Жаңалықтар

Жетпістің керіп желкенін…

Елімізде саналы ғұмырын мектепке, білімге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған айтулы азаматтар аз емес. Солардың бірі – ұстаздықпен қатар, талантты да тағылымды басшы бола біліп, Еңбек ардагері атанған мәртебелі мамандық иесі, республикаға танымал жоғары санатты ұстаз, әдіскер, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Бағдат Қыстафина мерейлі 70 жастың желкенін керіп отыр.

IZOSOFT’S image
Disk 1 September IZ100

Оның өмір жолы сырт көзге кәсіби баспалдақпен өрлеген көп адамның өмірбаянын елестетер еді. Алайда, бұл ресми құжат қана. Онда адам баласының құлшыныс-бұлқынысқа толы ішкі сезімі, өмір жолындағы қилы кезеңдері қайдан көріне қойсын?

Бағдат Бахтиярқызы қай жұмыста болсын іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетіндігімен ерекше. Ізденімпаздық қасиеті – өз алдына бір төбе. Ең бастысы, өз мамандығына деген құштарлық пен адалдық оны талай биік асуларға жетеледі. Нәтижесінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудандық білім бөлімінің әдіскері, мектеп директоры қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарды.

Қарағанды қаласында кеншілер отбасында дүниеге келген. Бұрынғы Одаққа танымал белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, нағашысы Асылхан Данияровтың кеңесімен педагогикалық институттың филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдады.

Алғашқы еңбек жолын Нұра ауданы мектептерінде мұғалім болып бастады. Сол жылдарды еске алып, «Нұрада басталған ұстаздық жол менің маман болып қалыптасуыма, дамуыма үлкен үлес қосты», дейді ардагер ұстаз. Ел егемендікке қол жеткізбеген, Одақ шаңырағы опырылып ортасына түспеген кезең ғой. Сол кезде талапты ұстаз  оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілінен сабақ беріп, туған тіліміз тоқырамасын деп тер төкті. «Қазақстандық патриотизм – бұл мемлекеттілікті, қазақстандық мазмұнды ұғыну. Ол – Отанға деген адалдықты оқушы бойына сіңіру жолында еңбек ету» дейді Бағдат Бахтиярқызы. Сөйтіп, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту арқылы ардақты ұстаз саналы ұрпақ тәрбиелеуді көздеді.

Кейін, еліміз егемендік алған жылдары Б.Қыстафина облыс орталығындағы №36 орта мектептің директоры қызметіне тағайындалды. Оқу орыс тілінде жүргізілетін бұл мектепті бірыңғай қазақ мектебіне айналдыру жолында еселі еңбек етті. Нәтижесінде, бірер жылда білім ошағы қазақ мектебіне айналып шыға келді.

«Директор болып тағайындалған күннен бастап Бағдат апай мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау қажеттілігін түсінді. Мектептің материалдық базасын нығайтуға кірісті. Оқушылардың жан-жақты білім алуына қолайлы жағдай жасалып, ұжым шығармашылық жұмыстарға ден қойды. Қазір  «мектеп басшысы ретінде осы жұмысымда өнеге тұтатын ұстазың кім?» десе, ол Бағдат Бахтиярқызы дер едім» дейді сол кездері №36 мектеп директорының орынбасары болған, қазір С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінің директоры Салтанат Оразбайқызы.

Өзін қоршаған әр жанның талабын ұштап, қиялына қанат бітірген Бағдат Бахтиярқызы да «Өмір – мектеп. Мұғалім – әркімнің қолынан келе бермейтін ерекше талантты қажет ететін, адал адамға ғана жарасар мамандық. Ізденімпаз, жаңашыл, шәкіртін сүйетін мұғалім ғана оқушының жүрегіне жол таба біледі» дейді ағынан жарылып.

Өнегеге толы өмір һәм еңбек жолы ардақты ұстаздың адами келбетін әлі де болсын айшықтап келеді. Бүгінде Бағдат Бахтиярқызы – сүйікті жары, облыстағы білім саласының ардагері Қабылкәрім Ахметкәрімұлымен бірге немере-шөбере сүйіп отырған аяулы әже, ардақты ана. Орайлы сәтте, ұстаздығы ұлтқа үлгі болған Бағдат Бахтиярқызын 70 жасқа келген мерейтойымен құттықтай отырып, ұзақ  ғұмыр тілейміз.

Ғазиза СМАҒҰЛОВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ-дың аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button