Басты тақырыпОблыс әкімі

Жезқазған жерұйыққа айнала ма?

    Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ Жезқазған-Ұлытау өңіріне жасаған екікүндік сапары барысында аймақ тұрғындарының көкейінде жүрген осы түйткілдің түйіні тарқады. Жаңа басшының өзекті мәселені танудағы аңғарымпаздығы мен іскерлік бастамалары халық көңіліне риясыз сенім ұялатты. Бұл – аймақ басшысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданына облыс әкімі ретіндегі тұңғыш сапары. Сондықтан да, өңір тұрғындары облыс әкімін үйдей үмітпен күткен-ді. Үміт ақталды, сенім серпілді. Ашығы – сапар салмақты шықты. Әдеттегідей, халықтың игілігі үшін емес, үлкен әкімнің сапары үшін сыланып, сырланатын нысандарды аралаумен шектелмей, қордаланған проблемаларды қотарып, салмақты сараптама жасауға басымдық берілді.

Тығыз кесте, тыңғылықты

тапсырма

Иә, аймақ басшысы сапарының кестесі өте тығыз болды. Соған қарамастан, облыс әкімі бірнеше өндірістік һәм әлеуметтік нысандарға ат шалдырып, өңір тынысының өлшемі боларлық жағдайлардың жай-жапсарымен танысты.

Әуелі қалалық емханаға ат басын бұрған. Мұның да себебі бар. Өйткені, Жезқазған – өндірісті қала. Экологиялық ахуалы ушығып тұр демесек те, мәз емес. Тұрғындардың көбінің «басы ауырып, балтыры сыздайтыны» – сондықтан. Осы орайда, облыс әкімін алаңдататын бір ғана мәселе – қызмет көрсету сапасы. Емхананың бүгінгі көрсеткіштері – көңіл көншітерлік. Бір ауысымда 250 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. 35 білікті дәрігер қызмет етеді. Оның 20-сы – жоғары және бірінші санатты дәрігерлер. Ғимараты – қызмет көрсетуге барынша қолайлы. Емхана базасында консультативтік-диагностикалық, зертханалық бөлімшелер, күндізгі стационар, алдын алу және әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету бөлімшелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, емхана заманауи медициналық техникамен, арнайы құралдармен 65 пайызға жабдықталған. Облыс әкімі назарына бұл жерде соңғы жылдары ана мен бала өлімінің тіркелмегендігі және туберкулезге шалдыққандар көрсеткіші 16 пайызға кемігендігі туралы маңызды ақпарат ұсынылды. Бұл – емхана қызмет көрсететін аумақтағы көрсеткіш.

Аймақ басшысы әлі де болса жұмысты ширатып, қызмет сапасын көтеруді тапсырды.

Екінші нысан – Жезқазған байыту фабрикасы. Ерлан Жақанұлына тау-кен рудасынан алынатын байытылған мыс концентратын алатын фабриканың жұмыс процесі, өндірістік қуаты, кешенді жаңғырту бойынша «Қазақмыс» корпорациясы» басшылығының қолға алған жоба-жоспарлары таныстырылды. Кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі мен жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалған жоқ.

Бұдан кейін облыс әкімі «Қазтехфильтр» ЖШС-нің өндіріс алаңында болып, 41 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. 2010-2014 жылдарға арналған Индустрияландыру картасы негізінде іске қосылған жобаның жалпы құны – 463,7 млн. теңге. Мұнда жүк көліктерінің, автобустар мен арнайы техникалардың сүзгілері жасалады. Негізгі тұтынушылары – «Қазақмыс» корпорациясы», «Казгерстрой» ЖШС (Астана), «Центр МТС-Сервис» ЖШС (Алматы), «Тора» ЖШС (Қостанай), «Майкубен-Вест» ЖШС (Павлодар). Барлық сұраныс көлеміне жасалған болжамға сәйкес, кәсіпорын 2017 жылы 11 мың сүзгі шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 70 млн. теңге несие рәсімдеп, өндіріс көлемін ұлғайту да жоспарда бар.

