Руханият

Жошы ұлысы

Жошы хан Шыңғысұлы (1187-1227) – моңғол шапқыншылығынан кейін Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет Жошы ұлысының негізін қалаушы, атақты Шыңғыс ханның бәйбішесі қоңырат қызы Бөртеден туған төрт ұлдың үлкені. Ол ересен күшті, ержүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болған. Оның есімі ең алдымен, моңғолдардың әскери жорықтарының бәріне дерлік қатысқан аса ірі әскери қолбасшы ретінде әйгілі.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Жошы – өз өмірінде 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалын бағындырған әйгілі қолбасшы, әрі батыр. Шыңғыс хан 1206 жылы керей, найман, меркіт т.б тайпаларды бір орталыққа біріктіргеннен кейін Жошы әкесінің тапсырмасы бойынша жеке жасағымен Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырып (1207), Жетісу өңіріне жетеді (1211). 1211-1215 жылдары Қытайды жаулау жорығына қатысады. 1218 жылы көктемде Жошының жасағы Шыңғыс ханға бағынғысы келмеген меркіттердің бір тобын өкшелей қуа отырып, Қыпшақ даласына басып кіріп, Ырғыз даласына жеткенде Хорезм шахтың 60 мың әскерімен шайқасқа түседі. Осы соғыс­та әскер күшінің кемдігіне қарамастан, Жошы қолбасшылық дарынымен ерекше көзге түседі. Хорезм шах әскері ашық шайқаста жеңіліп, қала қорғандарына барып тығылады. 1219 жылы Жетісудың барлық қалаларын, Шу, Талас және Сыр­дария бойын, Орта Азияның ірі саяси және мәдени орталықтарын басып алды. 1220-1221 жылдары Жошы Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Асанас, Жаңакент қалаларын алды. Хорезмді (1222), Түркістанды жаулады. 1223 жылы көктемде Жошы әкесінің шақыруымен Сайрам мен Талас аралығындағы Құланбасы жазығында жиналған құрылтайға келді. Шыңғыс ханның жаулап алған жерлерін бөлген кезде Жошыға Ертістен бастап, Орал тауының аралығындағы, одан әрі батысқа қарай жаулап алынатын жерлер тиді (К.Р.Аманжолов. Қазақстан тарихының дәрістер курсы. 1-кітап. Ал, 2004. 154 б.). Сөйтіп, 1224 жылы «Ақ Орда» деп аталатын өз ұлысының шаңырағын көтереді. Ордасы Ертіс өзені бойына орналасады. Біздің Қазақ мемлекетінің хандары – Жошының тікелей ұрпақтары.

Құрылтайдан кейін Шыңғыс ханның басқа балаларының бәрі кері қайтып кеткенде, Жошы өзінің жаңа иелігінде қалады. Жошы ұлысының негізін бұрын Дешті-Қыпшаққа кірген бірыңғай түркі тілдес тайпалар құрады. Шешесі Бөрте қоңырат қызы болғандықтан, ол өз қол астындағылармен өте жақын қарым-қатынаста болады, әрі ол түркі тайпаларының басын біріктіріп, тәуелсіз саясат жүргізуге тырысты. Ал, бұл саясат әке мен бала арасында араздық тууына себепкер-ді. Орта ғасыр тарихшысы Жүзжани өзінің 1260 жылы жазылған «Табакат-и-Насири» тарихнамасында былай дейді: «Жошы қыпшақтардың жері мен суын, ауасын көрген кезде дүниеде бұдан артық саф ауаның, мөлдір судың болуы мүмкін емес екенін ұғып, қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, өзі осында қалып, бұл елді бүліншіліктен азат етуге бел байлаған. Ол өзінің пікірлес адамдарына: «Шыңғыс хан, сірә, есінен алжасқан, өйткені ол осыншама жерді ойрандап, осыншама халықты қырғынға ұшыратып отыр. Сондықтан, мен аңға шыққан кезде әкемді өлтіріп, мұсылмандармен одақ құратын шығармын» – дегенді айтқан. Оның бұл ойын Шағатай сезіп қалып, әкесіне жеткізген кезде, әкесі білдірмей Жошыға у беріп өлтіруді әмір еткен» (Қазақтар. Т.2. Тарихи тұлғалар. 1998. 51 б.). Жошы әкесінен 6 ай бұрын қазаға ұшырады. Шыңғыс хан 1227 жылы 16 тамызда 66 жасқа қараған шағында дүниеден өткені белгілі. Жошының өлімі жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер тараған. Солардың бірінде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, кейбір деректерде «жеке билікке ұмтылып, әке ырқына көнбей, асаулық танытқан ұлын Шыңғыс хан өзі арнайы адам жіберіп, бел омыртқасын үздіріп өлтіртті» дегенді айтады. Жошы Шығыс Еуропаға жорық жасау жоспарын жүзеге асыра алмай дүние салды. (Айбын. Энциклопедия. Ал, 2011. 348 б). Қалай болғанда да, Жошы ханның қазақ жерінде, Ұлытауда өлгені анық. Соның куәсіндей болып, Жезқазған қаласынан 45 шақырымдай жерде, Кеңгір өзенінің сол жағында Жошының мазары сол күйі әлі тұр.

