Жоспарлы жұмыс жүргізілуде
Бюджет саясатын іске асыру арқылы мемлекет экономикаға ықпал етіп, оның үйлесімді дамуына және халықтың тұрмысының жақсаруына қол жеткізеді.
Бюджет саясатының негізгі басымдықтары түпкілікті, өлшенетін, әлеуметтік мәні бар нәтижелерге қол жеткізу үшін қаражатты неғұрлым тиімді және ашық пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады, олар өз кезегінде макроэкономикалық тұрақтылықты, бюджет жүйесінің теңгерімділігі мен орнықтылығын сақтай отырып, мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін одан әрі арттыруға алып келеді.
Есепті кезеңде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін бюджеттің шығыс және кіріс бөліктеріне тиісті түзетулер енгізілді. Пандемия кезеңінде талап етілмеген салалар бойынша шығыстарды оңтайландыру жүргізілді.
Оңтайландырылған қаражат облыстың нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту мәселесіне, облыстың инфрақұрылымын жақсартуға және қоғамды толғандыратын басқа салаларға бағытталған.
Осылайша, денсаулық сақтау саласына айтарлықтай бюджет қаражаты бағытталды. Жалпы облыс бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы 7,2 млрд. теңге сомасына жөндеу жұмыстарымен және материалдық-техникалық жарақтандырумен қамтылды.
Жезқазған қаласында 200 төсектік тез тұрғызылатын модульді аурухананың құрылысы 2021 жылы аяқталады.
Коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты күшейту мақсатында 2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімдігінің резервінен 1,7 млрд. теңге бөлінді.
Денсаулық сақтау ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету және облыс өңірлерінде дәрігер кадрларды бекіту бойынша медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау, сондай-ақ оларға қызметтік тұрғын үй беру жөніндегі жұмыс жалғастырылды. Ол үшін бюджет қаражаты шеңберінде ғимараттарды қайта жаңарту, жөндеу және пәтерлерді жиһазбен және тұрмыстық техникамен жарақтандыру жүргізілуде.
Пандемия кезеңінде облыс бойынша білім беру саласында оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету және жағдай жасау үшін компьютерлік техникамен қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілді, ол үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен және жергілікті бюджеттен компьютерлер, ноутбуктер, модемдер сатып алуға қаражат бөлінді.
Жыл сайын бюджетте білім беру объектілеріне кезең-кезеңімен жөндеу жүргізуге және олардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға қаражат көзделеді. Осы мақсаттарға 2020 жылы 5,8 млрд. теңге бағытталды.
Сондай-ақ, тұрақты негізде, жоспарлы-кезең-кезеңмен бюджетте әлеуметтік сала объектілеріне жөндеу жүргізуге және олардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға қаражат көзделеді. Осы мақсаттарға 2020 жылы 13,9 млрд. теңге бағытталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп жасындағы балаларға, мүгедектерге, жұмыссыздарға, мүгедек бала күтімімен айналысатын ата-аналарға қосымша азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар түрінде қолдау шаралары көрсетілді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінді, сондай-ақ тұлғалардың белгілі бір санаттарына коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша төлемдерді өтеу 2,3 млрд. теңге сомасында жүргізілді.
2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жалғастырылды, осылайша есепті кезеңде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялаумен және республикалық және облыстық бюджеттерден шамамен 3 млрд. теңге жалпы сомаға кредиттерді ішінара кепілдендірумен қамтылды.
Кәсіпкерлік бастаманы дамытуды ынталандыру және бизнес-ахуалды жақсарту жөніндегі мәселелерді шешу 2021 жылы да жалғасады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қарағанды облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырманы орындау үшін 2020 жылғы 5 мамырда Қарағанды облысын дамыту мақсатында «Сарыарқа» ӘКК» АҚ жарғылық капиталын ұлғайту тетігі арқылы «Қарағанды облысының Саран қаласында жолаушылар автобустары, карьералық, құрылыс және жол техникасы өндірісін ұйымдастыру» жобасы басталды, оны іске асыруға бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді.
Облыста оң экологиялық жағдайды қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Су тасқынына қарсы мәселелерді ескере отырып, табиғатты қорғау іс-шараларына 1,5 млрд.теңге сомасында қаражат бағытталды. Бұл бағыттағы жұмыстар 2021 жылы да жалғасады.
Сондай-ақ, облыс аумағындағы төтенше жағдайларға жедел ден қою және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында есепті жылы 3 жыл ішінде өтеу мерзімімен 2,9 млрд.теңге сомасына лизингтік қаржыландыру тетігінің көмегімен арнайы автокөлік сатып алу есебінен полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің материалдықтехникалық базасы айтарлықтай нығайтылды.
Облыстың орнықты әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін жыл сайын әлеуметтік маңызы бар объектілерді салуға және реконструкциялауға қаражат көзделеді.
Мәселен, бюджеттік инвестициялар үшін басымдықтар төмендегі салалар болып табылады:
– тұрғын үй құрылысы, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету;
– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, халықты сапалы ауыз сумен, су бұру, жылумен жабдықтау және газ тасымалдау жүйесімен қамтамасыз ету үшін;
– білім беру сапасын арттыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт жүйесін дамыту үшін әлеуметтік саланы жаңғырту;
– көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдары желісін дамыту, көлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз жүріп өтуі үшін, сондай-ақ елдімекендер арасындағы тұрақты және сапалы жолаушылар қатынасы үшін.
