Ғибрат

Жетпіс сегіз жылдан соң…

«Шет ауданынан кім бар? Ондағы Жастерек ауылының тумасы, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Медет Аманжоловтың сүйегі табылды» деген хабар әлеуметтік желілерді шарлағалы көп болған жоқ. Ел елең етіскен хабарға осы облысқа қарасты болған соң біз құлақ тікпейміз бе? Шет ауданы әкімдігіне хабарласып, Смоленск облысы, Темкинск ауданында жан тапсырған майдангердің ұрпақтарын тауып алып, мәселенің мән-жайын білдік.

Сонымен, Шет ауданы, Жастерек ауылында (қазіргі Тағылы ауылдық округі) 1919 жылы туған Медет Аманжолов атты жауынгер атамыз Алла қаласа, туған жеріне жеткізіліп, қойылмақшы. Қызыл әскер қатарында барлаушы болған майдангердің мүрдесін тауып, Қазақстанға іздеу салушы – Ресей  жастарының «Тризна» атты іздестіру бірлестігі. Бірлестіктің басшысы Кирилл Долинский майдангердің сүйегін тапқан бойда Мәскеудегі Қазақ диаспорасының жетекшісі Полат Жамаловқа ресми хат жолдаған да, онысы осы Полат Өнерұлынан өтіп, әлеуметтік желілер арқылы күллі Қазақстанды шарлап жүріп, екі-үш-ақ күн ішінде ұрпақтарына жеткен. Ресей іздестіру ұйымының мәлімдеуінше, Медет Аманжоловтың сүйегін Максим Федоров атты азамат окоптан тауыпты. Ол кісі екенін қайдан білген дерсіз? Мәліметтер майдангердің сүйегімен бірге шыққан. Соғыс кезінде барлаушылар құжатын өзімен алып жүрмеген деседі. Винтовка оғының ішін алып тастап, оған (гильзасына) барлаушының аты-жөні, туған жылы мен жері жазылған тілдей қағаз салынып, тығынын бұрап, киімінің бір жеріне тігіп жібереді. Оны «Капсула» дейді екен. Ғаламторда тараған хабарландыруда медальоны қоса шықты делініп жүргені сол капсуланың өзі. Яғни, винтовканың гильзасында барлаушымен бірге жүретін аз-кем дерегі. Гильзаның ішінде жатса да, әбден үлбіреп, оқылмауға айналған қағаздағы мәлімет көрініңкіремей, оқығанда қателескен болуы керек. Себебі, ресейліктер ресми хатында Медет Аманжоловтың туған жылы 1917 депті. Ал, кейіннен майдангерлердің архивтерде тұрған құжаттары жарияланған «pamyatnaroda.ru» сайтындағы мәліметтерде 1919 жылы туғаны көрсетілген. Ондағы жерленген жері де («Смоленская обл., Темкинский р-н, д. Сосницы») мына «Тризна» іздестіру бірлестігінің мәліметтерімен сәйкеседі. Шамасы, тек туған жылы анық көрінбей қалған болу керек. Кезіндегі Жезқазған облысынан шыққан «Боздақтар» кітабында да туған жылы 1919 деп берілген де, онда, бірақ, өлгенде қойылған жері шатастырылған. Смоленск деп облысы дұрыс көрсетілгенімен, ауданы «Усветском р-не, д. Алексеевка» деп қателескен сияқты. Себебі, жауынгердің сүйегін іздеп табушы тризналықтардың дерегі мен әлгі сайтта жарияланған архив құжаттары сәйкесіп тұр ғой. Мұның бәрін былай қойғанда, басты мәселе – сонау Ресейдің бір қиырында қалған қазақ жауынгері сүйегінің 78 жылдан соң табылып, ұрпақтарының құлағына жеткені. Кісі мүрдесінің өзі туған жерін көксеп жатады екен ғой деген ойға қалдық. Ұрпағының бақыты ғой. Мына індеттің беті қайтқан соң майдангер сүйегінің туған топырағына әкелініп, қойылатыны қуантты. Ол туралы ұрпақтары Ресей тарапындағы іздеп-табушылармен сөйлесіп, арада келіссөздер жүріпті. Бұйырса, адағы уақытта екі ел арасындағы елшіліктердің дәнекерлігімен, ұрпақтары мен іздеп-табушылардың септесуімен Медет Аманжолов атамыздың сүйегі туған топырағы Шет ауданы, Ақадыр кентіне жеткізілмекші. Жеңістің 75 жылдығындағы басты қуаныш – сол.