Әрине, Жошы сияқты ханды жабағының үлкендігіндей құланның шайнап өлтіруі қисынға келмейді. Демек, өз дегенін орындатып үйренген Шыңғыс ханның ашу үстінде Жошыны өз қолымен өлтіруі әбден мүмкін. Жошының Ұлытау іргесінде жерленгеніне күмән келтірген академик В.Бартольд болатын. Алайда, ол Ұлытау төңірегінде жерленбеген деп кесіп айтпайды. Ал, тарихи дерек Жошы ордасының, алғашқыда Ертіс бойында болғанымен, кейін Ұлытауға көшірілгенін айтады. 1246 жылы келіп қайтқан Плано Карпинидің айтуында, Жошы ордасы Алакөл маңында болған. Алакөлден Ұлытаудың алыс емес екені белгілі. Оның үстіне ауызша да, жазбаша да деректерде Жошының жақын жұрағаттарының қабірі Ұлытау төңірегінде жатыр. Сарысу бойындағы Келінтам мазары Жошының кіші тоқалының бейіті екен дейді (Ә.Мар­ғұлан). Ал, Болған ананы академик В.Бартольд Жошы ханның қызы дейді. (В.Бартольд. Сочинения. Т-8. 101 б). Жошы хан мазарының іргесінде тұрған Домбауыл кешенін иемденіп жатқан Домбауыл мерген жазба деректе де, ауызша аңыздарда да Шыңғыс хан мен Жошы ханның сақшысы, жақыны еді дейді. Осы деректерді қорыта келіп, Орта Азия тарихшысы әрі ақын Хафиз Тыныштың дерегіне ден қоюға болады. Жошы хан мазарының Ұлытау төңірегінде екенін Хафиз Тыныш еш күмәнсіз жазып кеткен. Ертіс бойынан бастап, сонау Орал тауына дейінгі жерге билігін бір өзі жүргізген Жошы ханның Ұлытау топырағында жатуы себепсіз емес. Әсіреқызылдан, мәжбүрлік міндеттен ада даланың ойын-сауығына, аңшылық-саятшылдығына, асыл өнеріне ғашық болған. Мұңың өзі Сарыарқадағы арғын, қыпшақ, найман, керей, уақ сияқты рулармен өмірінің денін бірге өткізуге себепші болған. Жошының құлай беріліп, қатты қызықтайтыны: қызу сәттері көп аңшылық-саятшылық, әнші-күйші, ақын-жыраулар айтысы, мерген-палуандардың белдесуі, ат ойыны мен бәйге-бәсекелер. Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, Жошы қазақ даласындағы сал-серілік дәстүрдің негізін салған (А.Сейдімбек. Шығармалары. Т.2. Ас,. 2010. 312 б).

Бұған оның өмірінің соңғы кездерінде әкесінің жорықшыл пиғылынан бас тартып, бірыңғай бейбіт өмір рахатын қызықтап кетуі дәлел. Жошы хан мазарын салуға Дешті-Қыпшақ даласындағы белді рулардың бәрі де қатысқан. Мұны мазар ішінде, кірпіштерде күні бүгінге дейін сақталған отыздан астам ру таңбаларынан айқын аңғаруға болады. Бұл таңбалардың басым көпшілігін найман, арғын, уақ, керей, дулат, тарақты, табын сияқты рулар мен төре тұқымы қалдырған. Мұның өзі кейін қазақ халқының негізін құрған үш жүздің де руларының мазар құрылысына қатысқанын көрсетеді.