Мыс шаһарындағы білім ошақтары да облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Қаладағы білім ошақтарының қарашаңырағы №8 гимназияға арнайы бұрылып, айтулы білім мекемесінің материалдық-техникалық базасымен, оқу-тәрбие жұмыстарының жағдайымен танысты. Сонымен қатар, академик Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде де болып, еңбек нарығын білікті мамандармен қамтамасыз етуде өзіндік орны бар білім ордасының бүгінгі ахуалына назар аударды. 1290 студент білім алып жатқан жоғары оқу орнының ел экономикасындағы ролі мен маңызына ерекше тоқталған Ерлан Жақанұлы университет басшылығына маман даярлаудағы дәстүрлі әдістемелермен қатар, заманауи технологияларды жүйелі әрі ауқымды пайдалану қажеттігін тапсырды.

Уақыт пен сапар кестесінің тығыздығы басшы сергектігіне нұқсан келтірмесе керек. Жезқазған – Ерлан Жақанұлының білім алған, еңбек жолын бастаған алтын тұғыры. Қай қызметте жүрсе де, өңірдің тыныс-тіршілігіне алаңдап, перзенттік пейіл танытып жүргендігін аңғардық осы жолы. «Маған бұл өлкенің әр түйір тасы – ыстық» деп сөз сабақтаған аймақ басшысы Жезқазғанның даму көрсеткіштерімен түпкілікті хабардар болып шықты.

Айналасы екі сағаттың мұғдарында төрт нысанды аралап, олардың жағдайымен жан-жақты танысып үлгерді. Барлық салаға қатысты басшы ретіндегі бастамаларын айтып, тың тапсырмалар да берді. Алайда, облыс әкімінің бөгеліп, алтын уақытын сарп еткен жері – қала тұрғындарын қабылдауы болды. «Халықтың айтары, мұң-мұқтажы жиналып қалған екен ғой. Айтып, тауыса алмай жатыр-ау», – деп, сыртта тұрып «тон пішкенбіз». Дәл солай болғанына облыс әкімінің қатысуымен өткен актив жиналысында көзіміз жетті.

Сонымен…

Баяндамада – басқа әңгіме, аялдамада – басқа әңгіме

Қала әкімдігінің мәжіліс залы. Залдағылардың дені – облыс әкімімен ере келген орынбасарлары мен облыстық басқарма басшылары, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері. Қалғаны – қала әкімдігінің ат­қамінерлері. Актив жиыны дейтіндей, қо­ғам белсенділері мен аға буын өкілдерін көрмедік. Облыс әкімі де бірден осы жағдайға көңіл бөліп, «актив жиналысын» ұйымдастырушыларды сынға алды.

Елбасы сенім білдіріп, облыс басшысы лауазымына тағайындалғаныма бір айдың жүзі болды. Сіздердің алдарыңызға облыс әкімі ретінде бірінші рет келіп тұрмын. Сондықтан, менің бүгінгі жүздесуім келешегіміз жайлы кеңесу болады, жылы кездесу болады деп ойлағанмын. Өкінішке орай, олай болмады. Дәл осы көшпелі кеңес алдында мен қабылдауыма алдын ала жазылған қала тұрғындарымен жүздестім. Ешқайсысы да жеке сұрақтарын емес, елдің мұңын алдыма тартты. Қордаланып қалған проблема – жетерлік, жұмыс тоқтаған сыңайлы. Қабылдауымда болған ақсақалдардың жанайқайынан мен осыны түсіндім. Мұның барлығы тізгін ұстаған азаматтардың елге, жерге деген жанашырлығының жоқтығынан. Ал, жанашырлық жоқ жерде жұмыс жүрмейді, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың кіріспе сөзінен кейін Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов қаланың 2017 жылдың І-тоқсанындағы даму көрсеткіштерін қамтыған баяндама жасады. Баяндама желісі Жезқазған жұмаққа айналғандай мазмұнда өрілді. Әлгінде ғана облыс әкімінің қабылдауында болған ақсақалдар өтірік айтып, қала әкіміне жала жауып шыққан ба деп қаласың. Дегенмен, барлық жағдайды елдің емеуріні мен халықтың көңіл-күйінен-ақ аңғарып отырған облыс әкімі бірден баяндамадағы есеп пен нақты жағдайдың арасындағы алшақтықты дөп басып, қала әкімінің құрғақ есебіне қынжылыс білдірді.

