Жаңалықтар

“ЖЕЗКИІК”: Шетелдік БАҚ не дейді?

Ұлт ұясы Ұлытауда «Жезкиік» І Халықаралық музыка фестивалі зор абыроймен өтті. Мұны шетелдік беделді басылымдар да жарыса жазуда. Шолу жасап көрсек.

Мексикалық «El Universal» және «La voz de Michoacan» газеттері, Австрияда шығатын «New Merker» халықаралық опера өнері журналы, «Peruanos en suiza» интернет-порталы және басқа да басылымдар қазақ жерінде өткен классикалық музыка кеші жайлы арнайы репортаж жариялады.

Мексикалық «El Universal» газетінің тілшісі өз мақаласында фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен. Әсіресе, кәсіби безендірілген сахна мен арнайы тұрғызылған этноауыл ерекше әсер қалдырыпты. Автордың жазуынша, Ұлытаудың табиғаты мен орналасқан жері этникалық музыканың әуенімен астасып, ерекше ләззат сыйлайды.

«Дала пейзажы мен оны қоршап тұрған таудың көрінісі – қазақ мәдениетінің өзегі іспетті. Сахнадан естілген музыканың әсем үні осында келген әрбір латынамерикандықтың жүрегінен орын тапқаны анық. Өнерпаздар әдемі ақ шатырларда дайындық жасап, даланы әнге бөледі. Қазақ домбырасының қоңыр үні мен анд флейтасының сазы, орыс музыкасы… Бәрі керемет үйлесім тапты» деп жазды мақала авторы.

Опера жанрына маманданған «New Merker» журналы мен «OnlineMerker» интернет-порталы Ұлытауда өткен фестивальден репортаж жариялаған. Олар австриялық опера әнші Анна Рианды басты нысанға алыпты.

«Online-Merker» порталы тілшісі фестивалдің әлемнің 17 елінен келген өнерпаздардың басын қосқан интернационалды кеш болғанын жазды.

«Бұл – халықтар достығының айқын көрінісі. Бізді ерекше қарсы алды, музыканттар да бірден тіл табысып кетті» делінген мақалада.

Австриялық журналистің сөзін жапониялық блогер Томоко Окадо да қуаттады.

«Фестиваль ұйымдастырушыларына және оның қатысушыларына, музыканттарға ерекше алғыс айтқым келеді. Достық көңілдеріңіз үшін мың алғыс!» деп жазды токиолық блогер өзінің «Фейсбук» парақшасында.

Ұлытау өңіріндегі үш күнге созылған айтулы музыкалық оқиға «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы және «Туған жер» арнайы бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Негізгі мақсат – қазақ халқының дәстүрлі музыкасын насихаттау, туризмді түлету, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button