Жошы Қыпшақ даласында мемлекеттік құрмақ ойын жүзеге асыра алмады. Орданың территориясы Ертістен – Еділге, Ұлытаудан – Қараталға, Томенге (қазіргі Тюмень) дейін, оңтүстігі Сыр бойы Сауран, Баршынкентке дейінгі аумақты алып жатты. Бұл аумақ қазіргі Қазақстан жерінің 60-65 пайызын құрайды. Ұлыс­тың бас билігі Шыңғыс хан 150 әулетінің қолында болғанымен, дәстүрлі Қазақ қоғамының ру-тайпалық жергілікті билік жүйесі, халықтық тіл, мәдениетіне түпкілікті өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше, Жошы ұрпақтары 2-3 буыннан кейін өздері түркі-қазақ болып кетті. Ақ Орда іс жүзінде Жошы, оның ұрпақтары билігіндегі Қазақ мемлекеті болды. Жошы өлгеннен кейін оның баласы Бату (1208-1255) орыс жеріне, батыстың өзге де жеріне қанды жорық жүргізіп, Жошы ұлысын Алтайдан Дунайға дейін созып, Алтын Орда мемлекетін құрып, Жошы ұлысын екі әскери қанатқа бөлгенде (Көк Орда, Ақ Орда) Ақ Орда Жошының тұңғыш ұлы Орда – Еженің басшылығында өзіндік дербес билігін сақтап қалды. Жошы ханның ұрпақтары басқарған Алтын Орда мемлекетінің халқы – Жошы ұлысы, ал, Алтын Орданың теңге ақшасы – «Жошы теңгелері» – деп те аталды.

Рашид ад-Диннің есебі бойынша Жошы 4 әйел алып, 40 ұл дүниеге әкелген, солардың ішінен тарихи деректерде кездесетіндері: Орда – Ежен, Бату, Берке, Шибан т.б ұрпақтары Ираннан Қыпшақ даласына дейін кең тарады деп жазған. Тұңғыш ұлы Орда Еженнен Қазақ хандары әулеті, Батудан Алтын Орда билеу­шілерінің бірер буын өкілдері, Шибаннан Өзбектер, Тоқай-Темірден Астрахан, Қырым билеушілері тарады. Олардың ұрпақтары сол елдерге сіңісіп кетті. Сонда «Қазақ хандарының атасы, немесе қазақтың алғашқы ханы кім?» деген сұрақ тарихшыларды көп жылдар бойы мазалап келді. Ақыры XIX ғасырда ғұмыр кешкен Левшин, Шоқан Уәлиханов бір ауыздан Орыс ханды қазақ хандарының атасы деп таныды. Орыс хан Ақ Орданың билігіне келуімен Ақ Орда тәуелсіз мемлекетке айналды. Орыс хан Алтын Орданың астаналық қалаларын да өзіне бағындырды. Қазақ жерінің кіндігіндегі Сығанақты астанасы етті. Қазақтың алғашқы армиясы Алаш мыңдығы осында жасақталды. Орыс ханның ұлдары Тоқтақия, ТемірМәліктер Алаш мыңдықтарын бастап, Әмір-Темірмен талай мәрте шайқасты. Кейін билікке Орыс ханның немересі, Барақтан кейін шөберелері Керей мен Жәнібек (Барақтың ұлы) шықты. Қадырғали Жалайыр «Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын өзі басқарды» деп жазды.

Қарашаңырағы алғаш қазақ даласында көтерілген Жошы ұлысы – Еуропа мен Азияны жалғап жатқан ұлы дала өңіріндегі сирек құбылыс. Бұл – адамзат тарихындағы ұзақ уақыт сақталған державалардың бірі. Жошы ұлысы державасы 260 жыл салтанат құрды (Қазақ халқының тарихи тұлғалары. Ал,. 2013. 20-21 бет)  Шыңғыс хан, Жошы, Бату (Баты) хандар – ұлттық шеңберге сыймайтын тұлғалар. Жошының қазақ тарихынан алатын орны сіңірген еңбегімен өлшенеді. Шыңғыс ханның Еуразияны бағындыруында Жошының және оның ұрпақтарының атқарған істері қазақ ұлтының қалыптасуы мен қазақ хандығының құрылуына белсенді рөл атқарғаны белгілі. Ақ Орда, кейін Ақ Орданың орнына қайта шаңырақ көтерген Қазақ хандығы Жошы ұлысының заңды мұрагері болып табылады. Жошы ханның, оның ұрпақтарының қазақ тарихынан алатын баға жетпес құндылығы да осында.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button