Осы мақсатта 2020 жылы барлығы 58 млрд.теңге немесе бюджеттің жалпы көлемінің 13,7% бағытталды.
Пандемияның күрделі кезеңінде халықты жұмыспен қамтамасыз етуде және іскерлік белсенділікті сақтауда маңызды рөл атқарған жұмыспен қамтудың жол картасы нақты қолдау болды. Жалпы осы бағдарлама шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 61,9 млрд. теңге бөлінді.
Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 85-тармағын орындау үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдарға шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер берілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша салықтың осы түрі бойынша облысқа 25 млрд. теңге түсті.
Жалпы, жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша 2020 жылға арналған облыс бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуының оң серпіні қалыптасты.
Мәселен, облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 4,3 млрд. теңгеге немесе жоспар 105,5%-ға асыра орындалды, облыстың 18 өңірі бойынша кірістер бойынша жоспардың асыра орындалуы 11 млрд. теңгені немесе 109,6%ды құрады.
Есепті жыл оңай болған жоқ, алайда төтенше жағдайға қарамастан жыл қорытындысы бойынша Қарағанды облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң серпінге қол жеткізді және халық алдында әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау қамтамасыз етілді.
2021 жылы облыстық бюджет республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді ескере отырып 457,5 млрд.теңге сомасында бекітілді, оның ішінде меншікті кірістер – 86,6 млрд. теңге, нысаналы трансферттер – 108,5 млрд. теңге, бюджеттік кредиттер – 4,7 млрд. теңге.
Денсаулық сақтау және білім беру жүйесін дамыту мәселелері ерекше бақылауда.
Өткен жылдағыдай Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда әлеуметтік сала мамандарының имиджін ынталандыру және арттыру мақсатында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет салалары қызметкерлерінің жалақысын арттыруға 36,6 млрд. теңге сомасында қаржыландыру көзделген.
Алдыңғы жылдардағыдай, 2021 жылы бірінші кезектегі шаралар кешенінде экономиканың нақты секторын дамыту жоспарланған, бұл өз кезегінде ағымдағы жағдайларда экономикалық белсенділікті қолдаудың негізгі құралдарының бірі болып табылады.
Басым шығыстардың қатарында өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар да көзделген. Ағымдағы жылы Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Саран қалаларында және Осакаровка кентінде «Қауіпсіз қала» жобасы іске асырылатын болады. Осы жоба шеңберінде қолданыстағы бейнебақылау желісін кеңейту мақсатында қолданыстағы бейнебақылау камераларының санын ұлғайту, сондай-ақ жолда тәртіп бұзушылықты тіркеу жүйесін орнату жоспарлануда.
Тиімді Бюджеттік инвестициялық саясатты жүргізуге келетін болсақ, салалардағы басым бағыттар сақталды.
2021 жылға арналған даму бюджеті бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 11%-ын құрайды. 2021 жылғы қаңтардан бастап ведомстволық бағынысты ұйымдарды қоса алғанда, барлық білім бөлімдерінің өңірлер деңгейінен облыстық деңгейге көшуі облыстық бюджеттің жаңа енгізілімі болып табылады. Білім беру саласының шығыстары 76 млрд. теңгеден 183 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.
Облыстың жергілікті атқарушы органының резервінде 2021 жылға облыс аумағында қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай туындаған жағдайда жедел ден қоюға 1,7 млрд.теңге сомасында қаражат жоспарланған.
Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Қарағанды облысында 201 кенттік әкімдікте дербес бюджет енгізілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін күшейту қажеттігін атап өтті.
Ауылдық округтердің бюджеттерін одан әрі ұлғайту мақсатында заң жобасы шеңберінде ауылдық округтердің бюджетіне салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін беру арқылы кіріс базасын ұлғайту мәселесі пысықталуда. Бұл ауылдық округтердің бюджетін кеңейтуге және халық бөлетін қаражат көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Дамудың келесі кезеңі – облысымыздың қалаларындағы «Халық қатысатын бюджет» жобасы болуы тиіс. Бұл халықты осы өңірлерде халықтың әл-ауқатын жақсартатын жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға тартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта облыстың 9 қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 103,2 млн. теңге сомасына аулалар мен скверлерді абаттандыру бойынша 15 жоба мақұлданды, олар 2021 жылға арналған қала бюджеттеріне енгізілді.
Мемлекет басшысының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының VII съезінде айтылған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының қолданылуын 2021 жылға ұзарту туралы тапсырмасын орындау мақсатында, Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қарағанды облысы бойынша 22,9 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру лимиті бекітілді, оның ішінде: 21,2 млрд. теңге – 19 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға, 1,6 млрд. теңге кредит беруге.
Ағымдағы жылы осы бағдарламаның негізгі шарты – тұрақты жұмыс орындарын ашу.
Жаңа жылда бюджет саясаты бұрынғыдай бюджет қаражатын тиімді және ашық жоспарлау мен орындауды қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Людмила БАШАРИНА,
Қарағанды облысының қаржы басқармасының басшысы.