Баяндамада өнеркәсіптік өнім көлемінің өскендігін айтасыз. Бұл – әкімдіктің емес, «Қазақмыстың» көрсеткіші. Тікелей қала әкімінің бақылауында болуы тиіс баға саясаты, халықтың жұмыспен қамтылуы, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау деген секілді міндеттерді алайықшы. Бірде-бір көшелі көрсеткіш жоқ. Әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің 10-нан астам түрінің бағасы аспандап кеткен. Бұрын осы қала маңындағы Талап, Кеңгір ауылдарында қарбыз басқа да көкөністер өсірілетін. Талаптың қарбызының дәмі керемет болушы еді. Сол жерлер қаңырап жатыр. 4,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылмай жатыр. Меншік иелерімен ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау да – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Жезқазған қаласы бойынша 2010 жылдан бері 9 жоба ғана кәсіпкерлікті қолдау картасына енген, – деп, кемшіліктерді жіпке тізген аймақ басшысы жол мәселесіне де кеңінен тоқталды.

2017 жыл Жезқазған қаласы бойынша жол жөндеу жылы болып жарияланды. Бұл мақсатқа 1,2 млрд. теңге жұмсалады. Облыстық бюджеттен – 945,4 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 193,5 млн. теңге. Осы сомаға қалаішілік жолдың 23 шақырымы жөнделмек. Ал, осынша көлемді жұмысты бір ғана мердігер атқармақшы. Яғни, барлық лот бойынша бір ғана кәсіпорын жеңімпаз болып танылған. Бұл жерде жұмыстың сапасы мен орындалу мерзімі маңызды екенін қатаң ескерткен облыс әкімі, жезқазғандық қоғам белсенділерін жұмыс сапасын бақылауда белсенділік танытуға шақырды.

Сонымен қатар, биыл «Жезқазған-Қарағанды» бағытындағы күре жолға орташа жөндеу жұмыстары жасалатын болды. Бұл ауқымды жұмысқа 2 млрд. теңге қаралып отыр. Бірінші кезеңіне тиісті 1 млрд. теңге бөлінді. Екінші кезеңінің қаржысы мамыр айында шешіледі. Жөндеу жұмыстары қазан айында толық аяқталады деп күтілуде. Жезқазған өңірінің тұрғындары үшін бұдан асқан сүйіншілі хабар жоқ.

Жезқазғанның болашағы – зор. Транзиттік дәліз мәселесі шешім тапты. «Жезқазған-Бейнеу» теміржол магистралі салынды. Ғылыми әлеует жеткілікті – өз университетіміз бар. Қаланың төңірегінде жаңа кен орындары игеріліп жатыр. Тек қана әлеует толық пайдаланылмай отыр. Сондықтан, мен Жезқазған қаласын дамытудың алдағы үш жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда экономиканың жетекші салаларынан бастап – балалар алаңына дейін қамтылуы керек,– деді Ерлан Жақанұлы өзінің түйін сөзінде.

Қала әкімі Батырлан Ахметовтің баяндамасы мен қала аялдамасындағы әңгіменің арасындағы алшақтықты жақындату, тіпті, қабыстыру жөнінде қатаң тапсырма жүктелді. Ең бастысы, ел көңіліне сенім ұялады.