Ал, майдангер ұрпақтарының дені Ақадырда тұратынын біз аудандық «Шет шұғыласы» газетінің тілшісі Шыңғыс Мұқаевтан білдік. Және Шыңғыс мақаласынан мына жолдарды келтіре кеткенді жөн көрдік.

«Майдангердің әкесі Аманжол Құлмамыров та 1941 жылы соғысқа аттанды. 1944 жылы аяқ-қолынан жарақаттанып, елге оралды. Майданнан келген соң да, өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған «Жастерек» колхозында  тынымсыз еңбек етті. 1970 жылы дүниеден озды. Медет Аманжолұлының қарындасы Зағжан Аманжолқызы бертінде 2002 жылы дүниеден өтті, балалары өсіп-өнген. Майдангердің ағасы Қуат Аманжолұлы 1936 жылдан бері Ақадырдағы теміржол саласында жұмыс істегендіктен, майданға шақырылмаған, алайда, тылдағы еңбек майданының ортасында жүрді. Қуат Аманжолұлының төрт қыз, бір ұлы бар, ұлы Мұрат Аманжолов та ғұмыр бойы Ақадырда теміржол саласында еңбек атқарды, бұл күндері зейнеткер. Екі қыз, екі ұлы бар. Бір ұлы Арман Аманжолов Қарағанды облыстық әкімдігінде бас маман болып қызмет атқарады, бір ұлы Абылай Аманжолов Ақадыр кентінде шағын кәсіпкер. Жалпылай айтқанда, майдангердің барлық ұрпақтары өсіп-өнген.

Майдангердің ұрпағы Мұрат Аманжолов: «Бала күнінде Медет әкеміз қыстыгүні 1 отар қой бағып жүреді, 3 күн бойы ақтүтек боран болады да, іздеушілер Медет әкемізді де, 1 отар қойды да таба алмай әуреге түседі.

Медет әкеміз 1 отар қойды қарағанға қамап, өзі үсіп қалмас үшін қарағанның маңайында әрлі-берлі жүгіріп, екі қошқарды қатарынан жатқызып, әлсін-әлсін ортасында отырып жылынған, ұйқыға да шыдаған. Солайша, өзін де, 1 отар қойды да аман-есен алып қалған екен. Сол кезде Медет әкеміз небары 11 жаста екен, осы өжет әрекетін атам Аманжол айтып отырушы еді. Соғыстың алдында Медет әкеміз әскер қатарына шақырылады, көп уақыт өтпей соғыс басталып, майданға аттанады. Соғыста жүргенде соңғы хаты 1942 жылы келген екен, «Смоленск түбінде ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз да сол жылы келіпті», – дейді. Шыңғыстың материалынан алынған үзінді осы.

Ал, біз хабарласып, жоғарыда келтірген деректерді алған Арман Аманжоловтың қуанышында шек жоқ. «Мына індеттің беті қайтқан соң, атамыздың сүйегін елге әкелу жағын қарастырып қойдық. Ресей жағының айтуынша, аса қиын шаруа емес көрінеді. Өйткені, бұған дейін талай рет жұмыс тәжірибелерінде бастарынан өткерген, жолын біледі екен. Шет аудандық әкімдігінен «Тризна» іздестіру ұйымының басшысы Кирилл Долинскийдің атына арнайы ресми хат жолданса, ол жақтағы елшіліктің дәнекерлігімен шешіле беретінін айтты. Ол кісілермен қазір біздің Ресейдегі елшілік те байланыс та отыр. Негізі, Жеңіс мерекесіне дейін әкелуге де болар еді, оған мына індет жібермей тұр, мұның беті қайтпай, қимылдай алмаймыз», – дейді Арман аға.

Сонымен қатар, Арман Аманжолов жауынгер атасын іздестіріп, табушы ресейліктер мен елшілік азаматтарынан бөлек, мәскеулік Теміртаудың қазағы Асылбек Төлешов атты азаматтың болғанын да қаперлеп өтті. Ол кісі осы тақырыпта бұрыннан зерттеу жазып, еңбектер жариялап жүрген қазақтың бірі көрінеді. Сүйегі табылған майдангер атамыз туралы деректер жіберіп, ақпараттық қолдау білдірген ұрпақтарына.

Әзірге бары – осы, ағайын. Алда бұл тақырыпқа қатысты әлдеқандай жаңалықтар болып жатса, бөлісе отырамыз.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button