Жиһаз цехы іске қосылды
Жезқазғандық Сымбат САДЫҚОВ жаңа кәсіптің қыр-сырын игеруде. Бала кезінен ағаштан түйін түюге ынтық болған жас жігіт бүгінде жиһаз цехының жұмысын жолға қойды.
Әліпті таяқ деп таныған шағынан ұсталық өнерге бейімін байқатқан Сымбат жиһаз өндірісін қолға алуда. Көздегеніне қол жеткізу жолында жігерлі жас өлшеусіз тер төкті.
Алдымен Алматыда бейнелеу өнері мамандығына үйренді. Оқи жүріп, бесік, балалар төсегі, балалар орындықтары сынды ұлттық бояуы қанық бұйымдарды жасаумен айналысты.
Туған елге оралған соң да осы кәсібін өмірлік нәсібі етуді ойластырды. Алайда, талапты өренге қаржы мәселесі қиындық тудырды. Арнайы құрал-жабдықтар сатып алу үшін едәуір қаражат қажет еді.
Осы тұста Жезқазған қаласындағы кәсіпкерлер палатасы көмекке келді. Сымбат палатада «Бизнес-кеңесші» курсынан өтіп, бизнес-жоспар құрды. Қажетті құжаттарын жинастырып, мемлекеттік гранттар байқауына қатысты. Сөйтіп, 752 мың теңгенің грантына иелік етті.
Қазір Сымбат ғимаратты жалға алып, үш станок әкеліп қойды. Ұлттық нақышпен өрнектелген жиһаздарға жұрт тарапынан сұраныс баршылық. Бұйыртса, тасы өрге домаларына кәсіпкер сенімді.
Нұрқанат ҚАНАФИН