Жол сапасы – даму көрсеткіші
Қарағанды қаласында бұған дейін апатты ретінде танылып, жүруге мүлдем тыйым салынған 7-магистраль, яғни, кіші айналма жол күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Кезінде қаланы айналып өтетін жолға ұзақ уақыттан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, жұмсалған қаражат та қомақты. 8,8 шақырым жолға кеткен шығын – 4 млрд. теңге. Қала әкімі Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ бұл туралы магистраль мен Майқұдықтағы Карл Маркс және Магнитогорск көшелерінде атқарылған жұмыстарды тексеру кезінде айтты.
КІШІ АЙНАЛМА ЖОЛ АШЫЛДЫ 7-магистраль арқылы қалаға кірместен Бұқар жырау мен Гоголь көшелеріне шығуға, одан әрі Пришахтинскіге өтуге, бері құлағанда, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіне, атап айтқанда Тәттімбет көшесіне өтуге болады. Бұл қаланың орталық көшелеріндегі көлік легін азайтып қана қоймай, транзиттік ауыр жүк көліктерінен жолды да қорғайды. Жалпы, 7-магистраль бұрын Қарағандыны айналып өтетін жалғыз айналма жол болған. Бертінде солтүстік-шығыс айналма жолы салынғалы «кіші айналма жол» атанды. 7-магистральдің қала үшін тағы бір маңыздылығы – осы жерде өтпежолдың орналасқаны. Қала басшысы оның да ешқашан жөндеу көрмегенін айтады. Әрі осы өтпежолдың астында теміржолдың орналасуы жол жөндеу жұмыстарын күніне небары екі сағат атқаруға мүмкіндік берген.
– Электр энергиясын өшіруге болмайтындықтан жұмыскерлер қиын жағдайда жұмыс жасады. Жол кеңейгендіктен, бұрынғы жылу құбыры жаңасына айырбасталды. 7-магистраль ашылғалы жүк көліктерінің дені қазір осы жолмен жүреді. Пайдалануға берілгенімен де келесі жылға біраз жұмыстар қалды. Олардың дені – жол айналасын абаттандыру, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жоба мерзімі әуелде 2 жыл деп белгіленгенмен қаржының болмауы әрі жұмыстың ауырлығына байланысты үшінші жылға созылады. «Жұмыскерлер «аттың – жалы, түйенің – қомында» қысылтаяң жұмыс жасағандарына қарамастан, жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілді» деген қала басшысы автокөлік жүргізушілерінің шыдамдылық танытқандарына да алғысын білдірді. Қазір жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Жолдың бір жақ бетінде қоғамдық көлік тоқтайтын екі аялдама павильоны орнатылса, қалған екеуі дайындалуда. Ол да кешікпей орнатылады. Жаңа жолдың кепілдік мерзімі – 5 жыл. Мемлекеттік техникалық бақылау мекемесі сапасын егжей-тегжейлі тексеріп, көңілден шыққаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат еткен. Осы бес жылдың ішінде қандай да бір ақау шығар болса, мердігер компания «Ұлар-МК» ЖШС оны өз есебінен атқарады.
МАЙҚҰДЫҚТЫҢ КӨЛІК АРТЕРИЯСЫНА ҚАН ЖҮГІРДІ
Ермағанбет Бөлекпаев Карл Маркс және Магнитогорск көшелеріндегі жаңа жолды да қарап шықты. 2020 жылы басталған жоба аяқталуға жақын. Автокөлік үшін өтпежол толығымен ашылып, жолдың біраз бөлігінде жол белгілері орнатылған. Аялдама павильондары да қойылды. Жұмыстың толық аяқталуы 2022 жылдың ортасына жоспарланғанымен, келесі жылы құрылыс салушыларға қалғаны – шағын учаскені, яғни, «Көгілдір тоғандар» шағынауданынан әрі кететін бір шақырым жолды жөндеу.
– Бұл Майқұдықтың негізгі жолы – көлік артериясы. Осы жерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолдың 10 шақырым 800 метрі дайын. Жұмыс көлемі де ауқымды. Миллион текше метрге жуық құм жеткізіліп, 40 000 метр жиектас орнатылды. Сондай-ақ, қарашаның соңына дейін тротуарлық және жиектік жарықтандыру бойынша 1300-ге жуық жарық нүктелері қойылады. Тротуарларды абаттандыру осы айда аяқталады. 13 бағдаршам мен аялдама кешендері орнатылады. Жұмыстар жалғасуда, жол толығымен 2022 жылы тапсырылады. Келесі жылы жолдың 1 шақырымын аяқтау қажет, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Қала басшысы осы көшелердегі бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері жол полициясының талабы бойынша орналасқанын атап өтті. Жобаның талабы да – осы. Оның да өзіндік себебі бар. Бұл ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен автокөлік жүргізушілерінің жайлылығы үшін жасалған. Бұған дейін сызбаның дұрыс болмауынан кептеліс те, төтенше жағдайлар да жиі орын алған.
– Осыған байланысты түрлі шағымдар айтылды. Бұған дейін тұрғындар белгіленбеген жерден, яғни, өздері қалаған жерден жолды кесіп өте беретін. Енді олай болмайды. Әрі белгіленген ережелер мен талаптарбар. Мүмкін, жолдан өту үшін шамамен 50 немесе 80 метрге дейін жүру керек шығар. Дегенмен, бұл қауіпсіздік үшін жасалды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Одан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкімі Мейрам Кожуховқа келесі жылы көшеттер мен көгалдарды сапалы суаруды ұйымдастыруды тапсырды. Оның айтуынша, құрылыс кезінде кесуге мәжбүр болған ағаштардың орнына көктемде шыбықтар отырғызылады.
ШАҒЫМ ЕСКЕРІЛДІ, АЯЛДАМА ОРНАТЫЛАДЫ
Шағым демекші, тұрғындар «Восток-3» шағынауданындағы аялдамалардың орны өзгергеніне наразылығын білдірген болатын. Ол да шешімін тапты. Қала басшысы аялдама да бұрынғы орнына орнатылатынын, жаяу жүргіншілер өткелі де салынатынын айтады.
– Жергілікті тұрғындар қайтаруды талап еткен аялдама павильоны 2009 жылы жекеменшікке берілді. Ол жерде қазір тамақтану орны бар. Жолды кеңейткенде, ол жерге аялдама қою мүмкін болмады, өйткені автобус тоқтайтын орын керек. Сондықтан, ауыстыру керек болды. Бірақ, алыстап кеткендіктен, тұрғындар аялдаманы бұрынғы орнына қайтаруды сұраған болатын. Оны ескі аялдаманың жанына орнатамыз. Бірақ, орын үшін сол жердегі ағаштарды кесуге тура келеді. Әрине, кейін кесілген ағаштардың орнына шыбықтар отырғызылады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жол демекші, осы жолдың бойындағы сауда орындары да бірізділендірілетінін де айтты қала әкімі. Әрине, оның барлығы бизнес нысандары иелерінің мүмкіндіктеріне қарай. Алдымен, жоба ұсынылып, кейін келісім бойынша қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жасалады. Ол – келесі жылдың еншісіндегі шаруа. Айтпақшы, Майқұдыққа жылы аялдамалар орнату да ойда бар екен. Олар қалаға шығатын жаққа орнатылады. Бұл да тұрғындардың қолайлығы үшін.
– Майқұдықтан қалаға бару үшін автобусты біраз тосасыз. Ал, қаладан келу қиындық тудырмайды. Сондықтан, егер орнатылатын болса, жолдың қалаға шығатын жағына қойылады, – дейді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Салтанат ІЛИЯШ.