»- деп әсірелеп әспеттейтін еді. Бұндай сөзді киелі де текті түліктің аса кірпияз тазалығы,  сыланған сымбаттылығы, күш-қуатының молдығы, үйірлеп ұстаса   бағып-қағу үшін көп салмақ түсірмейтіні, салқар далада өз көрегін өзі тауып жеп, мінсе көлік, жесе ас болған көшпенді салтымыз үшін аса қолайлы түлік,  маңызды мүлік болғандықтан айтқан болар деп ойлаймын.

Суреттер автордан

Биыл қыс ауыр соғып, көп мал шығыны болғанын білеміз. Кешегі  өткен тарихымыздан  осындай  жұттан алыстан мал сақтар жер іздеп, жан сақтар өңір іздеп, қара қоспен аулаққа көшіп мал сүмесін сақтап қалғандарды жақсы білеміз.

Ұлтымыз үшін аса керек мамандық болып есептелген, жылқы өсіруде озық табысқа жетіп, еліне елеулі, жұртына қалаулы бола білген, республика көлемінде жылқы малын табындап, тебінде өсіруде үлкен жетістікке жете білген  алымды азамат Байтасов Қайыркен Күзембайұлы жайында  сөз қозғамақпын. Ұлтымызда  «Мал баққанға бітеді»- деген сөз бар. Сайын далада ел- жұрттан қол үзіп, жайлы тірліктен жырақта үскірік аяз бен шіліңгір ыстықта  жылқы бағу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да қазақ үшін тірлігінің мәні, салтанатының сәні бола білген қыл құйрыққа ұлағатты ұлтымыз аса мән беріп, баса бағалап, ерекше көңіл бөліп, тірлігінің басты бағдары еткен.

     Қайрекең 1945 жылы наурыз айында бұрынғы Қу ауданы Едірей елдімекенінде дүниеге келген. 1964 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, еңбек жолын көмекші жылқышылықтан бастап, 1967 жылы Айрық кеңшарының Маусымбек қыстауында бас жылқышы болып, осы аса қиын да қызықты мамандықты 2004 жылға дейін үздіксіз 40 жыл  адал атқарған арда азамат болатын. Сол дәуірдің дәрежелі, дәйекті сан бесжылдықтар жеңімпазы, република көлеміндегі осы саладағы үздік жетістіктері үшін  3-ші және 2-ші дәрежелі “Еңбек даңқы” орденінің иегері, сол кездің жоғары дәрежелі марапаты ҚР Компартиясының ХV съезінің делегеты тәрізді көптеген  мадақ- марапаттың иесі.    Қайрекең жан жары Шолпан екеуі дүниегі  он бала әкелген бақытты  жанұя. Сонымен бірге таза қазақы тұрғыдағы самаурыны шоқтан, қазаны оттан түспей, дастарқаны жиылмайтын қонақжай, ел- жұртқа қадірлі ордалы отбасы еді.

      Ағамыз маңындағыларға мейірімді, қолы ашық, таза қазақы болмыстағы бірбеткей мінезді жан еді. Түр-тұрпаты келісті, еңсегей бойлы, ер тұлғалы азамат болатын. Қазақ «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші кезінде жүйрік ұстап, ат жаратқан, жоталы жорға мініп, ат әбзелдерін түгендеп, сауық құрғанды ұнататын. Соңынан ерген інілері, балалары түгел жылқышы болды, әсіресе, кіші інісі Қабиден құрдасым құрық көтерсе, қашып құтылар жылқы тұяғы болмайтын. Күз айларында мемлекетке жылқы тапсырарда бір күнде ұсталатын 200-ден аса малдың 90 пайызын өзі ғана жеке-дара ұстаушы еді. Бұл ерен ерлік, таза ұлтық үрдісіміздің  салтанат салтындай ерек жетістік еді.

       Тоқсаныншы жылдардың аяғына қарай көмекей әулие Бұқар бабаның кесенесі жанында алғашқы рет өткен ұланасыр тойда жүз қаралы ат құрамы жиналған соң, Орталық телевидения режиссері қазақ батырлары қатысқан тарихи көріністі түсіріп, Қабанбай, Бөгенбай батырларды түгендегенде Қайрекеңе арнайы Қабанбайды сомдатып еді. Содан-ақ абзал  ағамыздың айбынды екенін мойындағандай едік. Кейіннен мұны білетін ел-жұрт Қайрекеңді «Қабанбай» десіп кеткен еді. Осыдан- ақ қасиеті қарымды, қыл құйрықтың қамқоры, жырынды жылқышы болу үшін ерек қажыр-қайрат, мол күш-жігер,  қазақы болмыс, тәлімді тәжірибе, жан-жақтылық керек екенін баса айтқым келеді.  Осындай алымды да қарымды  азамат болған марқұм Қайыркен Байтасов ағамыз осы наурызда толағай жас 79-ға толар еді. Ұлағатты ұрпақтарына сабырлы, салиқалы тірлік, берекелі бірлік тілейміз.

Аманжол ҚУАНБАЙ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button