Бас тақырыпОблыс әкімі

Жол сапасы жақсарады

БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ ДА АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫН ЖӨНДЕУГЕ ОБЛЫС БЮДЖЕТІНЕН БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ КӨЛЕМІ ҚОМАҚТЫ. НАҚТЫЛАЙ ТҮССЕК БЮДЖЕТТІҢ БАРЛЫҚ КӨЗІНЕН БЕРІЛЕТІН ЖАЛПЫ СОМАСЫ 47 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ОБЛЫС АУМАҒЫНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫ КҮРДЕЛІ ЖӘНЕ АҒЫМДЫҚ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, биыл 1000 шақырымнан астам жол жөнделмек. Оның ішінде, республикалық маңыздағы жолдың 550,7 шақырымы жөнделсе, қалалар мен аудандардағы 74,2 шақырым жолға жөндеу облыстық бюджеттен бөлінетін мақсатты трансферттер есебінен жүргізіледі. Ал, қалалар мен аудандардың жергілікті бюджетінен елді мекендердегі 82 шақырым жол жөндеу көреді.

Қазірдің өзінде Бұқар жырау ауданындағы «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» автожолының 17 шақырымына қайта жөндеу жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Абай ауданындағы «Қарабас-Жартас-Долинка» және «АқтоғайБалқаш» автожолдарының 38 шақырымына жөндеу жұмыстары да биыл аяқталады деп жоспарланған.

Серіктес қалаларды облыс орталығымен жалғайтын «Қарағанды-Саран-Шахтинск» автожолының сын көтермейтін 19 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары да биыл жүргізіледі.

Республикалық, облыстық жолдармен қатар, қалалар мен аудандардағы жергілікті маңыздағы жолдар да назардан тыс қалмағанын айттық. Бюджеттен бөлінген миллиондаған қаражаттың тиімді жұмсалуы қатаң қадағалауда. Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының мамандары асфальт төселетін учаскелерден сынама үшін материалдар алып, техникалық нормалардың сақталуын бақылайды.

Облыс орталығындағы Республика даңғылын Тәттімбет көшесімен жалғайтын жол құрылысы да жоспарға енген. Сондайақ, бірнеше жылдан айтылып келе жатқан екі жаңа жолдың құрылысы да биыл басталады.

Біреуі – қаланы айналып өтетін, екіншісі – құрылысы басталған көтерме-үлестіру логистикалық орталығына апаратын жол. Бұл, тиісінше, жүк көлігінің легін азайтады деген болжам бар. Тіпті, қала жолдарының жағдайына да тікелей әсері болатыны сөзсіз.

Федоровка, Жаңа өзен және Майқұдықтағы орамішілік жолдар да назарда. Бұқар жырау даңғылындағы өтпе жолдан Гончарная көшесіне дейін, Саран тас жолында 15 магистральдан бастап, үй құрылысы комбинатына дейінгі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Күрделі жөндеу жұмыстарынан бөлек, 25 мың шаршы метр жол жабынындағы шұңқырлар да жөнделеді.

Өткен жылы аяқталмай қалған Құрылысшылар даңғылындағы жолды жөндеуге биыл 100 миллион теңге бөлінген. Жұмыс қарқынды жүргізіліп, су құбырлары желісін ауыстыру аяқталған, кәріз коллекторлары мен суағарлар реттелуде.

Қаланың Майқұдық аумағы 14 шағынауданындағы автобус бекетінен республикалық маңыздағы Шығыс айналма жолына дейінгі автомобиль жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу де жоспарға енген. Қажеттілік – 1 миллиард 356 миллион теңге. Сондай-ақ, Карл Маркс – Магнитогорская көшесіндегі жолға күрделі жөндеу жұмыстарының жобасы дайын. Асфальттің үш қабатын жөндеп, жаяу жүргіншілер жолын жасау, суағарларды реттеу, қоғамдық көлікке арналған жолақ жасау қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 8,6 миллиард теңге.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button