Ұлытауда –

жаңа әкім

Облыс әкімі сапарының екінші күні Ұлытау ауданында жалғасты. Мұнда аймақ басшысы аудандық мәслихаттың сессиясына және аудан активінің жиналысына қатысып, ауданның жаңа әкімін таныстырды.

Барлықтарыңыз білесіздер, келісім-шарт мерзімінің аяқталуына байланысты, ауданды соңғы жылдары басқарған Хамит Нұрланұлы Омаров қызметінен босатылды. Барлығы Заң шеңберінде рәсімделді. Жаңа ғана аудандық мәслихаттың сессиясына қатысып, ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген тағайындау тәртібіне байланысты, мен депутататтар назарына Әнуар Серікбайұлы Омардың кандидатурасын ұсындым. Ұсыныс бірауыздан мақұлданып, аудан әкімі болып Әнуар Омар тағайындалды,– деді облыс әкімі.

Әнуар Омар – Ұлытаудың тумасы. 2010-2013 жылдары ауданды басқарған. Тәжірибесі мен біліктілігі – осы елге белгілі екендігін тілге тиек еткен аймақ басшысы жаңа тағайындалған әкімге сәттілік тілеп, алда тұрған міндеттер тізбегіне де тоқталды.

Ұлытау – Қарағанды облысының ғана емес, еліміздің мәдени-рухани орталығы. Күні кеше ғана жарияланған Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Ұлытаудың аты аталып, киелі мекенді «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енгізу жобасы ұсынылды. Елбасының бұл бастамасы Ұлытау ауданы үшін тың игіліктерге жол ашады. Тек, соны ұтымды ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, аудан экономикасына инвестиция тарту мәселесін ширату қажет, – деді.

Актив жиынынан кейін Ерлан Қошанов аудан орталығында салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарының барысымен танысты. Аудандық емханада болып, өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген спорт кешеніне бас сұқты. Аз ғана уақыт ішінде сапасыз жүргізілген құрылыстың «сыры» мәлім болып қалған екен. Төбесінен тамшы ағып, сылағы құлап тұр. Олқылықтардың орнын толтыру үшін мердігер компанияны жауапкершілікке шақыру және сапасыз жұмыстарын қалпына келтіруді талап ету керектігін нақтылады.

***

Түстен кейін аймақ басшысының жұмыс сапары Сәтбаев қаласында жалғасып, облыс әкімі кеншілер қаласында қарқынды жүріп жатқан құрылыс нысандарында болды. Жуық мерзімде пайдалануға берілгелі тұрған үйлердің сапасына мән берді. Балалар ойын алаңдарын аралады. Бұл құрылыс нысандары – қала маңындағы кеншілер поселкелерінен қоныс аударғандарға арналып салынған тұрғын үйлер кешені. Өндірістік қажеттілікке байланысты, қоныстарынан мәжбүрлеп көшірілген тұрғындарға жаңа үйлері жайлы, қолайлы болуы шарт. Міне, осындай талаптарды қатаң сақтау керектігін тапсырған Ерлан Жақанұлы бұл құрылыстың барысы өзінің тікелей бақылауында болатындығын қадап айтты.

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың Жезқазған-Ұлытау өңіріне жасаған екікүндік жұмыс сапары Жезқазған қаласында қала ардагерлерімен кездесуде түйінделді. Жылы шырайлы жүздесудің өзегі – қаланың болашағы болды. Өңірді дамыту мәселелеріне қатысты аға буынның ұсыныс-пікірлері тыңдалып, барлық талап-тілектері есепке алынды.

Дамуы тұйыққа тірелгендей, тұрғындары тұңғиық ойға берілгендей күйге түскен өңір тынысына тың серпін келді. Облыс әкімінің бұл сапарын қарапайым халық осылай бағалап отыр. Біз де…

Ерсін МҰСАБЕК

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button